ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕНДЕР, құрметке бөленгендер

     Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, Қарағанды қаласында өткізіліп жатқан игі істер мол. Соның бірі – «Замандас – 2016» байқауы.

Жуырда байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Салтанатты іс-шараға шаһар басшысы Нұрлан ӘУБӘКІРОВ қатысты.

Қуатты Қазақстан өз жетістіктерін әлемге паш етті. Бейбітшіліктің бесігіне айналған мемлекетіміздің абыройы асқақ. Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесінде, өркениет жолындағы көшіміз – ілгері, әлеуетіміз – зор, – деді Нұрлан Ерікбайұлы.

«Замандас» дәстүрлі байқауын ұйымдастырудағы мақсат айқын. Еңбек адамдарын елеп-ескеру, оларға құрмет көрсету. Мұндай қадам, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындаудың бір ғана парасы.

Әлеуметтік маңызы бар байқау Қарағанды қаласында осымен тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Кезекті рәсімге еңбек ардагерлері, ғалымдар, Елбасы замандастары және жастар жиналды.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері мен Қарағандыдағы өнер ұжымдары іс-шараның көрігін қыздырды. «Жасасын Қазақстан Елбасы бастаған» тақырыбындағы әуенді-сазды бағ­дарлама ұсынды.

Әдеттегідей, биылғы байқауға да қаланың, облыстың, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдары қатысты.

Үстіміздегі жылы байқаудың ауқымы кеңи түскен. Бірнеше жаңа аталымдар енгізілген. Әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер тарапынан байқауға қатысуға 19 үміткер ұсынылған.

Нәтижесінде, бес аталым бойынша топ жарғандар марапатталды. «Ата мұра» аталымында – Зәуреш Сақтағанова, Жаңагүл Тұрсынова, Айдос Смағұлов көш бастады. «Шығармашылық табыс» аталымында әнші Дулат Ахановтың аты озды. «Қарағандылық қайырымды жандар клубының» басшысы З.Шалабаева «Халыққа қызмет ету» аталымына лайық деп танылды. Зейнеткер А.Казырский «Қала патриоты» атанды. Ал, «Ғылым мақтанышы» деген аталым ҚарМТУ ректорының бірінші орынбасары Р.Жұмашевқа бұйырды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.