Бас тақырыпМәселе

Дриждің арманы 

Қарағанды жұртына метанның не екенін түсіндіру артық. Жеті қат жер астындағы кеншіге метаннан қауіпті жау жоғы жақсы мәлім. Әйтсе де, жүздеген жанның өмірін жалмаған сол «дұшпанды» дегенімізге көндірсек, бір оқтың екі емес, үш қоянды қағып түсіргені. Біріншіден, ауаға зиян азаяды. Екіншіден, арзан энергияның тізгіні қолға тиеді. Және ең бастысы – шахтер өміріне ұдайы төніп тұрған қауіптің бұлты сәл сейіледі…

Жел тынса, тұншығатын кеншілер қаласы көгілдір отынға мұқтаж. Қойны-қонышына метан тұнған Қарағанды ол мұқтажды алыстан арбаламай-ақ қойса да болар еді. Мұны көзі тірісінде ғалым Николай Дрижд те айтыпты. Тіпті, күнделікті тұрмыста метанды жағатын күнді көруді де армандапты. «Шәйнегімді метанға қайнатып, шекем шылқып отырып шәй ішсем» депті жарықтық…

Жалғыз генератор тоқтап тұр

Түсініп алайық, көмір бар жерде метан газы міндетті түрде болады. Көмір қабаттарында «тығылып жатады». Қайладан ұшқан ұшқын жеткілікті, лап етіп тұтанып, көмір тозаңына от береді. «Ең сорақысы – көмір тозаңының өртенгені. Тозаң қоюланған сайын жарылыс та қуатты болады», – деп еді екі жыл бұрын «Қазақстан» шахтасына түскенде учаске бастығы Ринат Гафаров. Метанның иісі, түсі, дәмі жоқ. Адам сезбейді

КСРО Мемлекеттік сыйлығын екі мәрте иеленген Николай Дрижд метанды зерттеуде ауқымды шаруаның басын қайырды. Тәжірибелі шахтер Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде метан энергиясы зертханасын құрып, теория мен практиканы ұштастырды. Геологиялықбарлау жұмыстарына атсалысты. Бірқатар ұңғыманың іске қосылуына мұрындық болды. 

«Қарағанды көмір бассейні – әлемдегі метаны мол бассейндердің қатарында. Табиғи газдың тазалық мөлшері 60 пайызға жуықтаса, метан тазалығы 99,3 пайызға тең. Ал, біз сонау Маңғыстаудан газ тартып әуреміз. Әрине, көмір қабатындағы газды игерудің де машақаты аз емес. Десе де, батыстан құбыр тартудың шығыны осы өндірісті қолға алуға жұмсалса, әлдеқайда ұтымды болар ма еді?! Бұл жұмыстар Кеңес тұсында азды-көпті атқарылды. Қырық жыл бұрын Қарағанды шахталарындағы қазандықтарда пайдаланылды. Кейін бұл жұмыс жайына қалды. Енді, қайта қалпына келтіру оңай емес. Үкімет деңгейінде қолдау қажет. Қолдау тапса, қаржылық пайдасымен қатар, шахтерлер өлімін азайтуға да септігін тигізер еді», – деді бір сұхбатында ғалым.

Ел билігі «жасыл экономикаға» бет бұрған жылдары метанға көңіл бөліне бастады. 2011 жылдың соңында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Ленин атындағы шахтада газ генераторы іске қосылды. Облыс пен компания басшылығы қатысқан салтанатты рәсімде генератордың жобалық қуаты 1,44 МВт екені айтылды.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, алынған электр энергиясы кәсіпорын қажетіне жаратылды. Шахтаның электр шығынының 10 пайызын жауып тұрды. Дегенмен, 2021 жылдың наурызында істен шыққан генератор қазір тоқтап тұр. 2015 жылы бір поршенін күтіп, тоғыз ай шетелге қарап отырғаны барды. Компания сол мехнатынан қашқандай…

Метан қоры мол

Кез келген жұмыстың басында экономикалық тиімділігі ескерілері анық. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының есебіне сүйенсек, 1 тонна көмір 510 текше метр метанның жылу энергиясын береді. Компанияның барлығы дерлік орталықтарында тұрған КВТС-10 қазандығына бір тәулікке 50 тонна көмір қажет. Егер, жер астынан тегін көтеріліп тұрған метанды тұтынса, жылына бір қазандық 18 мың тонна көмір үнемдейді. Тек, метанның концентрациясы 30 пайыздан кем түспеуі тиіс.

Экологиялық тиімділігіне келсек, 1 тонна көмір жанғанда 35 келі шаң, 4 келі күкірт оксиді, 9 келі көміртегі және 1,5 келі азот ауаға ұшады. Бұл, әрине, түтін тазалау қондырғылары дұрыс жұмыс істеп тұрса. Ал, метан жанған уақытта тек су мен көмірқышқыл газы бөлінеді.

АҚШ Газ технологиялары институтының болжамынша, Қарағанды көмір бассейніндегі метан қорының көлемі 500 млрд. текше метрден 3 трлн. текше метрге дейін жетеді. Ал, жергілікті ғалымдар басқаша мәліметтер ұсынады. Және бұл қор Қарағанды облысы үшін жеткілікті десе де, өндіру технологиясы күрделі екен.

– Қарағанды бассейніндегі метанның болжамды ресурстары 850 млрд. текше метрден 1 трлн. текше метрге дейін жетеді. Облысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті метан қоры бар. Дегенмен, барлық мәселе газдың көмірмен байланысқан күйде болуында. Ал, көмір қабаттарының өткізгіштігі өте төмен. Тік ұңғымалар (гидравликалық жарылуы бар) Қарағанды бассейні жағдайында тұрақты тауарлық метан ағынын қамтамасыз етпейді, – дейді ҚарТУ проректоры Әсет Ракишев.

Шерубай-Нұра аумағын мысал еткен проректордың айтуынша, мұнда тік ұңғыма технологиясы шығынды ақтамайды. Бұл жерде басқа формадағы ұңғымалар жемісін беруі тиіс.

Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпаратына сүйенсек, Шерубай-Нұрада бұған дейін «Сарыарқа «ӘКК» АҚ «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлескен жобаны қолға алды. 2014 жылы 3 жыл мерзімге барлау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасаған-ды. Алайда, әлемдегі мұнай бағасы төмендеуінен нарықтағы жағдай қиындап, «ҚазТрансГаз» жобаны белгісіз уақытқа дейін шегеріп қойды.

Газ өндірісін тау-кен жұмыстары жүргізілмеген жерлерде қолға алған ұтымды. Топырақ түртілмеген соң метанның да мұрты бұзылмай жатады. Көмір департаментінің мәліметінше, «Саранская Глубокая», «Тентек-10» учаскелері – метан өндіруді жолға қою үшін таптырмас орын. Алайда, компания аталған телімдерден көмір қазған пайдалы деп тапса, метанның желге ұшқаны.

Жақын да болса алыс метан

Қазір «АрселорМиттал Теміртау» метанды ішінара кәдеге жаратып отыр. Мәселен, Ленин және Абай шахталарындағы қазандықтар газдың күшімен жұмыс істеп тұр. Келешекке құрылған жоспар да баршылық.

Көмір департаменті метанды қолдану бойынша 2030 жылға дейінгі бағдарламаны әзірледі. Бағдарлама 10-12 газ генераторының жұмысын жолға қоюды көздейді. Жалпы қуаты 15 МВт-ты еңсермек. Үш нүктеге қондырғы қойылады. Яғни, алғашқысы – Күзембаев, Саран, екіншісі – Абай, тағы бірі – Қазақстан, Ленин және Тентек шахталары аумағында тұруы мүмкін. Сондай-ақ, биылдан бастап Тентек шахтасындағы Д6 және Т1 пласттарындағы газды азайту үшін ұңғымалар қойылмақ.

Кейінгі тымық күндер Қарағандыда газдандыру мәселесінің өткір тұрғанын кезекті мәрте көзге шұқып көрсетті. Тура мағынасында. Түтіннен керілген пердеден таяқ тастам жердегіні көруден қалдық. Облыста газдандыру бағытында ауқымды шаруа қолға алынғанын білеміз. Дегенмен, осы шаруаның құлағынан ұстап, басы-қасында жүруге міндетті облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сылбыр қимылына қарап, көкейге күдіктің ұялағаны рас: «алысқа ұзай аламыз ба?». 22 желтоқсанда жазған хатымызға арада бір ай өте әрең үн қатты. Мемлекеттік тілдегі сауалымызға кеше, яғни, бет қатталып жатқанда қазақша-орысша араласқан жауап түскеніне шүкір дедік. Аталған басқарманың мәліметінше, былтыр көмір департаменті шахталардан 270,16 млн. текше метр метан шығарыпты. Оның 194,61 млн. текше метрі – қомақты бөлігі атмосфераға кеткен.

Жоғарыда айтқан әңгімеміз – тек, өндірістік мақсаттағы газды өндіру мәселесі. Дені – жоспар, жоба, қағаз бетінде тұр. Жақын да болса алыс метан. Ал, шетелдіктер өндірісті былай қойғанда, көлікке де метан құйып алған қазір.

Дрижд армандаған күннің ауылы – әлі түу сонау алыста…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button