Жаңалықтар

Достың жөні бір басқа

Өмір деген көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Бұл табиғи заңдылық. Әйтсе де осынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда соңына мәнді де сәнді, өнегелі үрдісін қалдырып дос-жаранының жадында жатталып қалған жандар да болады. Сондай аяулы азаматтардың бірі де бірегейі ағамыз әрі досымыз Сарқан Ережепұлы Зейнешевтің бақилық болғанына бір жыл толып отыр.

Қиындықтың адам баласын қатайтып, шынықтыратындығы да рас шығар. Өйткені, жастайынан жетімдіктің тауқыметін көріп өссе де мойымай жігерін жанып қажырлы еңбек етуінің арқасында еліне елеулі, халқына қалаулы азамат атанды. Қарқаралыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын аяқтағаннан кейін жоғары білім алып, ауыл шаруашылығы саласының бесаспап маманы болды.

Сарқан Ережепұлы мықты ұйымдастырушы, өз ісін жетік меңгерген білікті де білгір басшы бола білді. Өзінің саналы ғұмырында көптеген лауазымдық қызметтерді барынша тиянақты әрі іскерлікпен атқарып, облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының өсіп-өркендеуіне елеулі үлесін қосқандығын біздер жақсы білеміз. Мәселен, ол сол кездегі Қарағанды облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде жауапты қызметкер, бұрынғы Талды аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, сондай-ақ, совхоз директоры тағы басқа да лауазымдық қызметтерді аса үлкен жауапкершілікпен атқарып, халқының қамын ойлағандығына өзіміз куәміз.

Сарқан Ережепұлының тағы бір ерекшелеп айтар қасиеті досқа деген шексіз адалдығы, өте принципшілдігі, әділеттілігі және әр нәрсеге де шынайы төрелік айтуы дер едік. Біздер Сарқан досымызбен жарты нанды жарып, бүтінін бөліп жедік десек, шынайы шындығымыз. Сонымен қатар, досымыз келісті келбетімен, жүріс-тұрысымен, байсалды мінезімен, сұлулыққа деген құштарлығымен ортамызда ұдайы ерекшеленіп жүретін. Ол сонымен бірге ұядай ұйысқан, бірлігі мен беріктігі тоғысқан үлкен отбасының отағасы атанды. Немерелерімен шөбересінің балдай тәтті қылықтарына кенелді. Бұл да бір шүкірлік айтар жағдай. Ал, бүгін Сарқан досымызды еске ала отырып жатқан жері жарық, топырағы мамық болсын деп, дұға бағыштаймыз.

Еске алушы достары:

Р.Омарбекова,

Б.Быхина,

Ш.Смағұлова,

Д.Бұрханова.

М.Райымбеков,

Ғ.Медеубаева,

С.Абилова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button