Баспасөз мәслихаты

«DosStar» фестивалі: өнерде ұлт жоқ

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрында «DosStar» оперетта мен мюзикл фестивалі өтті. Дәстүрлі шара еліміздің ірі театр саңлақтарымен қоса, Санкт-Петербург, Киев, Харьков және Баку қалаларының өнер ұжымдарының басын қосты. Фестивальде көрерменге ұсынылған «Домалақ ана» операсы идеясының авторы ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫНЫҢ Арқа жеріне келуі – айтулы шараның мәртебесін биіктетті. Өнер шеруі әрдайым жаңа эмоциялар әкелуімен қатар, өнер иелеріне жаңа достар мен тың шабыт сыйлады. Киевтен келген халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты Петр ЧЕЛЯЛИ фестивальдің әрдайым оперетталар мен мюзиклдер сынды тамаша музыканы тыңдауға мүмкіндік беретіндігін, әртістердің жұртшылықпен энергия алмасуға таптырмас сәт екендігін айтады. Фестиваль қонақтары арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында бұл жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Фестиваль 17 желтоқсанда ҚАМКТ-да ашылып, Челябі театрының әртістерінің орындауында «Заманауи би кеші» қойылымы өтті. 18 және 19 жел- тоқсанда Кеншілер мәдениет сарайында «Золотая маска» сыйлығының лауреаты Сусанна Цирюк (Санкт-Петербург) ұсынған В.Баскиннің «Призрак замка Кентервиль» мюзиклінің премьерасы болды. Дүйсенбі, 20 желтоқсанда Украинаның еңбек сіңірген әртісі Элеонора Джуликтің «Магия оперетты и мюзикла» шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Ал, 21 желтоқсанда Шымкент опера және балет театры Қарағанды МҮ сахнасында «Домалақ ана» операсын ел назарына ұсынды.

– Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры сияқты, Киевтегі театрымыз да көпжанрлы: бізде мюзиклдер, опералар мен оперетталар бар. Гала-концертте мен «Көңілді жесір» опереттасынан Граф Данилдің ариясын ұсындым, «Цирк ханшайымынан» дуэттер, «Нотр Дам» мюзиклінен композициялар орындалды. Маған ең жақын мюзикл жанры, опереттадан бастасам да, мюзикл эстрада мен опереттаның арасында бірдей болып көрінеді, ал бізде бұл жанр көрермендердің қалауы бойынша көш бастап тұр. Жақында біз «Дориан Грей» мюзиклін шығардық, бір-екі апта бұрын «Амадеус» драмалық операсы шырқалды, – деп бөлісті Петр Челля.

Санкт-Петербург музыкалық комедия театрының солисі Иван Корытов өзінің сахнадағы әріптесі Тамара Котовамен бірге оперетта жанрында 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді және олардың театры оперетта гүлденген кездегі даму кезеңінің бастауында тұрды. Бұл – 2005-2006 жылдар еді. Біраз уақыттан кейін театр көптеген еуропалық театрлармен ынтымақтасып, көрнекті режиссер һәм дирижерлермен жұмыс істей бастады. Қарағандыға әртістер өз театрының жаңа қойылымдарының бірін әкелсе, екіншісі Тамара мен Иван үшін классикаға айналған «Марица» қойылымынан алынған.

– Жалпы, бізге «Марицаны» немесе «Вампирлер добын» ойнау ұнай ма, ұнамай ма?» деп ойламаймыз, бұл әр түрлі нәрсе, бірақ олардың барлығы әртіс үшін бірдей қызықты және сүйікті екені анық, – деп тебіренді Иван.

Ал, Тамара: «Көп нәрсе қай серіктеспен жұмыс істеуге байланысты, ол жайлы және үйлесімді жұмыс істеген кезде, кез келген қойылым жанды әрі ойнауға қызықты» деп толықтырды.

Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Фарид Әлиев «DosStar» фестивалінің 10 жыл бұрын қалай басталғанын есіне алып, әр жолы фестиваль географиясының кеңейіп, жақсарып келе жатқанын айтады. Осы кездесулердің арқасында Фарид әлемнің түпкір-түпкірінде көптеген жаңа достар тауыпты. Ол үшін оперетта жанры жанының бір бөлшегі болып қала бермек. Фарид өзінің алғашқы қадамдарын Баку оперетта сахнасында «Көңілді жесір» қойылымында жасағанын айрықша атап өтті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button