Әділет жолын нұсқаған құжат

Осыдан жиырма төрт жыл бұрын егеменді ел болып, іргесі қалана бастаған жас тәуелсіз мемлекеттің халқы Елбасымен бірге өз бағытын айқындап, ата-бабаларымыздың аңсаған арманы орындалып, құнды заң құжатын қабылдаған болатын. Бүгінгі күнді осы Ата Заңымызбен еліміздің тірегі – мықты, тәуелсіздігіміздің тұғыры – биік.

Еліміздің Ата Заңы – халқымыздың тәуелсіз мемлекет болуды армандаған мүддесін заңдық тұрғыда түсіндіретін, Қазақстан мемлекетінің айнасы болған құқықтық құжат. Осылайша, дүйім жұрт болып қабылдаған Негізгі Заң – Қазақ еліндегі мемлекеттік тұрақтылық пен экономикалық және қоғамдық дамуды қамтамасыз етудің дәнекеріне айналғаны мәлім. Ата Заңымыз мемлекетіміздің негізгі құқығын қамтамасыз ететін демократиялық қағидаттарды белгілеп берді. Ондағы адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, заңды мүдделерінің мемлекетпен қорғалуының қамтамасыз етілуі маңызды.

Конституция – Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап дайындала бастады, қабылданудан бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы – егемендіктің иесі, республикадағы мемлекетік биліктің жалғыз қайнар көзі. Заңда белгіленген барлық тұжырым-қағидалар өмірдің барлық салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға жағдай жасап отыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізі, басты нормативтік актісі. Онда қоғамдық өмірдің барлық салаларын өз нәрімен сусындататын зор ауқымды саяси-құқықтық күш жинақталған. Ол мемлекеттік және қоғамдық құрылысты, оның болашаққа бағытталған ұйымдастырылуы мен қызметі ұстанымдарын белгілейді. Конституция сондай-ақ, ұлттық құқықтың барлық салаларының да қайнар көзі болып табылады. Сондықтан, оған басқа нормативтік-құқықтық актілерде кездеспейтін сипаттар тән.

Кез келген мемлекет өзінің алғашқы бастамасын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, тарихи жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты Алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болды. Осы пікірлерімізге тарихи дерек те дәлел бола алады. XVII-XVIII ғасырда Қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елді сақтап қалатын шараларды қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы кезде Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Есім ханның ескі жолы» мен «Қасым ханның қасқа жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты.

Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап-ақ, Қазақстан тұрғындарының алдында, ең алдымен, Қазақстан мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау міндеті тұрды. Бұл орайда, демократияны дамыту – меншік қатынастарын реформалау мен нарықтық экономикаға өту, экономиканы тығырықтан алып шығудың, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы.

Біздің мемлекетімізде барлық азаматтардың теңдігі, барлығының заң алдындағы бірдей жауапкершілігі, кімнің қай ұлтқа жататындығына қарамастан, бірдей екендігі әуелден-ақ нақты көрсетілген. Мұндай жағдайға ұлттық мәдениетті, тілді өркендету, қазақ диаспорасының рухани-мәдени және басқа да байланыстарын қалпына келтіру, олардың өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады. Басқа елдер деңгейімен салыстырмалы түрде алғандағы экономикалық байлыққа қол жеткізудің алғышарты – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландырған тұрақты құқықтық мемлекет құру болып саналады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін одан әрі нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты құжаты.

Айтулы жетістіктер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығының, салиқалы саясатының және бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Конституциясының нәтижесі деп түсінеміз. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясын, халыққа арнаған Жолдауларын мемлекеттік органдар мүлтіксіз жүзеге асырып, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздің байлығын молайтуға, қорғаныс қуатын арттыруға өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.

Самат РЫСЖАНОВ,

Ақтоғай аудандық сотының судьясы.