Әділдік — әкімнен, төрелік — халықтан

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ елдің өтініш-тілектерін тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда елімізде «Бірыңғай азаматтарды қабылдау күні» өтті. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК те өңір тұрғындарын қабылдап, түйткілді мәселелердің мәнісіне үңілді. Алдына келген әр тұрғынды байыппен тыңдап, пайымды жауабын берген, қажет жерінде қала және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына мәселені реттеуді тапсырған аймақ басшысына халық та риза болып тарқасты.

Облыс әкіміне өңір тұрғындарынан барлығы 100-ден аса сұрақ келіп түскен екен. Басым бөлігі – жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі, жеке сипаттағы мәселелерін шешуге көмектесуін сұрай келгендер. Одан бөлек, қалалардағы жол жағдайы, көшелерді, аулаларды абаттандыру, кәріз жүйелеріне қатысты сұрақтар да бар. Қойылған сұрақтың қатыстылығына қарай, басқарма басшыларының, аудан және қалалардан келген әкімдік өкілдері де тиісті жауаптарын беріп отырды.

Мәселен, осыған дейін Шахтинск қаласында қауіпсіздік мақсатында орнатылатын бейнебақылау камераларын орнатуға және олардың тиісті түрде жұмыс жасауына жауапты болған кәсіпкер Владимир Лякишев әкімдік тарапынан тендерге қатысуға кедергі келтіріліп отырғанын айтып, шағымданды. Кезінде атқарған жұмысы үшін тиесілі төлемін ала алмаған Владимир Владимирович әкімдікті сотқа беріп, жеңіп те шыққан. Бірақ, осыдан кейін, тендерге қатысатын құжаттары сай болса да, қатысу мүмкіндігінен айырылған.

– Егер кәсіпкердің айтқандары расталса, әңгіме басқаша болады. Онда көрсетілген қызметке әкімдік тарапынан төленбеген қаражатты төлетуге міндеттеме алады. Ал, әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстар дұрыс болса, онда ренжімейсіз, – деген Жеңіс Махмұдұлы Мемлекеттік қызмет агенттігі қызметкерлерімен бірге тәуелсіз тексеріс жіберетінін айтты. «Егер әкімдік тарапынан кәсіпкерге шынымен қысым көрсетілгені және көрсетілген қызмет үшін қаражат төленбегені расталса, осы салаға басшылық ететін Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары жұмыссыз қалып, содан кейін мемлекеттік қызметті маңайлай алмайтын болады. Осыны айтып, қала әкімін де ескертіңіз» – деді ол.

Ал, мемлекет тарапынан тұрғын үйге мұқтаж жандарға жалға берілетін пәтерден айырылып қаламын ба деп, уайым шеккен Д.Барпарова қазір екінші топтағы мүгедек. Соттаса жүріп, баспанаға қол жеткізген ол Осакаров ауданының әкімдігіне шағымдана келген. Жасы келген шақта осынша әуреге салғандар тиісті жазаларын алса дейді. Аудан әкімдігінің өкілі өздерін қанша ақтауға тырысқанымен, облыс басшысының қаһарынан тыс қалмады.

Аудан тұрғындарының үй мәселесін бір дегенде шешуге болмады ма? Әлде, үй беру үшін адамды мүгедектікке дейін жеткізу керек болды ма? – деген Жеңіс Махмұдұлы тексеріс жіберіп, кінәлілер жазасын алады деп сендірді Д.Барпарованың өкілі А.Әкімбековті.

Облыс әкімімен кездесуге келгендердің ішінде төлемеген несиелері үшін «сот орындаушылары өміріме қауіп төндіруде» деген шағыммен келгендер де бар. Бірақ, несиені пайдаланып, төлеуге міндеттеме алған соң, ешқайда қашып құтыла алмасың анық, заң бәріне ортақ. Дегенмен, жұмысы жоқтарды жұмысқа орналастырып, тиісті көмек берілетіні де айтылды кездесуде.

Бірнеше жыл үй кезегінде тұрып, пәтер ала алмай жүрген көпбалалы аналар да кездесуге жазылыпты. Бұған дейін облыста тұрғын үй кезегі жылжымағанымен, биылдан құрылыс қарқын алды, оның үстіне, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар да біраз мәселенің бетін қайырды. Келесі жылдан бастап, тұрғын үй салу жоспары биылға қарағанда екі есеге дейін артады деген жоспар бар. Осыған орай, тұрғындарға тиісті жауаптар беріліп, кезек келгенде ешкім де баспанасыз қалмайтыны айтылды.

Жол мәселесі, кәріз, газдандыру жайын қозғай келгендерге де тиісті жауаптар берілді. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров осы жұмыстар үшін жергілікті және мемлекеттік бюджеттен арнайы қаражат бөлінетіні және жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын түсіндірді.

 Қабылдауға кезінде бір-ақ күннің ішінде үйіндіге айналған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің үлескері де келіпті. Шағымданушыға сотқа жүгініп, кінәлілерден шығын сомасын өндіріп алу туралы ұсыныс жасалды.

Сонымен, «Бірыңғай азаматтарды қабылдау күнінде» халықтың тілегі айтылды. Көптің сөзін тыңдап, әр өтінішке қатысты әділ төрелігін айтып, аудан, қала әкімдеріне билігін орынды жұмсауды да ескерткен аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек сол күні алпысқа тарта адамды қабылдап, 100ден аса сұрақтың оңтайлы шешілуіне ықпал етті.

Салтанат ІЛИЯШ