Медицина

Диализ: мемлекет емдеуге мүдделі

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітілді. Жоба көздеген бірнеше бағыт пен мақсат бар. Қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек бағыты – біріншісі. Ол түсінікті де. Науқасқа қажетті ем-дом мен тиісті көмек дер кезінде әрі толық көрсетілуі тиіс. Бұл әсіресе, аппаратқа жіпсіз байланған бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар үшін маңызды. Себебі, диализ орталықтары олар үшін өмірлік қажеттілік. Бір айтары, аймақтағы мұндай нау­қастар көмекпен толық қамтылған.

Аймақта бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған науқастар үшін көмек көрсететін B.B.Nura, Diaverum, Nefro Care KZ, Нефрос Азия сынды алты фирма бар. Олардың облыс орталығынан бөлек қалалар мен аудандарда филиалдары жұмыс істеп тұр. Мәселен, Diaverum-нің диализ орталықтары Шахтинск, Топар қалалары мен Осакаров және Қарқаралы аудандарында орналасқан.

– Қазір облыс бойынша 625 адам диализге барады. Олардың орташа жасы 30-дан 60 жас аралығында. Дегенмен, 20 жасар нау­қастар да бар, – дейді облыстың бас нефрологы Елена Капинос.

Бүйрек жеткіліксіздігі бүгінде жиі кездесетін дертке айналды. Былтыр Ұлытау облысымен бір болғанда 120-150 адам шамасында анықталыпты. Биыл бірінші тоқсанда 25 адамның аталған дертке шалдыққаны тіркеліп отыр.

– Жыл соңына дейін шамамен жүз шақты адам болатын шығар, – дейді Елена Викторовна.

– Қант диабеті мен жоғары қан қысымы бүйрек жеткіліксіздігіне алып келеді. Сондықтан, осы екі дерт болса, бүйрек сыр береді деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, бүйрек жеткіліксіздігінің бастапқыда қандайда бір белгілері байқалмайды. Белгілер ауру асқынған кезде ғана көрінуі мүмкін. Бөлек шағыммен басқа мамандарға барғанда анықталуы мүмкін.

Дегенмен, мамандардың айтуынша, дерт анықталған бетте науқас толығымен бақылауға алынады. Орын күтеді дейтіндей емес.

– Бір жақсысы, бүйрек жеткіліксіздігі анықталған бетте науқас диализ орталығына барады. Айлап орын күту деген жоқ. Баратын орталығын өзін таңдайды. Ем тегін. Бір сеанс 35 мың теңгедей. Ол аптасына 3 рет баруы керек. Сонда бір адамға аптасына 100 мыңнан астам теңге керек. Жылына бір адамды диализбен қамтамасыз ету үшін 5 млн. теңгеден астам ақша қажет. Бұл – мемлекеттің қолдауы, – дейді дәрігер.

Диализ аппаратына тәуелді дегенімізбен, оны алатын адамдардың өмір сүру ұзақтығы жоғары екен.

Елена Викторовнаның айтуынша, өмір сүру ұзақтығы аурудың анықталған уақытына байланысты.

– Диагноз ерте қойылса, жақсы. Жас болса, өмір сүру ұзақтығы да жоғары. 20 жылдан бері диализге барып жүрген адамдар да бар. Орталықтардағы аппаратураның барлығы заманауи. Тиісті көмек көрсетіледі, – дейді ол.

Айтарлығы, олардың барлығы бүйрек трансплантациясын күтуде. Былтыр облыс бойынша 20 бүйрек трансплантациясы жасалса, биылғы бірінші тоқсанда – екеу жасалды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button