Диқандар дән себуде

Алдымен Серік Шайдаров Осакаров ауданындағы «Садовое-К» ЖШС, «Әубәкіров» және «Салтанат» шаруа қожалықтарының алқаптарына барды. Мұндағы диқандар науқанға дайындық барысында қажетті тұқымын жеткізіп, техникасын сайлап алған. Қазір барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары «Салтанат» шаруа қожалығы салып жатқан 600 басқа арналған сүттауарлы фермасы мен «Садовое-К» ЖШС қолданысындағы ферманы аралады.

Нұра ауданында облыс әкімінің орынбасары «Қарой» ЖШС-де болып, Заречный ауылында «Ақмаржан», «Акупов», «Береке» және тағы басқа шаруа қожалықтар басшыларымен кездесті.

«Қарой» ЖШС басшысы Виктор Приб сүтті мал шаруашылығын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Серік Шайдаров мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде, құрылыс-монтаж жұмыстарына, техника, жабдықтар мен жемшөп сатып алуға және асыл тұқымды малға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібін түсіндірді. Виктор Прибке жобаны кеңейтуді, сандық технологияларды енгізумен мал шаруашылығы базаларын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды, қолдан ұрықтандыруды қолдану арқылы жоғары тұқымды өсіруді ұсынды. Жобаның өзін әкім орынбасары қарыз қаражатын тарту арқылы жүзеге асырған жөн деп атап өтті.

«Ақмаржан», «Акупов», «Береке» шаруа қожалықтары басшыларымен кездесуде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және ауыспалы егісті сақтай отырып жерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

– Біз көктемгі егіс жұмыстарына кірісіп кеттік. Алқаптық жұмыстарда әрекет ететін барлық техника алдын ала дайындалған, шаруашылықтар жеткілікті мөлшерде арзандатылған дизель отынымен және тұқымдық материалдармен қамтамасыз етілген, – деді «Ақмаржан» шаруа қожалығының басшысы Леонид Полеводин.

Кездесуге қатысушылар тыңайтқыштар мен пестицидтер құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту және тағы басқа сұрақтарына жауап алды.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары аудандар басшылықтарына науқанды дер уақытында аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.