Денсаулық кілті Спортта

    Қазіргі өскелең ұрпақ компьютердің алдында отырып, атыс-шабыс ойынының құлы болып кетті деу – ағаттық. Әріптесім Дархан СҚАҚОВ екеуміз оқушыларымыздың дене тәрбиесі пәніне деген қызығушылығын, талпынысын арттыру мақсатында әртүрлі жаттығулардың көмегімен жоғары жетістіктерге жеттік.

Осы өнерді өміріне өзек етіп алған №54 орта мектептің оқушылары мақтауға тұрарлық. Волейболдың қос саңлағы апалы-сіңілі Салима мен Фарида Галямовалар және Елена Беренда сынды шәкірттеріміз аймақтық жарыстарда шашасына шаң жұқпай келеді. Акробатикадан спорт шеберлігіне кандидат Гүлдана Біржанова республикалық додаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Спортты өзіне серік еткен Данил Мұсабаев Еуропа елдері мен Азиядағы керме серіппеде (батутта) секіру жарыстарында алдыңғы лектен көрініп, спорт шебері атағын алды. Георгий Гекелберг футболдан қалалық спартакиадаларға қатысып, «Шахтер» футбол клубында ойнауды мақсат еткен.

«Спорт – жұдырығын қару етіп, қауқарсыз адаммен көшеде төбелесу емес. Ол – мәдениет. Спорт – интеллектуал», – дейді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қоян-қолтық жекпе-жектің жаттықтырушысы Марат Жүнісбаев. Оқушыларының өзінен оқ бойы озғанын қалайтын Марат Махметұлы жоғары дәрежелі жаттықтырушы ғана емес, халықаралық дәрежедегі төреші. Осындай каратэ-до жекпе-жегінің жілігін шағып, майын ішкен, жаны жайсаң жаттықтырушыдан тәлім алып жүрген мектебіміздің оқушылары Данил Заика қоян-қолтық жекпе-жектен әлем чемпионы болса, Назар Шахманов және Диас Әбдірахманов республиканың чемпиондары. Олай болса, бала – болашағымыз десек, дені сау ұрпақ өсу үшін дене тәрбиесіне ден қойып, оны спортпен ұштастыру ұстаздар үшін ұлы іс.

Азамат ДОСЫМЖАНОВ,

№54 орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.