Денсаулық кілті – спортта
Сенбі күні Абай қаласында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтын күз» марафоны өтті. Спортсүйер қауымның басын қосқан жарыс бұқараға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Күннің салқын райына қарамастан, марафонға қатысушы қала тұрғындарының қарасы қалың болды. 500 метрлік қашықтықта алты жасқа дейінгі балалар жүгірсе, ересектер бір шақырымда мықтылық байқасты.
Ел саясатының маңызды бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мақсатта аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып, спорт кешендері тұрғызылуда, – деді марафонның ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Нұрмұхамбетов.
Марафон қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Айта кетейік, Абай ауданында бұқаралық спорт түрлерін насихаттауға арналған мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.
АБАЙ ауданы.