Жаңалықтар

“Дарынның” дара жолы

Мектептің де мектебі бар. 1996 жылы Елбасының арнайы тапсырмасымен есігін айқара ашқан «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернаты бүгінде Елбасының да, елдің де сенімін ақтады.

Бүгінде «Дарынның» өзіне тән дара жолы қалыптасты. Білім беру саласындағы тың жетістіктері оның абыройын асырды. Бұл басшылық пен ұстаздарына жауапкершілікті де арттырды. Мектеп-интернатының директоры Ләззат Темерханова, мектептің басты жетістігі – шығармашыл ұстазда екенін айтады.

  • «Ұстаз – мектептің жүрегі». Ұстаз қазір оқушыларға кітаптағы жазылғанды қайталап айтып, қатып қалған қағидамен сабақ беретін адам емес. Ол – идея беруші. Сол бағыт арқылы бала өзі шешімін табуы керек. Негізгі талап – сабақтың барлығын өмірмен ұштастыра білу,– дейді Ләззат Асқарқызы.

Жаңғыртылғын білім мазмұны бойынша сабақ дегеніміз де сол – өмірде қолдана алатын жанжақты білім беру. Осы курстардан өткен ұстаздар өздерінің жұмыс әдістерін өзгертуде. Пәндерді ағылшын тілінде беру мұнда бұрыннан тәжірибеде бар. Енді Елбасының тапсырмасы бойынша бұл тенденцияны одан әрі дендету қолға алынған. Биыл информатика, химия, биология мен физика пәндерінің 9 ұстазы ағылшын тілі бойынша оқыту курстарына қатысып, білімдерін жетілдірген екен. Ағылшынша бірден оқытып кетпейді деп түсіндірді білім ордасының басшысы. Ләззат Асқарқызының айтуынша, мәселен, физика пәні бойынша оқушылар 5-6 сыныптарда негізгі терминдерді меңгереді, айтып, жазып үйренеді. Тек, 7 сыныптан бастап толығымен ағылшын тілінде оқи бастайды.

«Ақылды үй» принципімен жасалған «Ақылды сынып» бар мұнда. Ол жасыл энергия арқылы өзін-өзі қамтамасыз етеді. Инженерия саласына қатысты STEM зертханалар жоғары сынып оқушыларына арналған. Оқушылар онда тілдік интеграция арқылы басқа пәндермен байланыс орнату, яғни, ол информатиканы оқуы үшін ағылшын тіліндегі оның негізгі терминдерін білуі керек. 3D зертханалар оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыруға бағытталған. Онда оқушылар кез келген тапсырма бойынша нақты нәтиже, негізгі өнім алуды үйренеді. Ал, интеллектум кабинеттері оқушылардың логикалық ойлауын дамытып, зияткерлігін қалыптастыруға үлес қосады. Оқушылар онда түрлі басқатырғыштарды шешіп, логикалық тапсырмаларды орындайды. Бұл кабинет білім алушылардың үлкен қызығушылығын туғызатын көрінеді.

  • Бүгінгі оқушыларға қарап, өзімнің осындай кезімді салыстырамын. Қазіргі мүкіндіктерді біз көрген де жоқпыз ғой. Тіпті, мәселе онда емес, қазір балалардың ойлауы бөлек, өте ақылды. 5 сыныпта бизнес жоспарларды құрып, бірнеше тілді меңгере алады,– дейді Л.Темерханова. «ҰБТ басталғалы біздің мектеп облыс бойынша бірінші орында, ал, республика бойынша алдыңғы бестікке енеді»,– деп мақтанышпен жеткізді ол.

Мектеп-интернатта әуелде эксперимент ретінде қолға алынған «Оқушының жеке даму траекториясы» қазіргі таңда оқу орының бірегей жобасына айналды. Ол оқушының қабылданған кезінен бастап мектепті бітірген уақытына дейінгі даму кезеңін білдіреді. Оқушы кемшілігін түзетіп, өзін дамытып, кемелдене түсуге жағдай жасалады.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Мектеп-интернаты болғандықтан, мұнда жатып оқитын оқушылардың білім алуына ғана емес, олрадың тәрбиесіне аса мән беріледі. Осы орайда мектеп ұстаздары былтырғы жылы интернаттағы барлық төсек-орын мен керек-жарақтың облыс әкімі Ерлан Қошановтың тамыз мәслихатында берген тапсырмасына орай, толығымен жаңартылғанын, күрделі жөндеуден өткенін айтып өтті.

  • Интернаттағы 153 баланың арнайы тәрбиешілері бар, барлық жағдайлары жасалған. Балалар толығымен мемлекеттің қарамағында. Интернаттың балалары бір отбасындай. Өздерінің «Мырзалар» әдеби клубы, «Жасын» жас ақындар клубы бар. Спорттың барлық түрлерімен, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ойындарымен ойнауға болады. Психологиялық тұрғыдан жағымды ортаны құруға тырысамыз,– дейді Ләззат Асқарқызы.

Ата-аналармен де жұмыс жүйелі. Ұстаз – оқушы – ата-ана арасында жасалған триумф верат тәжірибесі кез келген істі бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Мектепте мынадай жоба да бар екен, әр оқушы өз әкесі мен анасының қызмет орнына барып, олардың жұмысымен танысады. Бұл мұғалімдердің айтуынша, оқушының ата-анасының кей кездері неліктен жұмыстан босай алмай қалатындығын түсінуге, оларға деген құрметін арттыруға сеп болады екен.

Оқу ордасындағы 581 балаға 63 ұстаз білім нәрін сіңіреді. Оған қоса, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті факультеттерінің отыз шақты ұстазы келіп дәріс оқиды екен, бұл балалар университеттің зертханаларын пайдаланып, нақты ғылымдар бойынша тәжірибе жасайды. Бұл арада оқушылар бір-біріне көмектеседі. Мектептің әр жылғы түлектері де мұнда жиі бас сұғатын көрінеді. Білім күнінде, Ұстаздар күнінде құттықтай келсе, басқа күндері арнайы келіп, оқушылармен кездесу ұйымдастырып, өздерінің ақыл-кеңестерімен бөліседі. Роза Жұманова, Манат Жүнісов, Нәзиха Жәшкеева сынды тәжірибесі мол педагогтарымыз жас мамандарға білгенін үйретуге әзір.

Өзара түсініктік қалыптасқан білім ошағы біздің қоғамымыздан тыс қағидаттармен өмір сүретіндей көрінді. Ұстаздың оқытуы да, оқушының оны игеруі де, басшылық та, мектептің материалдық базасы да өзгеден оқ бойы озық.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button