Бас тақырыпРуханият

Даналық дарабозы

Көктен түскен төрт кітаптың бірі «Інжіл»: «Әуелі де сөз болған, және ол сөз Құдайда болған, ол сөз Құдай еді» деп басталады. Сөздің өзі Аллаға құлшылық етуден туған екен. Алланың атымен байланыстының бәрінде қуат, күш бар. Сөз де солай. Сөздің энергиясы деген әлі күнге ешбір физик өлшеп-екшеп бере алмаған алапат күш. Әрі-беріден соң – қару. Бірақ, мұндай күшті иелену кез келгеннің пешенесіне бұйыра бермейді. Ол да Жаратқанның таңдаулы құлдарына ғана берілетін секілді. Мынау жарық дүниеге елдік тұрғыдағы миссиямен келгендердің пешенесіне жазылатын сияқты. Дәл сондай күш, қуат – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевта бар. Әлемдік саясат сахнасында елдің үні жарқын-жарқын шықпаса, жаһандануда жұтылып кетер ме едік, қайтер едік. Сол үн – Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Сол дауыс – Елбасы еді. Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздік жылдарындағы ел үшін сіңірген еңбегі туралы жиі айтылады. Ал, бүгінгі сөз – басқа. Шешендігі хақында. Ораторлығы жөнінде.

“Патша – Алланың жердегі көлеңкесі”

Діндарларымыз қасиетті Құранда «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де» деген аяттың барын айтады («Ниса» сүресі, 59-аят). Яки, басшыға бағыну – парыз. Ал, ол ел билеген патша болса ше? Бұл туралы пайғамбарымыздың с.ғ.а хадисінде «патшаның – Алланың жердегі көлеңкесі» екені және жазылған. Жаратқанның өзі солай деп нұсқау берсе, жердегі жұмыр басты пендесінің оны ұмытуға хақысы болмауы тиіс-ті. Негізі, патша десе, кірпіше жиырылатын жат әдет бізге қайдан жұқты? Қарап отырсақ, бұл – сонау Кеңес кезеңі санаға сынадай сіңірген психологиялық жаншудың әсері екен. Хан, сұлтандарын төбесіне көтере дәріптеген елдің бүгінгі баласы патшаның қадірін ұғатындай «психологиялық» сауығу кезеңінен әбден өткен болуы тиіс. Десек те, Патшаны сыйлауды жеке басқа табынушылық деп ұғамыз. Бірақ, олай емес. Қазақ қазақ болғалы ханына «алдияр» деп иіліп тұрған. Мейлі, ол қаныпезер, қатыгез, я, жұмсақ, жайлы болса да. Бұл – хандарға құрметпен тіл қатудың түрі. Оның арғы жағында ел билеушіге деген ізет жатыр. Ханға, патшаға деген ілтипат. Өз патшасын өзі қадірлемеген елдің өзгеге қадірі қайдан бола қойсын. Ежелгі қазақ соны ертеден білген. Ұрпағының санасына сіңіріп өскенді. Қызылдар қазақ жеріне келгенше.

 Тұңғыш Президентке де құрмет сондай болуы керек-ті. Ал, оның тәуелсіздік жылдарындағы ішкі және сыртқы саясат сахнасында сөйлеуінен дала даналығын аңғармау мүмкін емес. Біздіңше, бұл әлі де алдағы уақытта ғалымдар айналып келіп соғатын тың тақырып.

“Әлемді құтқаратын – сөз”

Елбасы: «Әлемді құтқаратын – сөз. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас мемлекеттерді түтістіретін де бітістіретін де сөз. Сөздің күші құдайдың күшіндей. Қуатты сөз адамды шыңға да шығарады, шыңырауға да тастап жібереді», — дейді. Рас. Осы сөздің қуаты арқылы алты құрлықтың ортасында отырып, тепе-теңдікті ұстап отыру – даналық пен көрегендікті қажет ететіні сөзсіз. Әйтпесе, саясатта күле кіріп, төріңізде отырып, туырлығыңызды тіліп кететін тұстар көп. Оның салдары – сойқан.

Сондай қадамдарды қалт жібермеуде Елбасының саяси шешендігі баса рөл атқарғанын кейінгі жазбалардан оқып жүрміз. Бір ғана мысал.

«Ақ үй қожайынымен кездесудің алдында, Мемлекеттік департаменттің өтінішін ескеріп, біз Елбасынан АҚШ Президентімен әңгімеде ЕҚЫҰ тақырыбын қозғамауды сұраған едік. Алайда, Президент күрмеуі қиын түйінді тез шеше алатын сирек қасиетін тағы да танытып, Буштың алдына осы мәселені бұлталақсыз, тікелей қойды.

Джордж Буш та бірден-ақ төтесінен тартып: “Сіздерге ол ұйымның қажеті қанша? Төраға елге талап көп қойылады, ана мәселеде де, мына мәселеде де үлкейткіш шынымен қарағандай тексере береді, сынай береді. Сол сіздерге керек пе?” деп сұрап қалды.

Дипломатия тілінде бұл, расында да, біздің кандидатурамызға қарсы шығудың нақ өзі болатын. Сонда да Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мықты уәждерімен, темірдей берік ой-қисынымен, таң қаларлықтай адамдық тартымдылығымен АҚШ-тай ұлы елдің басшысын райынан қайтара алды. Сол жерде, Сопақша кабинетте-ақ Джордж Буш ол кездегі Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсқа ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөнінде Қазақстанның кандидатурасын қолдауға тапсырма беріп тастады, мұның өзі 2007 жылдың 30 қарашасында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің шешіміне нақты әсер еткен жай болды» деп жазды сол кездегі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.

Мұнда Елбасының халықаралық аренадағы аса биік беделі, дипломатиялық шеберлігі және елден ерек харизмасы басымдық алған. Міне, сөздің құдіреті қайда?

 Елбасының шешендігі, даналығы туралы қарап отырып, тағы мынадай бір қызық дерекке тап болдық. Төрт жол қара өлеңді жанынан құрастырмайтын қазақ жоқ десек те, қазіргі күні бұл қасиет жоғалған. Ал, Елбасы өзіне өлең жолдаған Тұм-ағаңа өлеңмен жауап жазады екен…

«Қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай атамыз Елбасын жыл сайын Жаңа жыл мейрамымен құттықтап тұратын көрінеді. Әрине, құттықтауын өлеңмен жолдайды. 2008 жылдың қарсаңында да солай болады. «Нұрсұлтан бауырыма Жаңа жылдық жыр» деп аталатын сол өлеңнің төрт шумағы мынадай екен.

«Өстің ғой тұнықтардан  ат суарып,

Өзіңді аялаумен өтсін халық.

Ылайық сенің биік  мәртебеңе,

Жаңа жыл жаңа бақыт  келсін алып.

Жақсыны, жаманды да  көрді басың,

Іздеген батырымсың шөл  жуасын.

Өзіңнің аман жүрген  әр күніңе

Мынау бір жалпақ жатқант ел қуансын.

Келеді алға тартып  алтын арба,

Сәт сайын қарқын  қосып қарқындарға.

Сен барсың, асыл інім,  жан бауырым,

Нұрсұлтаным дейтұғын  халқың барда.

Тапсам деп қазағымның  қалай бабын,

Жайнадың жазғы  таңдай арайладың.

… Жаңа жыл кірген кезде  өз үйіңе,

Бізді де бірге кірді деп  ойлағын.

Сәлеммен, Тұманбай бауырың.

  1. 12. 2007

Елбасымыз да Тұманбай атамыздың хатына өлеңмен жауап береді. Мемлекеттік Елтаңбамыз басылған өзінің қызметтік, ресми, сарғыш, мөртаңбалы парағына қара сиямен былай деп жазыпты.

«Қазағымның тапсам деп  қалай бабын,

Мен жүрмін тәуелсіз ел  ойлап қамын.

Сен жырлай бер қазақтың  бар ырысын,

Жылдан-жылға аман бол  Тұманбайым.

Жақсыны жаманды да  көрді басым,

Сондықтан асымаймын,  тасымаймын.

Тұманбайлар ісімді  қолдап жүрсе,

Бастай берем халқымды  жасымаймын.

Хатының соңына «Ақын емес – Н.Назарбаев» деп қол қойыпты» деген дерек бар.

Даладан дарыған даналық һәм тапқырлық

Асқар Сүлейменов «Әлемде үш жыныс бар. Еркек, әйел, саясат. Соның үшіншісінен асқан сайқал жоқ» депті. Саясат та әр қадам есептеулі болуы тиіс. Әр сөз – атқан оқпен тең. Қайтып келмейді. Шетелдік сапарларда Елбасына сол елдің журналистері қитұрқы сұрақтар қоюы да жиі екенін білеміз. Қандай жағдай болса да, ондайда сөзден жеңілмеу, ұтылмау – шарт. Мұндай сәттерде Ұлт Көшбасшысының қиыннан қисын тауып кеткенін де оқып жүрміз. Мысалы, Елбасымыздың 2008 жылы Рейтер агенттігі журналисінің Қазақстандағы демократия туралы сұрағына берген жауабынан ұшқырлықты аңғаруға болады.

Сонда Елбасы тілшінің сұрағына «мен Америкадағыдай демократияны жасағым-ақ келеді, бірақ мен Қазақстанда соншама американдықтарды қайдан алмақпын?» – деп жауап беріпті. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп.

Негізі, Нұрсұлтан Әбішұлының шешендігі туралы бір мақаламен шектелу әсте мүмкін емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл зерттеуді талап ететін тың тақырып. Біз сол теңіздей терең зерттеудің тамшысының ғана дәмін тата алдық бүгін…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button