Бас тақырыпОблыс әкімі

Даму мен дайындық пысықталды

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде аймақтың экономикалық дамуы мен көктемгі егіс мәселесі талқыланды. Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша, қаңтар-ақпан айындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 6,2% өсіммен қалыптасқан. Өсім нақты сектордың барлық базалық саласында қамтамасыз етілген.

Атап айтқанда, ішкі сауда көлемі 4,4%-ға, байланыс-3,5%-ға өсіп, көлік қызметтер 11,6%-ға кеміген. Осы мерзім аралығында 428,6 млрд.теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Пайызға шаққанда 7,4% өсімді көрсетіп отыр. Сонымен қатар, өңдеу секторында 7,2% деңгейінде өсімге қол жеткізіліп, 328,4 млрд.теңгеге өнім өндірілген.

 «14 өңірде өнеркәсіп 0,6%-дан астам көлемде өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,9%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығының көлемі тиісті кезең деңгейінде сақталған. Өңірлік бөліністе негізгі капиталға инвестициялар көлемінің оң серпіні барлық өңірлерде 100,3%-дан қамтамасыз етілді» – дейді басқарма басшысы.

Ал, құрылыс секторында 38,6% өсім бар. Сөйтіп, 18,2 млрд. теңгеге жұмыс орындалды. Бұл облыстың қала мен аудандарында қамтамасыз етілген. Есепті кезеңде 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,9% өсіммен 81,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жалпы, ағымдағы жылдың екі айының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпіні сақталуда.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашевтың мәлімдеуінше, биыл жазғы егісін 1000,2 мың гектар алаңда өткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылдың деңгейінен 50,0 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді – бұршақты дақылдар 895,5 мың гектар алқапта (2019 жылғы деңгейден 32,5 мың гектарға артық), майлы дақылдар – 28,1 мың гектарға (2019 жылғы көрсеткіштен 8,2 мың гектарға артық), азықтық дақылдар – 64,5 мың гектарға (2019 жылғы көрсеткіштен 8,1 мың гектарға артық) себіледі.

10,6 мың гектар жерге картоп отырғызу жоспарланған. 96 мың тонна дәнді дақылдардың тұқымы себіледі. Оның ішінде элита – 6,9 мың тонна, бірінші репродукция – 28,1 мың тонна және картоп – 27,0 мың тонна.

 «Алдын ала талдау тұқым көлемінің жақсы сапасын көрсетті. Тексеріске 86,0 мың тонна түсті, кондициялығы 98% құрады, оның ішінде бірінші класс – 32,8 мың тонна, екінші класс – 26,3 мың тонна және үшінші класс – 25,3 мың тонна. Орташа облыстық деңгейден Нұра және Осакаров аудандары бойынша тұқымды тексеруге тапсыру пайызы төмен.

Республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткелерге қарсы 18,8 мың гектар алаңда, дәнді дақылдардың ауруларына қарсы – 53,4 мың гектар, сұр астық көбелегіне байланысты – 61,6 мың гектарға шаралар жүргізілетін болады» – деді басқарма басшысы.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 10 мыңнан астам трактор, 193 егіс кешені және 6 мыңға жуық тұқым сепкіш жұмылдырылады. Қазіргі уақытта оларды жұмысқа дайындау жүргізілуде. Тракторлардың дайындығы 96%, тұқым сепкіш 98% және егіс кешендері 100%-ы көрсетіп отыр.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button