Жаңалықтар

Даланың дара тұлғасы

Хинган жоталарынан басталып, Карпатқа дейінгі ұлан-байтақ даланың ұлылыққа теңестірілуін сол өңірдің дараланған тұлғаларына берілген ортақ атау деп қабылдауымыз керек. Ұлы Дала 1222 жылы құрылған Жошы хандығынан бастап, 1822 жылғы I Александр патшаның «Сібір қазақтары туралы» жарлығына дейін 600 жыл үзіліссіз билік жүргізген Шыңғысхан ұрпақтарының қолында болған. Ұлы қағанның 27-ші ұрпағы бола тұра, қазақ даласын билеген хандардың бір де біреуіне ұқсамайтын дара тұлға Әлихан Қазақ елін Ресей бодандығынан арашалап алып, хандық билікке үйлеспейтін әлемдік өркениетке қосуды көксеп, саяси күрес жолын таңдаған.

1917 жылы Алашшыл азаттық күрескерлермен бірлесіп, саяси партия құрып, оған қасиетті ұранға айналған «Алаш» атауын берген. Қазан төңкерісінің пәрменімен қабаттасып, КСРО-ның құрамында болатын Алашорда ұлттық автономиясын құрып, дербес тәуелсіз мемлекет деп жариялап үлгерген. Бұл Алашорда ұлттық автономиясы демократиялық, зайырлы, жекеменшікке тиіспейтін, ұлттық тілді ұстанатын, шекарасы айқындалған, президенттік биліктегі азат ел болуы керек деп бағалаған. Осылайша Әлихан XX ғасырда қазаққа тұңғыш автономия әперген ұлт көсемі, ұлы тұлға ретінде тарихтағы даңқты тұлға. Арғы атасы Бөкей Самарқантта туса, Бөкейдің баласы Батыр сұлтан мен немересі Мырзатай сұлтан Қарқаралыдағы Қудың Қызыл шілігінде өмірге келсе, Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақтың шаңырағын көтеріп, дербес елдікті құрған әйгілі Қозыбасыға жапсарлас Шудың бойындағы Қоскөлде Мырзатай баласы Нұрмұхамедтің кіндік қанының тамуы – бабасы Шыңғысханның шылауымен берілген тағдырдың жазмышы.

Алаш Арысы Әлихан Бөкейхан Орталық Қазақстандағы ең биік тау Ақсораңмен жапсарлас Желтауда кіндігі кесіліп, мұсылмандыққа өткеріліп, дүние есігін ашқан. Жекежал қыстағында дара Әлиханның ана құрсағынан, бесік жөргекке болмысы бөлек болып, кіндігі кесіліп, сүндеттеліп тууы биологиялық жаратылыс құпиясынан жеткен сирек ұшырасатын құбылыс. Тілінің алты жасқа дейін шықпауын кемістігі емес, сәби шағындағы еркін толысып, кемелденуінен, өсу деңгейінің тым шапшаңдығын төре тұқымы атанған тектілігінен, бала кезіндегі балуандығы мен студент кезіндегі бақ сынасуда батпан тас көтерген күш-қуатын көкжал атанған Барақ атасының батырлығынан дарыған қасиет деп бағалаған жөн. Ал, бала болып қос тігіп ойнаған сәби қиялы, ер жеткендегі мемлекет құру идеясына айналған азаматтық ұстанымы болған. Ауылға келгендегі жас төлдерді бағуға құштарлығы ер жеткендегі «Далалық аймақтағы қой шаруашылығы» атты әйгілі монографиясын жазуға жетелеген. 1889 жылы Омбыда оқып жүргенде жазған алғашқы мақаласының «Тоқырауын, Қотан-Бұлақ және Батыс Балқаш болыстарындағы жер шаруашылығы» деген тақырыпты таңдауы, жас кезінде әкесінің ағасы Рүстемнің тәрбиесінде болып, егіншілік кәсібіне қаныққандығының айғағы. Желтаудың өн бойындағы гранит тастарға қашалған таңбаларды қызықтауы, үй іргесіндегі, Жіңішке өзенінің жағасындағы мүсін тастарды тамашалауы, қозы көш жердегі Беғазы тас қорғандарын аралауы, бала Әлиханның санасында таста сақталған тарихты білуге деген құштарлығын туғызып, кейіннен Әлкей Марғұланға өзінің туған жері Беғазы өңірін зерттетуге бағыттаған көзқарасы. Қоянды жәрмеңкесі ашылғанда Тәшкеннен шыққан саудагерлердің керуен жолының Әлихан туған Желтауды басып өтіп, Қарқаралыны қақ жарып, Қояндыға жетіп, Омбыға барып тоқтауын, Әлиханның сол Қарқаралыда 7 жыл оқып, училище бітіріп, қосымша етікші мамандығын алып, патша билігінің қазақ жерін отарлау саясатының орталығы болған Омбыда 8 жылдай қызмет жасап, саяси күреске шығарған, өмір жолының баспалдағы десе болар. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарға ұқсап заңгерлікті де, әскери офицерлікті де қаламай орманшы болуы – өзінің жерге табынып, жердің адам өмірі үшін аса қажеттілігін бағалаған көрегендігінен туындаса керек. 1901 жылы қайтыс болған әкесі Нұрмұхамедке соқтырған мазардың ішіне бұрын соңды қазақ даласында қолданысқа енбесе де өзі отырғызған талдың бір ғасырдан аса жайқалып өсіп, мазарды «Талдыбейіт» деп атандыруы, дән салсаң көктеп шығар қара жердің құнарына жұртшылықтың назарын аудартқаны болар. Жер ананың нағыз иесі жерден нәсібін айыратын қарапайым халық екендігіне барша адамзаттың көзін жеткізуден туындаған көзқарасы болар. Ежелден Қазақ даласынан «Степной городок» құру туралы өзінің идеясын 1921-1922 жылдары Желтауда болғанда бауырларына туған жерінде орындатып, кооператив құрғызып, мектеп ашқызып, тері өңдеу цехы мен май зауытын ашқызып, «аграрлық қауымдастыққа» айналдырғандығы – өмір бойы көксеген асыл мұратының іске аса бастаған жемісті нәтижесі шығар. Ұлы Даланың тұлғалары Шоқан мен Әлихан – тағдырлас. Екеуі де орыстың Императорлық жағрафия қоғамына мүше болған. Шоқан Санкт-Петербургте қызмет жасаса, Әлихан институтында оқыған. Шоқан «Қарқаралы сыртқы округі болыстарының қысқы көші-қоны» туралы жазса, Әлихан «Қарқаралы қырғыздарының жер пайдалану картасын» жасаған. Шоқан Абылайдың шөбересі, Әлихан Барақтың шөбересі. Шоқан «Манас» пен «Қозы Көрпешті» зерттесе, Әлихан «Қара қыпшақ Қобыланды» мен «Қалқаман-Мамырды» зерттеген. Шоқан «Қазақ шежіресін» жазса, Әлихан Адай, Қарқаралы уездерінің генеологиялық картасын жасаған. Шоқан Қашқарияға саяхат жасаса, Әлихан Еуропаның өркендеуі мен әлем тарихын меңгерген. Шоқан Атбасарда аға сұлтандыққа сайланса, Әлихан Думаға депутат болған. Шоқан 1860 жылы II Александрдың қабылдауына барса, Әлиханды 1907 жылы II Николай патша қабылдаған. Екеуі де Брокгауз бен Ефрон шығарған энциклопедияға алғаш енген қазақ. 1918 жылдың 27 қыркүйегінде Әлиханның анасы қайтыс болса, 1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан атылған. 1866 жылы 5 наурызда Әлихан туса, 1953 жылы 5 наурызда Сталин өлген. А.Байтұрсынұлы: «Әлихан – көсемдердің көсемі» десе, Ә.Ермеков: «Әлихан терең дария, мұхит білімді, тоғыз тілді меңгерген ғалым» – деген. М.Қойгелдиев: «Әлихан – Махатма Гандимен теңесетін тұлға» десе, Ресейдің социал-демократиялық қозғалысында «Әлихан – қазақ халқын бір ғасырға алға сүйреген адам» деп баға берген. Сұлтанхан Аққұлұлы: «Әлихан – қазақтың тұңғыш гуманист либерал-демократы» десе, Уяма Томохико: «Әлиханның көзқарасында прогрессивтік және Еуропашылдық идеясымен қатар, қазақ дәстүрін және қазақтықты сақтап қалу идеясы болған» деп Ұлы тұлғаға теңеген.

Арайлым ТҰҢҒЫШБАЕВА,

№77 орта мектептің 10-сынып оқушысы.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button