Дала төсінде – қызу еңбек
Күз мезгіліндегі аса маңызды науқан – егін орағы Қарқаралы ауданында басталып кетті. Бірқатар шаруа қожалықтары дала жұмыстарына белсене кірісіп, алтын дәнді қамбаға құюда.
Атап айтқанда, Қырғыз ауылындағы «Кент Агро» ЖШС, «Берік», «Аслан» шаруа қожалықтары, Мамыраев ауылындағы «Ерлан» шаруа қожалығы, Қоянды ауылындағы «Жайма МТС» ЖШС, Темірші ауылындағы «Мағаз», «Манат», «Қалқаман» шаруа қожалықтарының техникалары дала төсінде қызу жұмыс жүргізуде. Аудан бойынша орташа түсім 7 центнерден айналуда.
«Кент Агро» ЖШС-де жақында Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы атанған комбайншы, еңбек ардагері Шарлис Мұсатаев биыл да білек түре еңбекке кіріскен. Сексеннен асқан жасына қарамастан, комбайнды тізгіндеп, науқанның бел ортасында жүр. Ақсақалдан жастарымыздың алар өнегесі мол.
Егін орағын уақытында бастаған аталмыш құрылымдар сынды басқа да шаруалар науқанға кіріскендері абзал. Себебі, қыркүйектің аяғы жауынды-шашынды болады деп күтілуде. Арқаны кеңге салар кез өтті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы мамандары айтуда.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.