Дәуір тынысы – жазушы еңбегінде

   Қарағанды қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен классик жазушы Ғабиден МҰСТАФИННІҢ 115 жылдығына арналған VІ дәстүрлі қалалық байқау өтті.

Сайыс ана тілімізді насихаттау және өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығын арттыру мақсатында Ғ.Мұстафин атындағы №83 мектепте ұйымдастырылды. Іс-шарада дәуірлі дүбір жаршысы, ұлы классик жазушы Ғ.Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығын жас буын арасында дәріптеу көзделді. Жазушы қаламынан туған шығармалардың ізімен жүру арқылы сол дәуір тынысын сезінуге жетеледі. Шараға қала мектептерінің 5-11 сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты.

Қалың оқырманға мол әдеби мұра қалдырған тамаша суреткер, табиғаты өзгеше талант иесі, дарынды қаламгердің «Қарағанды», «Шығанақ», «Көзкөргендер», «Миллионер», «Дауылдан кейін» шығармаларынан сахналық қойылымдар көрсетілді және үзінділер жатқа оқылды. Сонымен бірге, Ғ.Мұстафин залындағы көрмеден оқушылар жазушының шығармаларымен қатар, ол туралы жазылған кітаптар, мерзімді басылымдармен үш тілде танысуға мүмкіндік алды.

Көркем әдебиетті насихаттап, талантты жастарды анықтауды мақсат тұтқан байқауда 29 мектептен 40-қа жуық оқушы бақ сынасты. Қазылар алқасы оқушыларды марапаттады. Байқау қорытындысында «Асыл сөздің һас шебері – Ғ.Мұстафин» аталымында І орынды №32 мектеп оқушысы С.Айғожина иеленді. «Сахналық қойылым» аталымында І орынға №93 гимназия оқушылары, «Сөз мәнері» аталымында І орынға №93 гимназияның оқушысы Е.Развора лайық деп танылды.

Ғабиден Мұстафин шығармашылығына арналған байқауды мектеп ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Жазушы мұрасы халықпен мәңгі жасай береді.

А.АХМЕТОВА,

9 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.