Дәстүр дәріптелген думан
Көктемнің шуағымен бірге жеткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ел жүрегіне жылылық ұялататын, сан ғасырлық салт-дәстүрді жаңғыртатын ұлық мереке. Осы орайда 2026 жылдың 14 сәуірінде «Тілек» бөбекжайында «Ұлы күнде ұлағат, ел ішінде ынтымақ!» атты тағылымы терең, мазмұны бай мерекелік іс-шара өтті.

Бұл күн – тек думан мен шаттықтың ғана емес, ұлт рухын асқақтатып, жас ұрпақтың санасына ізгілік дәнін себетін ерекше сәт. Ұйымдастырылған шарада Наурыздың мәні мен маңызы кеңінен ашылып, оның жаңару мен жасампаздықтың, береке мен бірліктің бастауы екені айқын көрініс тапты. Мерекеге Қарағанды қаласының білім бөлімі, Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, «Болашақ» жоғары оқу орыны, гуманитарлық колледж және Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия өкілдері қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекенің шымылдығы ұлттық нақыштағы өнермен түріліп, сахна төрінде әуелеген ән мен мың бұралған би көрерменді бір сәтке қазақы болмыстың тереңіне жетеледі. Жас мамандар орындаған «Текемет» биі, әжелер шырқап салған «Ақтамақ» әні, бүлдіршіндердің ұлттық билері мен сахналық қойылымдары – барлығы да ұлттық рухтың көрінісіне айналды.

Іс-шараның айрықша тұсы – әр топтың «ауыл» бейнесінде өнер көрсетуі болды. Әрбір «ауыл» қазақтың бір салт-дәстүрін сахнаға шығарып, өткен мен бүгіннің алтын көпірін жалғады. «Тоқымқағар», «Азан шақырып ат қою», «Табақ тарту», «Қонақ күту» секілді дәстүрлер көрініс арқылы жаңғырып, көрермен жүрегінен орын алды. Ұмыт бола бастаған қолөнер де назардан тыс қалмады. Зергерлік бұйымдар, киіз басу, арқан есу сынды ұлттық өнер түрлері дәріптеліп, ата-бабадан қалған асыл мұраның қадір-қасиеті жас буынға ұғындырылды. Бұл тамыры терең тарихқа тағзым, ұрпақ санасына ұлттық кодты сіңірудің жарқын үлгісі. Мерекелік думан ұлттық ойындармен жалғасып, «Арқан тарту», «Көкпар», «Қазақша күрес» сынды ойындар алаңды нағыз қызу тартысқа айналдырды. Балалар мен ата-аналар бір сәтке болса да, уақыт керуенін кері бұрып, бабалар дәстүрін бірге сезінді.
Шара соңында үздік өнер көрсеткен топтар марапатталып, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі еңбегі ерекше аталып өтті. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында елге, жерге, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілік нығая түсетіні анық.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



