COVID-19: таралуы төмендеп келеді
Облыс көлемінде коронавирус жұқтыратындар саны күн санап азайып келеді. Бүгінгі күні өңірдің инфекциялық стационарларында 1 705 адам емделуде. Реанимацияда 78 науқас бар, олардың 10-ы өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль ТОҚСАМБАЕВ мәлімдеді.
– Індеттің таралуы азайып келеді. Күн сайын 300-ден астам жағдайды тіркейміз. Осының негізінде төсек қуаттылығына жүктеме төмендеді және қазір 25%-ды құрайды. Өткен екі аптамен салыстырғанда біз төсек-орын қорын 1 433 орынға қысқарттық. Бүгінгі таңда облыстың барлық жұқпалы аурулар госпитальдарының төсек сыйымдылығы 4 246-ны құрайды, – деді Гамаль Тоқсамбаев. Спикердің айтуынша, барлық инфекциялық стационарлар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі концентраттары жеткілікті. Орталықтандырылған оттегімен 26 медициналық ұйым жабдықталған.
– Облыста қосымша 25 компьютерлік томография кабинеті ашылды. 10 ПТР-зертхана тәулігіне 15 мыңнан астам зерттеу жүргізеді, – деп атап өтті басшы.
Вакциналау ісіне тоқталған Гамаль Сайлауұлы облыс тұрғындарының 57%-ы екпенің толық курсын алғанын атап өтті.
– Вакцинация – пандемиямен күресудің әзірге жалғыз әдісі. Сондықтан, халықтың қажетті иммундық қабатын неғұрлым тез қалыптастырсақ, пандемияны соғұрлым тезірек жеңеміз. Барлық тұрғындарды вакцина алуға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырамын, – деді Гамаль Тоқсамбаев. Брифинг барысында облыстың медициналық кадрлармен қамтамасыз етілуі де сөз болды. Бүгінде мамандарға деген тапшылық төмендеп келеді. Бұған жас мамандардың тұрғын үй мәселесін шешу ықпал етуде. Алдағы жылдары 300-ден астам дәрігерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
– Биыл Қарағанды медициналық университетінің 597 түлегі жас мамандар қатарын толықтырып, облыс клиникаларында жұмыс істейтін болады. 2023 жылдың соңына дейін біз 300-ден астам жас маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз. Жақында біз Теміртауда пәтер кілтін табыс еттік. Онда дәрігерлерге арналған 86 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Приозерск қаласында да осындай шаралар қолға алынған. Сондай-ақ, Қаражалда 12 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деп атап өтті Гамаль Тоқсамбаев.
Бүгінгі таңда облыста «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы, Майқұдық және Сұрыптауда жедел медициналық жәрдем қосалқы станциялары, позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография ғимараты, Қарағандының №1 көпсалалы ауруханасы жанындағы қабылдау-диагностикалық бөлімшесінің құрылысы жалғасуда. Бұдан басқа, 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталуда.