Чемпионмен кездесті

Абай қаласының бокс мектебінен еліміздің туын желбіретіп жүрген былғары қолғап шеберлері көп шыққан. Серік Сәпиевтен кейін жарқ еткен боксшы Абылайхан Жүсіпов Қазақстанның ІІ дүркін чемпионы, Азия және әлем чемпионаттарының қола жүлдегері, Президент кубогының жеңімпазы. Жақында А.Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушылары чемпионмен кездесті.

Оқушылар кездесуде Абылайды жақында Ресей мемлекетінің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіп алған жүлдесімен құттықтады. Өнерлі оқушылар Ерасыл Қашаған және Дилназ Саулехан «Спорт» әнін орындады.

Мектеп мақтаныштарын дәріптеу дәстүрге айналған кездесуде спортшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Мәңгілік Ел» құндылықтарына тоқталды. Спорттағы жеткен жетістіктерге халықтың қолдауының нәтижесінде жеткенін атады.

Абылайханға бастауыш сыныпта және жоғары сыныпта сабақ берген ұстаздары Лена Махмұтова және Ардақ Тілегенова спортшының мектептегі естеліктеріне тоқталды. Оқушылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Мектеп шаңырағында бірнеше жыл қызмет жасап жүрген, шығармашыл ұстаз Құзайра Абдықалықов дарынды шәкіртіне арнау жыр оқыды.

Абылайхан ашық әңгіме барысында спорттың адамды шапшаңдыққа, қырағылыққа, төзімділікке шыңдайтын ұлы жол екенін атады. Осы орайда, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды. Кеш барысында мектеп оқушысы, қазақша күрестен жүлделі орын иегері, өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі Түлен Қадірбек «Кім жылдам?» ойынын ұйымдастырды. Кеш соңында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрай Рашид «Тәуелсіз елім» әнін орындады.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.