Абай

Чемпион – туған жерінде

      Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Серік СӘПИЕВ туған жері Абай қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында жастармен кездесіп, бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады.

Халық қалаулысы өзінің білім алған №10 мектеп-гимназиясында  болып, ұстаздар мен оқушылармен жүздесті. Мектеп директоры Лилия Мухутдинова биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен мектептің тынысымен таныстырып, жасап жатқан жұмыстары жайлы айтып берді. Сонымен қатар, спортшы өзінің алғашқы ұстазы Евгения Ефиторовамен және оқушылармен ой бөлісті. Осы күні айтулы шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин, КСРО бойынша бокс спортының еңбек сіңірген шебері Серік Нұрқазов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Афин олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов қатысты. Оқушылар өздері оқтитын мектептің түлегі Серік Сәпиевке арнап жасаған жобаларымен таныстырды. 3-сынып оқушылары Олимпиада чемпионының спортта жүріп өткен жолын еске түсіріп, сол сияқты  Абай бокс мектебінен тәлім алған, әлем чемпиондары Олег Маскаев пен Наталья Рагозина және тағы басқалары туралы баяндап берді.  Бір айта кетері, оқушылардың чемпионға арнап жазған шығармалары республикалық деңгейде 2 – дәрежелі дипломмен марапатталған. Ел мақтанышы Серік Жұманғалиұлы да құр келмей, оқушыларға арнап әкелген спорт жабдықтарын сыйға тартты. Сонымен қоса, тоғызыншы сынып оқушылары дене шынықтыру сабағын өткізіп, спорттық байқауларды көрді.

Бұдан кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин жақын арада ашылғалы отыр­ған жабық бассейннің құрылысымен таныстырды. Бүгінгі таңда бұл спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Спорт кешенінен кейін Олимпиада чемпионы ат басын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бұрды. Мұнда ол жаттықтырушылармен, жас спортшылармен кездесті. Бұл күні бокс мектебіне Абай ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген бапкері Андрей Райш, ҚР еңбек сіңірген бапкерлері Виктор Петышин және Мансур Гайнуллин қонаққа келді. Мұнда былғары қолғап шебері балалардың сауалдарына жауап беріп, шеберлік сабақтарын өткізіп, жаттығулар жүргізді. Кездесу барысында С.Сәпиев қашанда балалармен жолығып, сұхбаттасуға әзір екендігін жеткізді. Сондай-ақ, балаларға спорт жабдықтарын табыстады.

Серік Сәпиевтің келесі аялдаған жері Агрогородок ауылындағы Абай көпсалалы колледжі болды. Оқу орнымен танысып, оқытушылар және студенттермен жүздесті. Аталмыш білім ордасында жаңа жаттықтыру залын ашты.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button