Жаңалықтар

Чехияда қауышқан қазақтар

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлемнің әр түпкіріндегі қазақтар бір жерге жиылып, Наурыз мерекесін атап өтетіні белгілі. Тарихтың талайлы жылдарында ұмыт қалып, қайта жаңғырған төл мереке – еліміздің ерек құндылығы, әр жерде жүрген қазақтардың басын қосатын айтулы күн ретінде берік қалыптасты.

Дамир мен Риза

Біз шетелдегі қазақтардың Наурыз тойын қалай атап өтетінін білмекке Чехия Республикасының астанасы Прагада тұрып жатқан отбасы Мұхтар мен Шынарға хабарластық. Олар 18 наурыз күні сол қалада 200-ге жуық Қазақстанның азаматы жиналып мерекені атап өткелі жатқанын айтты. Жақсы істің басы-қасында жүріп ұйымдастыр¬ған «Qazaq Nomad» өкілдері ерлі-зайыпты Тимур мен Дарина және Чехияда танысып, бас қосқан Дамир мен Риза есімді жас жұбайлар екен. Біз Дамирмен бір-екі ауыз тілдесіп, мерекеге дайындық барысы жайлы сұрадық. Дамирдың Прагада тұрып жатқанына алты жыл, Ризаға бес жыл болыпты. Айтуынша, Чехия Рес¬публикасындағы тұрып жатқан студенттермен бірге Еуропа бойынша бірнеше саяхат ұйымдастырыпты. Халқымыздың төл мерекесі Наурызды атап өту туралы 2022 жылдың желтоқсан айында ойлана бастапты. Ол идея өздері секілді жұп «Qazaq Nomad» өкілдері ерлі-зайыпты Тимур мен Даринаның да ойында жүрген екен. Елден жырақта жүрген жас отбасыларын Ұлыстың ұлы мерекесі таныстырып, мерекені бірге ұйымдастырыпты.

– Біз дәстүрімізді құрметтейміз, сақтаймыз. Бұл мерекені ұйымдастыру арқылы қазақ жастарына елімізден қаншалықты алыс болсақ та, дәстүріміз бен мәдениетімізді ұмытпау керек екенін жеткізгіміз келді. Біздің арқамызда жаңа деректермен танысты деп үміттенеміз. Келесі жылы да төл мейрамымызды бұдан да ауқымдырақ етіп ұйымдастыру жоспарда бар. Бұдан бөлек @salempraha ұйымының арқасында Қазақстаннан келген студенттермен кездесіп, араласып, бірге саяхаттап тұрамыз. Инстаграм парақшамызда толық ақпарат бар, – дейді Дамир.

Шынар ханым балаларымен

– Шетелдегі қазақ жастарын біріктіретін құндылық не деп санайсыз?

– Шетелдегі қазақтарға үйдегі жылы атмосфера мен жерлестерімен қарым-қатынас жетіспейді. Сол себепті, отандастар өздерін үйдегідей сезінуі үшін Еуропа бойынша саяхаттар мен кездесулер өткіземіз, биыл Наурыз мерекесін осы елдегі волонтерлердің көмегімен өткіздік.

– Ұлыстың ұлы күнінде елге айтар тілегіңіз?..

– Біз Қазақстанның өркендеуін тілейміз. Халқымыз дәстүріміз бен мәдениетімізді берік ұстанып, жастарымыз шыққан тегін ұмытпай, барынша өз ана тілімізде сөйлеуге тырысса екен дейміз.

Сонау Чехия Республикасында қазақ жастары жиылып атап өткен Наурыз мерекесіне сол жақта тіл үйрену курсында оқып жүрген 19 жасар тіл үйренуші Рүстем Сәндібеков те қатысқан екен.

– Чехияға келгеніме үш айға жуық уақыт болды. Үйден алыс кеткеніме көп бола қоймаса да, сағына бастадым. Прагадағы барлық қазақтың басын қосып, Наурыз мерекесін ұйымдастырған өте мейірімді, ашық, позитивті адамдардың болғаны таңғалдырды. Бұл мерекеде тек жағымды әсерге бөлендім, іс-шара бағдарламасынан ғана емес, жалпы жерлестеріммен сөйлесіп бір марқайып қалдым. Мұнда ұлттық би, ән-күйден бөлек ұлттық тағамдар да болды. Өте дәмді және ең маңыздысы – үйдегідей болды. Сол үшін тағамдарды дайындаған, пісірген жандарға ерекше алғыс айтамын. Бағдарлама мен ұлттық тағамдардан бөлек, ұйымдастырушылар ұлттық нышандармен бейнеленген фото-зона дайындаған. Қазақ мәдениетіне сай барлық дәстүр орындалғандықтан, сондай жайлы атмосфера қалыптасты. Бұл мерекеге мені шақырғандары үшін @salempraha ұжымына алғыс білдіремін. Қорытындылай келе, Наурыз мерекесіне көп отандасымыздың келгені қуантты, бұл дегеніміз, мұндағы қазақтар салт-дәстүрімізді ұстанып, сақтап келеді деген сөз. Ара қашықтыққа қарамастан бірлігіміз жарасып, жерлестерімізбен өзара араласқанымызды көргенде қуанышымда шек болған жоқ, – дейді Рүстем.

– Бізге Прагада осындай шара өткелі жатыр деп хабар берген Шынар ханым тіл маманы, отбасымен ол жаққа көшіп барғанына үш жыл болған жерлесіміз өзі куә болған Наурыз мерекесі жайлы ойын былай тарқатты:

– Прагада тұрып жатқанымыз¬ға үш жыл болса да, мұндағы қазақтармен қарым-қатынас көп орната қоймадық. Оның бір себебі біздің келген уақытымыз пандемиямен тұстас болды, сондай-ақ, Елшілік тарапынан да, басқа ұйымдар тарапынан да қазақтардың басын қосып, ұйыстыратын іс-шаралар өткен жоқ. Келгелі қазақтар бас қосқан көрнекті әрі ауқымды іс-шара осы – Наурыз тойы болды. Балаларым ес кіргелі Наурыз мерекесін көрген жоқ. Жыл сайын Наурыз мерекесіне арнайы наурыз көже пісіріп, үйде атап өткенмен, көпшілікпен бірге өткізген дүбірлі тойдың жөні басқа. Елден жырақта ана тілінде отбасы аясында ғана сөйлеп, басқа тілде шүлдірлеп жүрген балаларыма бұл мереке әсер етпей қоймады. Өздері секілді қаракөз балалармен ойнап, шашу жинап, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтып, мәз-мейрам болды. Ұлттық киіммен мың бұралып билеген әпкелеріне қарап, қызым бой түзеп, бірге биледі. Қазақша ән-күй тыңдап, тіпті, домбыраға әуестігі артып, «менің осылай домбыра тартқым келеді» деді. Жалпы елден жырақта жүрген адамның топырағынан ажыраған ағаш секілді құлазитын сәттері болады. Әсіресе жастарға, балаларға қарағанда, ересек, егде тартқан адамдарда бұл жиі болады. Өйткені, олардың өзге топыраққа сіңіп кетуі өте қиын. Міне, сондай сәттерде адам көңіліне медеу болатын – өзіңмен тілі, ділі бір адамдармен бас қосу. Содан да болар, бұл іс-шараны ұйымдастыруға өзі ниет білдіріп, көмек қолын созған адамдар көп болды. Біреу ән айтып, би билесе, аспаз боп жұмыс істеп жүргендер дастархан дайындауға, таксист боп жүргендер азық-түлік тасуға көмектесіп жатты. Бір сөзбен айтқанда, елге барып келгендей, өз қазағымызды көріп, мауқымызды бір бастық.

Шетелде жүрсе де Наурызды төл мерекеміз деп ұйымдастырған жастардың ұлттық рухы мен төл құндылықтарға деген құрметі жүрек түпкірінде жатқанын байқадым (оны өздері де байқамайтын болса керек). Тек басқаша шығарып, басқаша көрсетеді екен. Жиналған жастардың дені кемінде үш тілде сөйлейді. Көпшілігі оқуымен қатар жұмыс істейді, өз нәпақасын өзі табады. Араларында шетте жүрсе де кәсіп бастап, нәсібін көріп жүргендері де бар. Олардың өзара сыйластығы мен татулығына, үлкенге көрсеткен құрметі мен кішілік танытқан ізетіне, ең бастысы жауапкершілігіне тәнті боп қайттым. Жастар билеген әннің 80%-ы қазақ тілінде болды. Осыған қарап, көп сынға ілігетін қазақтың тойқұмарлығы мен шоу бизнес өкілдеріне риза болдым. Жастарымыздың құлағының құрышы қазақ әніне қанған екен. Ұлттық болмысты сақтауда бұл аса маңызды!

Әзірлеген Назым ДҮТБАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button