АймақҚарағанды

Cұранысқа ие тұрмыстық химия

Қарағандыда тұрмыстық химия өндірісі бар. Тұрмыстық химия дегеніңіз – тазалыққа қажетті сабын, кір жууға арналған сұйықтықтар. Өнеркәсіп күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдердің барлық түрін шығарады. Шағын өнеркәсіптік аймаққа облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Шағын өнеркәсіп аймағының аумағы шамамен 13 мың шаршы метр. Мұнда түрлі бейіндегі 10 кәсіпорын орналасқан. Осы аумақта құбырлар мен жылыту қазандықтары, тұрмыстық химия жасалады. «Wectrade» деп аталатын кәсіпорында кір жуатын гельдер, сұйық сабындар, мата жұмсартқыштар, тазартқыштар мен тазалағыштар өндіріледі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов аймақ басшылығы кәсібін дөңгелетемін дегендерге барлық жағдай жасалғанын айтты.

– Біздің басты міндетіміз – отандық тауар өндірушілерді қолдау. Осы бағытта одан әрі жұмыс істейтін боламыз. Тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта бизнеске жағдай жасауымыз тиіс. Облыста тоқтап тұрған ғимараттар базасында тағы да бірқатар шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды жоспарлап отырмыз. Өтінімдер түсіп жатыр. Биыл облыста жалпы сомасы 250 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда және 3500 жаңа жұмыс орны құрылуда. Бұл ретте импортты алмастыруға, бәсекеге қабілетті өндірістер құруға баса назар аударылады, – деді Азамат Тайжанов.

Өндіріс жетекшісі Александр Будницкий өнімді сапалы етіп жасау үшін барлық жағдай жасалғанын айтып отыр. Санға емес, сапаға жұмыс істейміз деді.

– Компаниямыз жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Автохимия өндірісін аз көлемде бастадық. Тұрмыстық химия өндіре бастағанымызға үш жыл болды. Қазір айына 150 тонна дайын өнім шығарамыз. 50-ден астам өнім түрі бар. Біз импорттық жабдықты, шикізатты шетелден сатып аламыз. Сапаны бақылауға арналған жеке зертхана бар. Бастап­қыда өндірісіміз басқа мекенжайда орналасты. Ол шағын цех болатын. Кейін осында көшіп келдік. Аумағымыз кең. Өте ыңғайлы. Өндірісті одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктер бар, – деді өндіріс жетекшісі Александр Будницкий. 

Өндіріс қазір бұрынғы машина жасау зауытының орнында. Бұл аумақ осы уақытқа дейін бос тұрған.
Облыс билігінің өкілдері жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында өңірдегі ірі кәсіпорындармен келісімге келіп жатқанын жеткізді. Келісімге келсе, осы аумақта өндірілетін тұрмыстық химияны «Qarmet», «Kazakhmys» секілді алпауыттар тұрақты түрде сатып алып отырады.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button