Будапештте, Братиславада — Абай орталығы

«Абай» мәдени-ақпарат орталығы жуық арада Будапешт және Братислава қалаларында ашылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА мәлімдеді.

«2020 жыл – Абайдың – 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің –1150 жылдығы және Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуы сияқты маңызды мерекелік іс-шараларға толы. Абай – халқымыздың көрнекті ақыны және ойшылы, оның философиясы мәдени және ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы атап өткендей, жалпы республикалық жоспардың барлық іс-шаралары идеологиялық және ағартушылық бағытта. Мерейтойдың күн тәртібі тұжырымдамалық тұрғыдан елде және шетелде Абай тұлғасының жаһандық ауқымын кеңінен танымал етуге арналған идеологиялық-мазмұнды және сапалы іс-шараларды өткізуге негізделеді», – деді Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Абай тойын өткізу бойынша өңірлік жоспар бекітілген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылған. «27 қаңтарда Чех Ұлттық кітапханасында Абай атындағы мәдени-ақпараттық орталық ашылды. Осындай орталықтар Будапешт және Братислава қалаларында ашылады»,– дейді министр.