ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталды

Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 20 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап. 

Азаматтар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Ал, ҰБТ-2023 форматында ешқандай өзгерістер жоқ. Алайда, «Қазақстан тарихы» (20 сұрақ) және «Оқу сауаттылығы» (15 сұрақ) пәндерінің тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізілді. Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.

Сонымен қатар дистракторлардың (жауап нұсқалары) саны азайды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.

– Қаңтардан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Сондайа-ақ, барлық талапкерлер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады, – деді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.