Братин бәсекесінен тыс қалды

      «Сарыарқа» Братин кубогі бәсекесінен шығып қалды. Ширек финалдық серияның Қорғанда өткен алтыншы матчында жерлестеріміз 3:2 есебімен есе жіберді. Жергілікті «Зауралье» басым түсті.

Мұның алдындағы кездесуде де қарағандылықтар 1:3 есебімен жерге қарап еді. Ол ойын «Қарағанды – Аренада» өтті. Сондықтан, «сарыарқалықтарға» жеңіс ауадай қажет-ті.

Ойын ортасына дейін тартыс тізгіні қарағандылықтардың қолында болды. Екінші кезеңде біздің хоккейшілер екі шайбамен алға шықты. Үш минут ішінде Валерий Поляков (31-ші минут) пен Иван Фишенко (33-ші минут) бір-бір шайбадан салды. 0:2.

Тек, 57-ші минутта ғана қорғандық Вячеслав Андрющенко қарағандылықтар қорғанысын бұза алды. 1:2.

Осыдан кейін «Зауральенің» бас бапкері Михаил Звягин қақпашыны шабуылшыға алмастырды. Нәтижесінде, негізгі уақыттың тәмамдалуына 14 секунд (59:46) қалғанда қорғандық Евгений Виксна таразы басын теңестірді. 2:2.

Сөйтіп, ойын овер-таймға ойысты. Ал, 81-ші минутта тағы сол Андющенко «Сарыарқаның» қақпасынан саңылау тауып, командасына жеңіс сыйлады. 2:3 ОТ.

Сөйтіп, Братин бәсекесінің шежі­ресінде тұңғыш рет «Зауралье» жартылай финалға жолдама алды. Ал, «Сарыарқа» кубок тарихында алғаш рет ширек финалдан кері қайтты.

Вадим ЕПАНЧИНЦЕВ,

«Сарыарқа» хоккей клубының бас бапкері:

«Зауралье» – мықты команда. 0:2 есебімен жеңіле тұрып, жігер мен еңбектің арқасында жолдаманы жұлып алды. Сериядағы ойындарға қарап отырсақ, қос команданың бірі-біріне әбден лайықты ұжымдар екенін аңғарамыз. Ойын бойынша шәкірттеріме қояр кінәм жоқ. Барлығы да өзінің шеберлігін танытуға тырысып бақты. Тек, сәттілік жетіспеді. Жанкүйер қауымға маусымдағы қолдаулары үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.