Жаңалықтар

Бопсалаудың бүгінгі тренді

Осы уақытқа дейін қарақшылар көліктің айнасын ұрлап, көлденең табыс тауып келді. «Тоқтады» деп толық айтуға келмейді, бірақ саябырлады деп сенімді жеткізуге болады. Енді, оңай ақша табудың орайын тапқан олар көліктің мемлекеттік нөміріне көшті. Яғни, бұл қылмыс бопсалаудың бүгінгі трендіне айналып үлгерді. Түсінікті болу үшін тарқатайын. Армения, Ресей, Қырғыз елінде тіркеуде тұрған көліктердің нөмірін шешіп алып, белгілі бір жерге тығып кетеді. Сосын, көлік иесіне қоңырау шалып, нөмір қажет болса, осы есепшотқа пәленше мың ақша аударуын міндеттейді. Ал, нөмірін қайтару үшін шетелге барудан басқа амалы жоқ жәбірленуші қарақшының қармағына осылай оңай ілінеді.

КӨЛДЕНЕҢ КӘСІПТІҢ КӨЛЕҢКЕСІ

Жәбірленушіге нөмірін қайта қалпына келтіру үшін шекара асуға тура келеді. Оған кететін шығын шаш етектен екенін ескеріп, қанша сома болса да айлакердің айтқанына көнеді. Одан бұрын қазіргідей жағдайда шетелге сапар шегуге шектеу де болуы мүмкін.

Жыл басталмай жатып аталған қылмыстың алғашқы дерегі тіркеліп үлгерді. 15 қаңтар күні жәбірленуші Қарағанды қалалық Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне көлігінің нөмірі ұрланғаны туралы шағым түсірген. Кейін ол қылмыскерлер ақша талап еткен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері 22 және 23 жастағы күдіктіні ұстады. Олар қылмысын мойындады. Осыдан-ақ мұндай қылмыс түріне жалғыз адам іске кірісуге жүрексінетінін аңғаруға болады. Өзгелер секем тудырмас үшін жанына сенімді серіктес ертсе керек. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабымен (Қорқытып алушылық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл бағытта тәртіп сақшылары ұрлық деректеріне ден қойып, талдау жасады. Нәтижесінде қаланың Оңтүстік-Шығыс аумағында мұндай оқиға жиі орын алатынын анықтады. Полиция қызметкерлерінің күнделікті кешенді іс-шаралары алғашқы нәтижеге қол жеткізе бастады. Өткен жылдың 8 желтоқсанында таңғы сағат 05:00-дің шамасы. Полиция қызметкерлері Язев көшесінде орналасқан үйлердің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі ер адамды ұстады. Тексеру барысында олардан 9 нөмір тәркіленді. Осы уақытқа дейін олар 29 рет осындай жөнсіздікке барғанын мойындады.

– Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 194бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік иелерін сақ болуға шақырамыз. Егер мемлекеттік тіркеу нөмірлеріңіз қолды болса, бірден полицияға телефон соғып, хабарлаңыздар. Ұрланған нөмірлер үшін белгісіз біреулерге ақша беруге немесе аударуға болмайды. Біздің көмегімізбен қылмыскерлерді қолға түсіріп, жазасын тартқызу қажет, – дейді облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин.

Облыстық ішкі істер департаментінің ақпаратына сүйенсек, өткен жылы Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне 2 азамат, Оңтүстік-шығыс полиция бөлімшесіне 5 жәбірленуші осындай шағым түсіріпті.

Жәбірленушілердің айлакердің айтқанын істеуі де қылмысты тоқтатуға айтарлықтай кедергі жасайды. Керісінше, олардың осы ісіне жол ашып, құнығуына септігін тигізетінін айтып дабыл қағады полиция қызметкерлері. Сондай-ақ, сот төрінде кінәлілер нөмірмен талап еткен ақшасын иесіне қайтарып берсе, жәбірленушілер бастапқы жазған арыздарын қайтып алып жатады. Мәселен, Теміртауда 10 көлік иесін бопсалаған екі азамат ұсталыпты. Сотта екі жақ қол алысып қылмыстық іс тоқтатылған көрінеді.

Ал, енді бұлар аз уақыттан соң, көлденең кәсібіне білек сыбанып қайта кіріспесіне ешкім кепіл бола алмайды…

КӨЛІК ҰРЛЫҒЫ КӨПТІ АЛАҢДАТАДЫ

Өткен жылғы есеп бойынша облыста 168 көлік ұрланыпты. Оның 144 қылмыстық түрі ашылып, кінәлілер қолға түскен. Қалған із-түссіз кеткен көліктерге облыстық ішкі істер департаменті әлі де кешенді іздестіру шараларын жалғастыруда. Бұл есеп жылдан-жылға азайып келеді. Дегенмен, биылғы жылдың алғашқы көлік ұрлығы да тіркелген.

Құны 2 миллион теңгені құрайтын «Ауди А4» көлігін аз уақытқа қараусыз қалдырған қала тұрғыны 11 қаңтар күні темір тұлпарының қолды болғанын айтып Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсіреді. Сол бойынша барлық ішкі істер органының қызметкерлеріне бағыттама беріліп, ұрыны сол күні құрықтаған.

– Көлік ұрлағандарды қолға оңай түсіруге болады. Кезекші бөлімге бағыттама беріліп, бекеттерге нарядтар қойылады. Қылмыстың бұл түріне тек криминалдық полиция басқармасы ғана емес, ішкі істер органдарының барлық қызметкері жұмылдырылады. Және облыспен шектесетін елді-мекендерге де хабарлама беріліп, шара қолдануларын өтінеді. Алғашқы кезекте «Тосқауыл» операциясы жүзеге асырылады. Әккі қылмыскерлер шетел асырып жібермесе, облыс ішінен оларды іздеп табу оңай болады, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияр.

Көбі қолды болған көліктің саймандарын қосалқы бөлшектер сататын дүкендерге өткізеді. Қазір Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен сол сайман сататын дүкендердің өзі тегіс бақылауға алыныпты. Сіз сайман алуға немесе оны өткізуге бара қалсаңыз, көлігіңіздің техникалық құжатын міндетті түрде сұрайды. Онсыз аттап баса алмайсыз…

Айтпақшы, жақында өңірдің бас полицейі Ерлан Файзуллин өзінің фейсбук парақшасына бір күнде 4 көлік ұрлаған күдіктінің құрықталғанын бөлісіпті. Бұл әккі кім болды екен дейтін шығарсыз. 17 желтоқсан күні Қарағанды қалалық Киров полиция бөлімшесіне 3 бірдей шағым түседі. «Ваз2106» (400 мың), «Мерседес» (700 мың), «Фольксваген пассат» (3,5 миллион) көліктерін қолды қылған. Арасына аз уақыт салып, көліктерді қаланың әр аудандарына тастап кеткен. Құны 1,5 миллион теңге тұратын «Лексус» көлігін қала базарының бірінен теуіп кетіпті. Абырой болғанда, көлік иесі өзінің машинасын белгісіз біреудің тізгіндеп бара жатқанын көзбен көріп, бірден полиция көмегіне жүгінген. Оны сол сәтте 45 орамға жетпей қолға түсірген. Ол өз қылмысын толықтай мойындады. Кінәлінің айтуынша, соңғы көлікті Астанаға алып қашпақшы болған екен.

Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегіне назар аударсақ, өткен жылы қылмыс жасаған 1 223 адам ұсталыпты. Олардың ішінде 45-і топ болып әрекет еткен. Мәселен, тамыз айында Қарағанды және Павлодар облыстарының аумағында «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы жол талғамайтын көліктерді айдап әкетуді ғана кәсіп еткен топ құрықталды. 6 адамнан тұратын бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 2019 жылдың наурыз айынан бері көлік ұрлаумен шұғылданған. Айта берсе, мұндай мысалдар көп…

Полиция департаменті ұрланған көліктерді, немесе олардың бөлшектерін табу үшін, сондай-ақ осындай қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық және іздестіру іс-шараларын ұдайы жүзеге асырады. Соның ішінде, гараж кооперативтеріне, ақылы тұрақтарға, ТҚТС, автомобильдерді бөлшектейтін жерлерге және автобөлшектерді өткізу орындарына тексерулер жүргізеді. Осындай шаралардың нәтижесінде көлік ұрлау азайып келеді.

Не десек те, құқық қорғау органының қызметкерлері көліктерін барынша қараусыз қалдырмау керек екенін ескертеді. Мәселен, дүкенге асығып кіріп кетсеңіз, жанар-жағармай бекетіне барсаңыз да кілтті көлік ішінде тастамау керек екенін айтады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button