«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Болжам мен ақиқат немесе тұлпарды тұяғынан тану

Сөзде, тілде, көзде энергия бар дейді, жалпы. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Ендігі дәлелденіп те қойған. Қазақтың «жақсы сөзді жарым ырысқа» балайтыны да содан. «Дуалы ауыз» деген де осыдан шықса керек. Содан шығар, қазақ бата береді. Бата дәстүрі бар бөгде ұлттарды сирек біледі екенмін. Негізі, бата деген батпайды. Бата жерде жатпайды. Ал, жүйелі сөздің жүйесін табатынын, болмаса иесін табатыны да рас. Ақ тілекті Алла қабыл етеді. Тоқсанға келген «Орталықтың» да аузы дуалы екен. Бұған тағы да архивті ақтарғанда куәміз. Бүгінде елге мәлім кейбір дарын-таланттарымыздың томағасын сыпырған осы – «Орталық» екен. Сонау балауса кез, балғын шақта «Бұл – талант!» деп саңқ етіпті жалпақ жұртқа. «Қазақты әлемге танытатын дарын» депті дүйім елге. Сүйінші сұрапты. Сәт сапар тілепті. Болашағына болжам жасапты. Сол болжам ақиқатқа айналды. «Орталық» алғаш жария еткен тұлғалар қатары мол. Бұл тұлпарларды «Орталық» сонау жылдары-ақ тұяғынан таныпты. Бүгін соның бітқатарына тоқталғымыз келеді. Архив құжаттары негізінде…

«Тазының өлімі»

Заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің 1969 жылы «Тазының өлімі» хикаяты шыққан. Алайда, әдебиет қауымы жұмған аузын ашпапты. Сонда «Мұхтар – талантты жазушы» деп ең алғаш шынайы пікір «Орталық Қазақстанда» 1970 жылы 8 наурызда жарқ ете қалған. Архивті аударып-төңкеріп жүріп, сол номерді тауып алдық. Авторы – жазушы Асан Жұмаділдин. «…Күнделік өмірде кездесетін сан-алуан оқиға – ағын су да, көркем әдебиетке материал болатын оқиға – су түбіндегі малта тас, маржан тастар. Су ағады, тас қалады. Тереңдегі тасты алып шығу үшін сүңгу керек. Біреу саяздан, біреу тереңнен қолына іліккенін алып шығады. Мұхтар тереңге сүңгіп, текті тас тере аларлық қабілеті бар талантты жазушы…

…«Тазының өлімі» – қазақ совет прозасындағы тәуір туындылардың бірі. Ол көлемі шағын болғанымен, оқып шыққан соң өсіп, ұлғайып кететін шығарма дер едік…» дейді. «Орталық Қазақстан». 1970 жыл, 8 март. Басылымның бұл ерлігін Мұхтар Мағауин өзі де атап өткен. Газетпен етене байланысының астарында осындай сыр жатқанын Мағауия Сланбекұлына берген сұхбатында да айтады. «…Мен оны 29 жасымда жазып едім. «Орталық Қазақстанға» деген ілтипатым неге ерекше дейсіз ғой?

Менің шығармашылығыма әдеби орта мән бермей, үн-түнсіз қалған кезде Асан Жұмаділдин деген жазушы ағамыз «Тазының өлімі» туралы ыстық лебізін осы газетте жариялады. Мен күтпеген оқиға болды. Әдеби ортадағы таныс-білістерім үндемей қойғанда, Қарағандыдан бұрын бет-жүзін көрмеген адамым осыншама ағынан жарылып, марапаттай қояды деп үш ұйықтасам ойыма кірмеген еді. Содан бері қырық жылдай уақыт өтті-ау деймін. Таяуда «Қазақ әдебиеті» газетінде бір жазушы қыз «Тазының өлімін» талдап шығыпты. Бұл – қазақ халқының трагедиясы. Қазақтың ұлттық дәстүрінің аяқ асты болып бара жатқаны, тоталитарлық режим, репрессия – мұның ішінде сол заманның зауалының бәрі бар еді. Жаңағы жас қыз соны терең талдапты. Асан Жұмаділдин біле тұра түсіне тұра көп ойын іркіп қалған, мына бала ойындағысын жайып салыпты. Енді ол уақытына байланысты себеп-салдарлар ғой. Сол тұста өзіміз тәрбиелеп өсірген бір сыншы жас жігіт: «Сіздің не жазып жүргеніңізді білеміз!», деп дөңайбат жасаған. Ондағысы менің советтік малақайлардың орнына түлкі тымақты дәріптегенімнен ұлтшылдық іздегені ғой. «Тазының өлімі» – ұлттың, ұлттық құндылықтардың жойылғаны туралы хикая еді…». «Алдаспан», Мағауия Сембай. 2009 жыл. Мұқаңның басылымға риясыз пейілінде осындай сыр бар…

«Дарын»

Қайрат Байбосынов ағамыз туралы оның 15 жасында «Орталықта» Әмен Әзиев осылай сүйінші сұраған екен. Бұл – 1965 жылдың 18 шілдесі. Біз емес, сол кездегі жазба сөйлесін. Сол нанымдырақ… «Мұқым Жаңаарқа аймағын әсем әнімен сүйсінтіп, қаршадайынан тамаша өнер дарынын танытқан осы бір күлімкөз, аққұба, ашаң баланы біз шопандар тойынан ұшыратамыз деп ойладық па!.. …Сахнаға жымиған жұқа еріндерінен кіршіксіз ақ тістері көрінген, қысқалап қиған әдемі кекілі бар, 14- 15 жасар шамасындағы, жұпыны киімді талдырмаш бала шықты. Ұзын мойын, сұлу сар домбырасын алдына өңгерген ол «Адасқақтың» алғашқы биік кіріспесін қос шектің күмбірлеген күміс әуенімен нақыстап, сәлден соң адам біткенді тосыннан таңырқататын соншалықты ашық, нәзік, майда үнмен шырқай жөнелді. Айтушысына кезіккен жақсы ән қандай, шіркін! Ол дегеніңіз тыңдаушының тоқсан тарау тамырын идіріп, көңіл күйін шапқан аттай алып ұшатын құдіретті күш емес пе! Көк бетеге үстіне малдас құрысып, алқақотан отырған қауымның сана-сезімін еріксіз өзіне тартқан әнші бала асқақ әуеннің әр шумағы тұсында домбырасын жедемелеп, еркелете, еліге шертіп қойып, мүдірместен шырқай берді. …Біз кейін концерт аяқталған соң баланы оңаша үйге апарып, тағы да 4-5 әндерін магнитофон лентасына жазып алдық. Олардың ішінде «Ғазиз», «Қарқаралы», «Тау ішінде», «Сүйгенім менің қалада» сияқты көпке тараған белгілі әсем мелодиялар бар еді. Жақында, Қарағандыда Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының гастролі өтіп жатқан кезде Жаңаарқадан Қайратты тиісті орындар арқылы шақыртып, оны республикалық көрнекті өнер шеберлеріне көрсетуге тура келді. Консерватория педагогы Айсұлу Байқадамова, белгілі әншілер Роза Жаманова, Байғали Досымжанов, Қарифолла Құрманғалиев, Мұрат Толыбаев, композитор Нұрғиса Тілендиев дирижер Торғыт Османов және басқалар халықтың қалың ортасында жүрген бұл кішкентай орындаушының дарынына аса жоғары баға берді… …Иә, Қайрат шын мәнісінде жаңа ғана гүл атқан жас шынар. Нағыз дарын иесі. Сол әнші баланың табиғат сыйға тартқан таудай талабына дақ түспесін. Мұқалмасын ол. Сайып келгенде, біздің елде шын дарынға бөгет жоқ. Бүгінгі бұғанасы бекімеген құлыншақ әуен – күні ертең-ақ топты жарып, жүлде алатын құлагердей өнер саңлағы болатынына сенім зор…». Әмен Әзиев. 1965 жыл, 18 июль. Бұл жөнінде де Қайрат ағамыз Қамбар Ахметовпен сұхбатында еске алғаны аян. «…«Орталық Қазақстан» – өнерде алғаш жолымды ашып, халыққа таныстырған, тұсауымды кескен, маған айрықша қымбат газет. Халық арасында беделді, өзіндік айтары бар, елдің мұң мұқтажын жеткізіп, тарихын түгендеп отырған, атына заты сай басылым, небір қаламгерлер, жақсы азаматтар еңбек еткен құтты шаңырақ. Он бес жасымда менің атымды паш етіп, халықтан алғаш сүйінші сұраса, қазір міне 70- ке келіп қалғанда тағы да ұлықтап отыр. Осыған қарап, мен «Орталық Қазақстанның» үмітін ақтаған екенмін деп ойлаймын..». 2019 жыл, 30 наурыз. «Орталық Қазақстан». Не дейік?! Айтылғанның ақиқатқа айналғанына тағы да куәгерміз.

«Сәт сапар!»

«Орталық» өзінің тарихында балағында биті бар жастарды халықпен осындай айдар арқылы қауыштырып отырыпты. Сарғайған газеттерден әр жылдарда өлеңге таласы бар жастардың болашағынан үміт күтіп, оны елге жеткізуді өзіне миссия етіп алғанын көреміз. «Орталықтың» «Cәт сапарымен» есімдері қазақ әдебиетінде алтын әріптермен жазылатын ақиық ақын мен жазушыға айналғаны қаншама? Жүрсін Ерман, Мағзұмбек Машайықов, Базар Мамыр секілді ағаларымыздың әдебиет сапарына сәттілік тілеп, қол бұлғаған «Орталықты» таптық архивтен. «Ашаң жүзді, сұңғақ бойлы жас жігітті өзіміздің Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінде тұңғыш рет көргенім еді бұл. Ол өлеңдерін оқыды. Салмақпен, ашық та айқын, таза үнмен әрі шабытты оқылған жырлар қашан да әсерлі болады ғой. Сол шабыт екпіні әуезімен отырып, кейде албырт ақынның шалыс басқан жерлерін аңғармай да қалатын сәттер де бар. Бұл жолы да солай болды. Бірақ, оның әрбір сөз ырғағының өзінен шыншыл да адал жан сезімдерін асыл маржан тілімен жеткізуге құлашын кең сілтейтін ақын болар-ау деген үміт лебі есіп тұрды. Бұл – жезқазғандық Жүрсін Ерманов деген жас ақын. 1950 жылы туған, небары 18 жаста. Өлең ғана емес, проза жазуға да қабілеті бар екенін шағын әңгімелерінен де көрдік. Әлі де болса әлсіз сөз, босаң жолдар кездесіп қалатын Жүрсін жырларының бір тобын, бүгін, біз оқушы жұртшылыққа таныстырмақ ниетпен ұсына отырып, оның қиын да қия асулары көп әдебиет дүниесіне аттанған сапарына сәт тілейміз». Мақсұт Байсейітов. 1968 жыл, 28 апрель. Бұл жөнінде Жүрсін ағамыздың өлең жолдары да бар екен. «Алғы сөзді маған жазған «Орталық», Соңғы сөзді кім жазарын білмеймін» деген. Бұдан артық бірдеңе деу – қисынсыз…

***

«Тәтті, талғамы мол, нәзік әсерлі лирикалық өлеңдерімен газетіміздің бетінде көрініп жүрген Мағзұмбек Машайықовтың есімі оқырман қауымға бірнеше жылдан бері таныс. Ол далада өскендіктен де өзі туған жөргегінің табиғат сұлулығын, өзімен бірге еңбек етіп жүрген адамдар жанының сырына үңіле, солардың атынан жыр шерткісі келетін жас талант. Кейде шалыс баспайтын жорға болмайды деген сияқты бүгінде тіл ұстартып, қалам шеберлігі қалыптасып қалған жас ақынның бірде әнтек басар жерлері жоқ емес. Бірақ соған қарамастан талапкер өз өнерін жетілдіре беру үшін әдебиет мұрасының бай қазынасының телегейтеңізінен молырақ сусындауға, көбірек ізденуге бар шама-шарқынша күш жұмсауда. Бүгін оқушы жұртшылығымызға кеңірек таныстыру үшін Мағзұмбек Машайықовтың бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз. Ақынның болашағына, өлең өнерінде өрден-өрге қадам басуына сәт сапар тілейміз». Мақсұт Байсейітов. «Орталық Қазақстан», 1968 жыл, 31 июль «Базар редакция есігін әдеппен қағып жүрген жас талапкерлердің бірі. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ойына оралған балауса жыр шумақтарын өзі туып өскен Шығыс Қазақстан облысы, Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетіне жібере-тін. Облыстық газеттерде де өлеңдері жарық көрді. Жас автордың жаңа өлеңдерінде бір жылылық бар. Жалаң ұйқас, жалтылдақ сөз жоқ. Тек ой тереңінен, сезім тұнығынан жыр тергісі келетіні байқалады. Б.Мамыров биыл Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді». «Орталық Қазақстан», 1974 жыл, 13 июль. Сәт тілеген сарғайған беттердегі жазбалар легі – осындай.

Нүкте орнына

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл – бірсыпырасы ғана архив деректерінің. Бұдан бөлек, атақты спортшыларымыздың алғашқы қадамдарын жарыса жазған дүниелер жетіп артылады. Қазақты әлемге танытатын спортшылар деп тағы сүйіншілеген. Ол да шындыққа айналды. Бұл қатарда Берік Нұрмағамбетов, Серік Нұрқазов, Қазбек Әшляев сынды тау тұлғалы азаматтарымыз бар. Ол – енді келесі жазбаның арқауы.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button