Болашақ үшін бәріміз де жауаптымыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, алдағы 6 қазан күні елімізде АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді.
Ел үкіметі атом энергетикасын елдің экономикасы мен энергетикасын әртараптандыру стратегиясының бөлігі ретінде қарастырып отыр. Қазақстан Париж келісіміне қол қойып, таза энергия көздеріне көшуді талап ететін парниктік газдар шығарындыларын азайтуға міндеттеме алды. Биліктің пікірі бойынша, АЭС салу – тұрақты даму жолындағы аса маңызды қадам.
Қазақстан халқы тәуелсіздік жылдарында осыған дейін үш рет жалпыхалықтық референдумға қатысты. Яғни, Қазақстанда ел болып таңдау жасау тәжірибесі бар. Бұл жолы референдумға еліміздің келешегі үшін үлкен маңызға ие мәселе шығарылып отыр. Еліміздің әрбір сайлау құқығы бар азаматы мемлекетте АЭС құрылысын салуға қатысты өз таңдауын жасайды.
Осы мақсатта Қарқаралы ауданы бойынша 51 учаскелік референдум комиссиясы құрылып, оларда жұмыс істейтін 269 адам және аудандық референдум комиссиясы дауыс беру күні халыққа қызмет жасауға дайын отыр. Учаскелердің барлығы қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Бүгінде Қарқаралы ауданы бойынша 20 мыңға жуық сайлаушы бар. Қазіргі уақытта референдум тақырыбы бойынша халық арасында ақпараттық сауаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты мағлұматтар беріліп, әлеуметтік желі қосымшаларында және аудандағы елді мекендерде көрнекілік ақпараттар жарияланып, референдумға шақыру парақшалары таратылды.
Жалпы, 6 қазан күні дауыс беру құқы бар азаматтардың жартысынан көбі референдумға қатысып, өз таңдауын жасаса, бұл референдумның заң талаптарына сәйкес өткендігін айғақтайды. Сондай-ақ, референдумның нәтижесі де дауыс беруші азаматтардың елімізде АЭС құрылысын салуды қолдауына немесе қолдамауына байланысты. Яғни, АЭС халықтың жартысынан көбі қолдаса – салынады, керісінше, жартысынан көбі қарсы болса – салынбайды.
Ең бастысы, азаматтар 6 қазан күні тиісті референдум учаскесіне төлқұжатымен барып, осынау маңызды мәселеге қатысты өз таңдауын жасауы тиіс. Елдің бірлігі, тұрғындардың ортақ мақсатқа ұмтылуы осындай маңызды шарада байқалады. Референдумға қатысу – әрқайсымыздың құқығымыз ғана емес, сонымен бірге, еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілігіміз. Сондықтан, барша азаматтарды 6 қазан күні жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырамыз!
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Қарқаралы ауданы