Біз – «ТӘРТІПСІЗБІЗ»

Баяғыда мектепте оқып жүргенде мұғалімдер оқушыны «тәртіпсіз» дейтін. Сол уақытта тек оқушыға ғана арналғандай көрінетін бұл сөз. Бақсақ, осы күні оқушы ғана тәртіпсіз емес екен. Тәртіпке бағынбағанның, оны ұғынбағанның бәрі сондай көрінеді. Індет ел ішіне кіргелі айтылғандарды құлаққа ілмей, қауіпсіздік шараларына салғырттық, немқұрайлық танытып жүрген, жауапкершілікті мүлдем сезінбеген біз – тәртіптіміз бе?!

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді айтқан да біз емес. Бауыржан Момышұлының осы бір даналығы көптің тілінің ұшына жиі оралады. Дей тұрғанымен, соны мысалға келтіретіндердің өзі де тәртіптен жұрдай. Жалпы, тәртіп деген не? Жауапкершілік, азаматтық позиция деген не нәрсе? Ел басына күн туғандай қазіргі індетпен шайқаста бұл аталғандарды таныта алдық ба? Кешіріңіз, біз соған күмәндіміз.

«Бетперде тақ» десе, оның астарынан саясат іздейміз. Арақашықтық ұстанудан да саясат көргіміз келеді. Науқастардың саны өссе, оны да өзімізше саясатқа сыйғызамыз. Ауру көбейсе, «төбеден дәрі сеуіп жатыр» деп тағы құмалақ шашып жіберіп, бал ашамыз. Әлемдгі саясаттан сауатты болсақ, анау кәрі Еуропаның қынадай қырылғанын қайда қойған жөн? Азуын айға білеген АҚШ-тың өзі баудай түскені ше? Құрлық аспай-ақ былтырғы маусым-шілдедегі жанды шүберекке түйгізген жағдай өтірік пен шындықтың өлшемі еді.

«Қытай азаматтарының қатаң тәртіптілігі мен үкіметінің жедел жұмысы арқасында күрделі жағдайды еңсерді. Олар мұндай санкцияларды қабылдағанда тіркелгендер көп еді. Егер азаматтары Үкіметі ұсынған тәртіпті берік ұстанбағанда ақыры қайда апарып соғары беймәлім-тін. Өйткені, вирус жылдам тарайды. Біз қазір оған жеңіл-желпі қарап, интернет-ресурстарда күлкіге айналдырып жүрміз әлі. Әрине, дүрбелеңге түсу қажет емес. Бірақ бейқамдық та жүрмейді. Бұл – карантин біздің өзіміз үшін қажет», – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Алла Минуарова.

Шіліңгір шілдеде қазақтың әр оныншы, әлде әр жиырмасыншы, не отызыншы отбасы қара жамылды. Ресми статистикаға ілікпеді. Сөйтсе де, алақандай ауылдарда күнара жаназа оқылғаны ақиқат.

Қытай, Дания секілді елдер індетті бірер қырға аластап қуып тастаған еді. Қалайша? Жай ғана темірдей тәртіппен. Әлемнің дәл осындай он елі қатаң карантинмен індеттен елін тазарта алды. Тәртіпке бағынатын құқықтық сананың арқасында. Құқықтық ілім тұрмақ өзінің жеке басының хақын заң негізінде білмейтіндер індет туралы саясат пен құқық соққыш осы күні. Сондайлардың зардабы мыңға тиіп келеді. Соған қарағанда, бізде құқықтық сана әлі қалыптаспаған. Жетілмеген сана. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда бетперде тақпағандарға, 200-300 адамды жинап алып, той-томалақ жасағандарға айыппұл салынады. Қарапайым бұқара түгілі лауазымды тұлғалардың өздері мейрамханаларда тығылып тұмшаланып алып, той жасауда. Монша-саунада да бастаңғы өтікізіп әлек. Әнші-биші, атақтыдаңқтылар да бұл даңғазаның бел ортасында жүр. Қайсыбіріне айыппұл салынды. Қайсыбірінде айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды. Осыдан соң тәртіп туралы не деуге болады?

Былтыр індет басталғанда Еуропада, соның ішінде, Италия қалаларының мэрлері елден жалынып, жалбарынып, үйінен шықпауын тілеп жатты. Тіпті, көшеде жүргендерді үйіне өздері қуалаған бейнероликтер де тарады. Сонда жұрты тыңдады. Тыңдамағанын полициясы есігінде күзетіп тұрды. Тәртіпті ел сөйтті. Тәртіпсіз жұрт кісісі өліп қаралы болса да, той тойлауын доғармады. Оның бірі – біз. Айыппұл салса, шамданады. Жария етсе, басқаға жауып жатыр. Құқық тұрмақ, қарапайым тәртіпті түсінбеген соң бірдеңе деп ренжу де қисынсыз.

Тап қазір біздің елдегі тәртіпке шақыру – айт пен той. Мысалы, анау Тайваньның Гаосюн қаласындағы отель дәлізінде 8 секунд бетпердесіз жүрген азаматқа айыппұл салғанын хабарлайды Daily Mail.

Ол елде карантиндегі адамға өзінің бөлмесінен шығу тыйым салынады. Сондықтан да, отель қызметкерлері денсаулық сақтау министрлігіне хабарлап, ол адамға 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салыпты.

Бізде, шыны керек, әкелеп-көкелеп бетперде таққыза алмайсыз елге. Залалсыздандыру деген тіпті, естен шықты. Көпшілік орынға бармай, мейлінше сақтан десе, өршіп түседі. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» деген сол. Сөйтіп отырып, карантин талаптары күшейді деп, тағы наразы. Кімге өкпелегендейміз? Індеттің елден кетуі Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің қолында емес. Өзімізге де байланысты. Соны түсінетін тәртіп пен сана бізде бар ма өзі?!

Қызғалдақ АЙТЖАН.