Биылғы олимпиада – Қарағандыда
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық ХІV Президенттік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен білім сайысы 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал, бейсенбіде олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған жүлдегерлер белгілі болды.
Олимпиаданың ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Г.Қожахметова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Т.Нұркешов және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Е.Тәжібаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз оқушыларымызды ынталандыру және болашақта олар өз білімін халықаралық олимпиадаларда көрсете алуына барынша жағдай жасау мақсатында әртүрлі деңгейдегі (аудандық, қалалық, облыстық, республикалық) олимпиадаларды өткізіп келеміз. Президенттік олимпиада үш кезеңде өтеді. Атап айтсақ, өңірлік, облыстық және республикалық кезең. Президенттік олимпиаданың бірінші (өңірлік) кезеңі қыркүйек айында өтті, оған республиканың барлық өңірінен 3 мыңнан астам оқушы қатысты. Екінші кезеңге 396 оқушы өтті. Облыстық кезеңі 22 қазанда бір мезгілде барлық облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда ұйымдастырылды. Осылайша, республикалық кезеңге 182 оқушы іріктелді. Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Министрліктің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен және медальдарымен марапатталады. Сондай-ақ, біз олимпиада жеңімпаздары үшін білім гранттарын бөлуге дайын бірнеше жоғары оқу орнымен келісімге қол жеткіздік, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.
Жаратылыстану пәндері бойынша дарынды оқушыларды анықтау арқылы олардың интеллектуалдық дамуына қолайлы жағдай жасап, кәсіптік бағдар беру мақсатында өткізілетін олимпиадаға Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 11-12-сынып оқушылары қатысуда. Олар әр кезеңде математика, физика, химия және биология пәндері бойынша тапсырмалар орындайды.
– Біз Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен келдік. Бұл мектептерден республика бойынша жалпы 22 оқушы іріктелген. Оның ішінде біздің аймақтан 3 адам қатысады. Осы олимпиадаға химия, биология және физика, математика пәндері бойынша жоғары деңгейде дайындалдық, – дейді Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Аягүл Әбішева.
Ал, 18 қараша күні Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінің қорытындысы жарияланды. Олимпиадаға қатысқан 182 білімгерлердің арасынан 48 оқушы жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Ең үздік олимпиадалық команда – 2021» номинациясы бойынша Назарбаев зияткерлік мектебі І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, ІІ дәрежелі дипломды Алматы қаласының командасы иеленді. Ақтөбе қаласының Назарбаев зияткерлік мектебі ІІІ орынға ие болды. «Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2021» номинациясы бойынша Алматы қаласының №165 мамандандырылған лицейі І орынмен марапатталды. Ал, ІІ орын Алматы облысының №24 «Экономика және бизнес» лицейіне және Ақтөбе қаласының Назарбаев зияткерлік мектебіне берілді. Алматы РФММ, Қызылорда қаласының Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты және Нұр-Сұлтан қаласының Назарбаев зияткерлік мектебі ІІІ орынға ие болды. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне республикамыздағы 20-ға жуық беделді Жоғарғы оқу орындары арнайы грант тағайындады. Қатысушылардың жұмысын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, республиканың беделді жоғарғы оқу орындарының студенттері, магистрлері және PhD докторлары бағалады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.