Білім

Биыл 10 «Жайлы мектеп» құрылысы басталады

Президенттің бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Соңғы деректерге сәйкес республика бойынша аталған жоба аясында 368 жаңа мектеп салынады. Оның 18-і Қарағанды облысына тиесілі. Кей мектептердің құрылысы биылдан басталып та кетті.

«Жайлы мектеп» құрылысы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау үшін елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын атады.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

 

Жоба нені көздейді?

«Жайлы мектептің» басты артықшылығы – оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау, білім беру қызметінің сапасын арттыру. Жоба аясында салынған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Ал, бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады.

Жаңа мектептер әртүрлі сыйымдылықта, 300-ден 2000-ға дейінгі орынға лайық салынуы керек. Олардың әрқайсында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы қажет. Сонымен қатар, заманауи мектептерде бастауыш сыныптар мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін жеке-жеке спорт залдары болады. Әр сыныпта арнайы интерактивті тақта мен мұғалімдерге арналған компьютерлер де қарастырылған.

Заманауи үлгіде салынатын мектептерде ерекше балаларға да жағдай жасалып, кедергісіз орта құрылады. Яғни, арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитек туралық шешімдері ұлттық нақышта жасалады.

Жалпы, ұлттық жоба аясында салынатын мектептер Президенттің және Үкіметтің жеке қадағалауында болады. «Жайлы мектептердің» құрылысын үйлестіруші ретінде «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы таңдалды. Салынатын мектептердің құрылыс жұмыстарына осы компания жауапты. Яғни, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуін қадағалайды. Жобаларды бағалау кезінде қолданыстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сондай-ақ, озық халықаралық тәжірибе ескеріледі.

Құрылыста отандық өндіріс материалдарын пайдалануға басымдық берілмек. Құрылыс барысы, жобалау секілді жұмыстардың бәрі дерлік ашық. Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады. Барлық сатып алу жалпыға қолжетімді онлайн платформада жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі, әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшылары да кіреді.

10 мектептің құрылысы биыл басталады

Ұлттық жоба аясында алғашқы білім беру нысандарының құрылысы биыл басталады. Оған 2025 жылға дейін 2,6 трлн. теңге бөлініп отыр.

Біздің облысымызда әр түрлі сыйымдылықта 300-ден 2000 орынға дейінгі 18 мектеп салу жоспарлануда. 10 білім беру нысанының құрылысы биылдан басталды. Яғни, Қарағандыда – төрт, Балқашта – бір, Бұқар жырау ауданында – үш, Шет ауданында екі нысанның құрылысын бастау жоспарланған. Оларды 2024 жылы белгіленген мерзімде тапсыру қажет. Қалған сегіз мектеп 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Олар Қарағанды, Абай, Қарқаралы, Приозерск қаласында және Нұра кентінде салынатын болады.

Бүгінде өңірде жеті мектепті салатын құрылыс компаниялары белгілі. Олар: «Стинк ТФК» ЖШС, «Астана-Көктем С» ЖШС, «AN Groups» ЖШС, «BiGlobal» ЖШС және жобалау ұйымдары: «Гражданпроект» ЖШС, «IN JOY Project» ЖШС, «Engineering Center ltd» ЖШС, «Tortay Engineering Co» ЖШС. «Samruk-Kazyna Constracion» АҚ Қарағанды облысы бойынша өңірлік өкілдігінің жоба жетекшісі Индира Черманованың айтуынша, компаниялар конкурс бойынша іріктелген. «Аталған компаниялар ұлттық жоба операторы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен шартқа қол қояды», – дейді ол.

Аталған шарт жобалау, жабдықтар сатып алу және құрылыс процесін бір уақытта іске қосуға мүмкіндік береді.

«Қарағанды тауар өндірушілерінің пулы, кәсіпкерлердің қатысуымен техникалық ерекшеліктерді талқылау бойынша жұмыс тобы құрылды, семинарлар мен кәсіпорындарға сапарлар өткізілді. Біздің мақсатымыз – өңірдегі құндылықты дамыту және ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

«Жайлы мектеп» құрылысы

Мұғалімдер қатаң іріктеуден өтеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында 1,5 млн. оқушыны оқу орнымен қамтамасыз етуді тапсырды. Оның 842 мыңы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін таппақ.

Қарағанды облысында үш ауысыммен оқытатын, тозығы жеткен, тіпті, апаттық мектептер де бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы осы олқылықтың орнын толтырып, оқушылардың заманауи мектепте білім алуына мүмкіндік бермек. «Жайлы мектептердің» директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін арнайы тәртіппен қабылданады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button