Жаңалықтар

Бірлікке үндеген бірегей жиын

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз және елдің алдындағы маңызды мәселелерді алқалы жиында талқылайтын орта. Осында қабылданған шешімдер бүкіл елді біріктіретініне сөз жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда Әділетті Қазақстан күрделі әрі ұзақ үдеріс арқылы құрылатынына назар аударды.

Сурет: rfi.fr сайтынан

Өткен тарихымызға үңілсек, ұлт тағдырына қатысты маңызды кезеңде Алаш жиналып, келелі мәселені құрылтай арқылы кеңесіп шешкен. Ұлттық Құрылтайдың маңызы ерекше. Құрылтай шақырып, келелі басқосу елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарды талқылайды. Ұлттық Құрылтай елдің өтініштері мен тілектерін жинайтын коммуникацияның әртүрлі форматын пайдалану арқылы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналды. Ұлттық Құрылтайда үш құндылық негізге алынады.

Біріншісі, идеологиялық тұжырымды қамтиды. Себебі, мемлекетіміздің тарихы тым тереңнен, Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы дәуіріне жалғасады.

Екіншісі – ұлтты ұйысуға үндеу. Құрылтайдың бірінші отырысы ұлт ұясы Ұлытау­да өтті.

Үшінші ой – мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін түсіндіру. Тәуелсіздік идеясы мен мемлекеттік құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған. Осы үш құндылық, ұлтты ұйысуға үндеу, мемлекет мүддесін бәрінен биік қою – жаңа қоғамдық шартты қалыптастыру болмақ. Осы орайда Сарайшықтағы басқосу – Әділетті Қазақстан, Адал азамат, озық ойлы ұлтты қалыптастыру қағидасына негізделді.

Ұлттық Құрылтай құрылғалы ауқымды жұмыс атқарылуда. Осы орайда, билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай арқылы халықтың жағдайын жақсартуға, халқымыздың рухани дүниесін байытуға, сол арқылы мемлекеттің дамуына баса назар аударып отыр. Осы орайда «Ұлттық Құрылтай отырысы ол сән-салтанат құрып, арқаны кеңге салып отыратын жиын еместігін, яғни, Ұлттық Құрылтай халық арасында өзекті болған, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп тұрған жағдай мен мәселелерді шешуге, дүниежүзінде өзінің жақсы қасиеттерімен танылатын ұлтты тәрбиелеу мен әлеуметтендіруге қатысты» екендігін ерекше қадап айтты.

Ұлттық Құрылтайдың негізгі мақсаты – мемлекеттік нышандарды жетілдіру. Қазақстан үшін әрдайым өзекті мақсаттардың бірі – елімізді, атамекенімізді танытатын, ұлттық кодымызды айшықтайтын ұлттық брендті қалыптастыру болып табылатынын жеткізді. Еліміз қазақ халқының дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа, тарихқа, осында тұратын ұлттардың құндылықтарына толы мемлекеттердің бірі екенін алға тартты.

Дәл қазіргі уақытта, мемлекеттік на­қыштағы өнімдер мен туындыларды әлемге таныту қажеттілігін қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар, Президент мемлекеттік наградаларға қатысты өзіндік пікірін білдірді. Мемлекеттік сыйлықтар мен құрметтер тек қана өзінің ісіне, кәсібіне, Отанына адал азаматтарға берілу керектігін атап өтті.

Екінші мәселеде Мемлекет басшысы ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыр­туға Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихының жазылуы әсер ететінін атады. Осы тұрғыда қазіргі кезде Қазақстан тарихы кітаптары еліміздің тарихи жолы туралы толықтай ақпараттар бере алмай отырғанын жеткізді. Халқымыздың көптеген тарихи тұлғаларының өмірлері кең көлемде жазылмағанын алға тартты. Келешек ұрпақ өзінің тарихи болмысын, рухын және ұлттық сана-сезімін, ата-тегін ұмытуға алып келетініне алаңдаушылық білдірді. Өткен тарихымызға қатысты ғылыми зерттеулер жұмысына тоқталып, Жошы хан жайлы кітап жазылатынын жеткізді.

Президент баяндамасында жас ұрпақты әлеуметтік желінің түрлі зиянды контенттері, үлкендер тарапынан берілген тәрбиенің толық санаға құйылмауы, ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеуі тиіс тұлғалардың келеңсіз әрекеттерінің барлығы біздің ұлтымыздың жастарының санасына, денсаулықтарына әсер ететінін өткір көтерді. Бүгінгі күні қоғамда зиянды дүниемен бетпе-бет кездесудеміз. Осы орайда Мемлекет басшысының аталған мәселелерді шешуге қатысты айтқан сөздерінің құны жоғары екендігі байқалуда. Аталған мәселелерде әркім өзінің әрекетіне, ісіне, сөйлеген сөзі мен ұрпақтың тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқандығына жауапты болуы керек.

Отансүйгіш елдің азаматтары қоғамға, өскелең ұрпағымызға рухани дүниеміздің байлығы, адамгершілігіміз, жақсы іс пен адал еңбегіміз арқылы үлгі көрсетуіміз керек.

Ұлттық Құрылтай елдегі әр саладағы мәселені шешіп, болашақты жоспарлау кезінде ұйысқан, біріккен шешім қабылдайтын жиын. Ұлттық Құрылтай ол – халықтың рухын, рухани құндылықтарын, жігерін, мемлекеттің мызғымастығы мен беріктігін, елдің береке-бірлігін нығайтуға үндейді. Біз Отанға, елге, жерге адал болуымыз қажет. Жеке бас мүддесінен халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қоятын адал азаматтарды қалыптастыруымыз керек.

Меруеш БАШАЙ,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button