Бірігуге бетбұрыс
Тоқсаныншы жылдардың басында еліміздегі колхоз, совхоздардың таратылуының ақыры неге соққанын бәріміз білеміз. Соның кесірінен айрандай ұйып отырған ауылдарымыз аз ғана уақыттың ішінде азып-тозып, тұрғын халқы жан-жаққа бытырап кеткені жасырын емес. Енді «ештен кеш жақсы» демекші, сол қателікті түзеу қолға алынып, шашыраған шаруашылықтардың қайта шоғырланып, біріге бастауы көңілге үміт ұялатады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы тиіс» деп тағы да атап өткен болатын.
Абай ауданында да бұл орайда қозғалыс байқалып, бұрын бас-басына бөлек жүрген шаруа адамдары бір шаруашылыққа бірігуге бет алды.
– Биылдың өзінде, – дейді Абай ауданының ауылшаруашылық бөлімі басшысы Батыржан Оразбеков, – Сәуір, мамыр айларында біздің аудан бойынша бес ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, заңды тіркеуден өтіп, олардың маңына үш-төрттен жеке шаруашылық иелері топтасты. Жұмыс бағыты аралас ауыл шаруашылығы өндірісі болып, яғни, олар егін, мал, өсімдік шаруашылығымен де айналысады. Енді осы кооперативтерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық мөлшері 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие, лизингке техника алып беру жағы қарастырылуда.
Атап айтқанда, аудан ауылдары Жартаста «Восход», Құлайғырда «Жаңажол», Есенгелдіде «Пахотное», Ақбастауда «Assima», Самаркада «Береке-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері аяқтарынан тұрып, мәселелері шешіліп жатса, баяғыша «Бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт» деп әндететін боламыз әлі…