Бас тақырыпБілім

Бірегей білім ордасы

Еліміз Тәуелсіздік алған тұста Майқұдықтағы №76 мектеп қазақ тілінде білім беретін мектеп болып қайта құрылды. Мектептің жас басшысы Тілеуғалы Әміртайұлының және бір топ белсенді азаматтардың бастамасымен, сол кездегі ұйымшыл ұжымның және Шаймерден Оразалиновтей біртуар қала басшысының қолдауымен көп ұзамай мектепке ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Білім ошағы бірте-бірте еңсесін тіктеп, Қарағандыдағы іргелі оқу ордасына айналды. Мектеп аясында аспанға көтерілген Әлихан Бөкейхан рухы, асқақтай келе Октябрь атауын ығыстырып тастады. Осылайша, рух ошағына айналған Әлихан Бөкейхан мектебі 30 жылдығын Әлихан Бөкейхан ауданында дүбірлетіп атап өтті.

Бірнеше бөлімнен тұрған мерейлі мерекелік кешке мектептің ардагер ұстаздары, осында басшылық қызметте болған алдыңғы толқын ағалар, мектеп түлектері, ата-аналар һәм басқа да қонақтар қатысты.

Мектептің мейманасын тасытып, жан-жақтан жиылған қонақтар алдымен тарих залымен танысты. Мектепте Әлихан Бөкейхан атындағы және аймақтың тарихынан мол мәлімет беретін екі бірдей музей бар. Бүгінде білім ошағы ақпараттық базамен толық қамтылған, жүйелі жөндеуден өткен.

Әр мерейтой өз жаңалығымен де қызықты. Әлихан мектебі мерейлі жылды қол қусырып өткізген жоқ. Мектеп директоры Айнұр Жаппарқұлованың бас болуымен жиын жұп-жұмыр әрі жинақы өтті. Әлихан мектебінде 30 жылдық мерейтойға орай бүгін үш кабинет, бір жасыл бұрыш ашылды.

Атап айтсақ, ашылған «Коворкинг» орталығында мұғалімдер шығармашылығын дамыта отырып, идеяларына қанат бітіре алады. Мұнда кітапхана, жұмсақ әрі жайлы жиһаз және компьютерлер қойылған. Ең бастысы мұғалімдерді адал жұмыс істеуге жетелейтін ұстаз этикасы жайлы ұлы тұлғалардың сөздері ілінген.

Ал, «Отбасылық құндылықтар» кабинетінде ата-әжелер, әкелер, аналар мектебі және «Қаһарман» ұлдар клубы мен «Тұмар» қыздар клубы бірлесіп жұмыс атқаратын болады.

«Жастар және модернизация» кабинетінде Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы жанынан ашылған «Жастар зертханасының» филиалы жас мамандардың болашаққа бағдар жасайтын орнына айналады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мұнда «Әлихан айнасы» жаңалықтар орталығы да бірге жұмыс істейді.

Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар, Менделеев кестесінің Қазақстанда бар элементтері, өсімдіктер әлемі, жер-су атаулары және әлем картасы өрнектелген «Жасыл әлем» бұрышында оқушылар өздерінің жаратылыстану бағытындағы білімін жетілдіреді. Әлихан Бөкейханның орман шаруашылығы бойынша зерттеген жұмыстарымен танысады.

Мерекелік кештің концерттік бағдарламасы да өз деңгейінде өтті. Мектептің экс-басшылары, ардагер ұстаздар мен түлектер, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақыткүл Әбдікерова, AMANAT партиясы облыстық филиалының, Әлихан Бөкейхан ауданы бөлімшесінің өкілдері, Қарағанды қаласы мен Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінің өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаты, мектеп түлегі Ғабдолла Дүйсенбаев, ата-аналар өз алғысын айтып, құттықтау тілегін жолдады, естелік сыйлықтарын табыстады.

Сондай-ақ, мектептің ұлағатты ұстаздары түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, үш мұғалім «Нәтиже» сүт фабрикасының директоры Ерлан Әшім, алты мұғалім AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков тағайындаған ақшалай сыйлыққа ие болды. Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жарулла Пазылұлы да қолдау көрсетіп, демеушілік етті. Ал, мектептің бұрынғы басшысы Мартбек Күзембаев жылы лебізін білдіріп, мерейтойға Әлихан Бөкейханның портретін сыйлады.

Мектептің өнерпаз жастары мен өнер ұжымдары өнерін көрсетіп, білім ошағының жанашыры Аманжол Қуанбай «Коворкинг» орталығына «Қарқаралы қазылық» жыр жинағын табыс етті.

– Қазір бізде даярлық сыныбынан бастап, 11-сынып аралығында 1087 оқушы білім алып жатыр. Оларға 90-ға жуық мұғалім білім мен тәрбие береді. Гуманитарлық және жаратылыстану бағытында жұмыс істейміз. Қалалық білім бөлімінің «Зияткерлік модернизация» деген жобасы бар. Оған қаладағы қазақ мектептері ғана кіреді. Ол жобаның басты мақсаты қазақ мектептері мен қазақ балаларының әлеуетін арттыру. Сол бойынша жүйелі жұмыс істеп келеміз. Осы мерейтойға орай сол жоба аясында үш кабинет, бір бұрыш аштық. Бұл бастамаларды ашуға мектеп түлектері демеушілік жасады. Мектеп түлектеріне, мерейтойға демеуші болып, ұстаздарға өз марапатын тағайындаған белгілі меценаттар, білім жанашырлары Бекзат Алтынбеков мырзаға, Ерлан Әшім мырзаға, ұйымдастыруға атсалысқан барлық мектеп жанашырына шексіз алғыс айтамын, – дейді Әлихан Бөкейхан мектебінің директоры Айнұр Жаппарқұлова.

Облыстың білім басқармасы, қалалық білім бөлімі, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, AMANAT партиясы, қала, аудан әкімшілігі, қалалық мәслихат, облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес және басқа да мектеп жанашырлары мерейтойдың жинақы өтуіне қол ұшын созып, жанашырлық танытқанын атап ату керек.

Осылайша, бір кездері терезеге шыны, оқушыға кітап таппай қиналып, бүгінде Арқадағы іргелі білім ордасына айналған Әлихан мектебі 30 жылдығын өз деңгейінде атап өтіп, төртінші онжылдыққа жаңа бастамалармен қадам басты…

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button