Білім

Бір мектептің түлектері

Қарқаралы ауданы, Ақжол ауылындағы Әлібек Бүркітбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектептің түлектері жаппай білім грантының иегерлері атанды. Аудан орталығынан 35 шақырым жердегі ауыл мектебінен биыл бес түлек қанат қомдап, үлкен өмірге аттанған.

Қарқаралы мектеп

Тыңғылықты дайындық. Терең білім. Жүйелі жоспар. Осы бір қағиданы ұстанған мектеп ұстаздары шәкірттеріне бар білгенін үйретті. «Білсем, үйренсем» деген шәкірттерінің бетін қақпады. Нәтижесінде, барлығы ҰБТ-дан жоғарғы балл жинап, жоғарғы оқу орындарына грантқа түсті. Мәселен, 17 жастағы Аяулым Бекасыл мен Дария Қуатова Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «математика-статистика» және «коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар» мамандығына оқуға түсіпті. Әрі екеуі де мектепті «Алтын белгімен» тәмамдады.

– ҰБТ кезінде қатты толқығанымыз рас. Дегенмен өз-өзімізді қолға алып, бар білген, үйренгенімізді еске түсірдік. Нәтижесінде жоғарғы балл жинадық. Бұның бәрі ұстаздарымыздың еңбегі деп білемін. 10-сыныптан бастап бізді тестілеуге аса жауапкершілікпен дайындады. Бос уақытын да бізге бөлді. Нәтижесінде еңбектері ақталып, сыныбымызбен жоғарғы оқу орындарына грантқа түстік, – дейді Аяулым Бекасыл.

Қарқаралы мектеп

Аталған білім ордасында өткен жылы 110 бала оқыған. 

– Биылғы жылы 1-сыныпқа небәрі 9 бала қабылдадық. Бұл көп ауылдың үлкен мәселесі. Жалпы, біздің мектептегі ұстаздардың бәрі білікті мамандар. Осындай мамандарымыздың арқасында биылғы түлектер үлкен жетістікке қол жеткізді. Біз шәкірттерімізбен мақтанамыз. Олар өмірден өз орындарын тауып, білікті маман иелері болатынына кәміл сенімдімін, – деді мектеп директоры Әсел Омарова.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button