Білім

Бір мақсат, бір мүдде: Қарағандыға қарақалпақ түркологі келді

28 сәуір күні «Bolashaq» академиясында «Заманауи әлемдегі ғылым мен білім» тақырыбында дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан Республикасы және алыс-жақын шетелден барлығы 170 баяндама түскен конференция материалы қос томнан тұратын ғылыми жинаққа топтастырылды.

Әр уақытта өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленетін конференцияның бұл жолғы барысы мүлде өзгеше болды. Қазіргі технологияның мүмкіндігін тиімді пайдаланған ұйымдастыру комитеті ғылымның әр саласындағы жаңалықтар мен ұсыныстар ортаға салынған конференцияны әрі онлайн, әрі офлайн режімде өткізіп, талқыға түскен мәселелер көптің назарына тікелей ұсынылып отырды.

Пленарлық мәжілісте жасалған әрбір баяндама соңы қызу талқыға ұласқандықтан, алдын ала межеленген уақытқа қосымша уақыт қосып алуға тура келді. Онан әрі секциялық мәжіліс сегіз бағытта жекелей өрбіді.

Сонымен, алыс пен жақынды бір алаңда тоғыстырған конференция да тәмам болды, алайда әсері тарқай қоймады. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының құзырындағы «Тіл білімі мен ұлттық әдебиеттегі жаңа бағыттар» секциясына ресми шақыртумен келген ғалым Қарағандыда екі күн аялдап, ғылыми әрі рухани бағытта естен кетпес тағылымды шаралардың басы-қасында болды.

Абдиназимов Шамшетдин Нажимұлы – түрколог, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қарақалпақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Аталған ғалым алғашқы күні пленарлық мәжілісте қазіргі тіл біліміндегі лингвомәдениеттану, антропоөзекті парадигма жөнінде баяндама жасаса, секция отырысынан соң «Bolashaq» академиясы мен колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттерімен кездесіп, түркология ғылымының өткені мен бүгіні және келешегі хақында, келесі күні жалпы тіл білімі, латын графикасына көшудегі қарақалпақ халқының тәжірибесі туралы дәріс оқыды.

Бар өмірін ғылым мен білімге арнаған ғалымның байланыстыра баяндауы, әлемдік лингвистика жайлы келтірген мәліметтері, салыстыру арқылы тұжырым жасауы, нақты фактілер келтіруі, артықшылығы мен кемшілігін жіпке тізгендей сипаттауы, түркология ғылымында көпшілік біле бермейтін соны материал, тың дерек турасында көсіле тарқатуы, латын графикасына көшудің әдетте ескеріле қоймайтын елеусіз тұстарын қолмен ұстатқандай нанымды да тартымды жеткізуі студенттерді тәнті қылғаны сонша, олар үсті-үстіне тынымсыз сұрақ қоюмен болды. Әріптестерінің лингвистикалық білім қоры профессорлық-оқытушылық құрамды да баурап алған-ды.

Әлемнің төрт құбыласына түгел тараған түркі жұртының тілі мен мәдениетінің, фольклорлық мұрасының ортақ екені жалпыға мәлім. Дегенмен түркі тілдерінің Батыс ғұн тармағына кіретін Қыпшақ тобында қазақ тіліне ең жақын бірнеше тілдің бірі – қарақалпақ тілі. Түркітілдес халықтардың бірнешеуінің тілін, оның ішінде лингвист ретінде лексикологиясы мен грамматикасын жетік меңгерген маманға қойылатын сұрақтың көп болатыны да осыдан.

Шамшетдин Нажимұлының ғалым ретінде қарақалпақ тілін, түркология мәселелерін зерттегенін, ұстаз ретінде бірнеше зерттеушіге ғылыми жетекшілік еткенін айтпағанда, ол 1990 жылдары Түркия елінде түркітілдес халықтардың аударма сөздіктері сериясын құрастыруға, Қазақстанда қазақ-қарақалпақ тілдерінің паремиологиялық сөздігін құрастыруға атсалысқан, онан беріде Қытай елінде қарақалпақ тілін архивтеген. Және қазақ тіл білімі ғылымының кандидаттарын дайындап шығарған. Қысқасы, түркі халықтары лингвистикасының дамуына қосқан үлесі қомақты. Ғалымның шәкірттері бүгінде Қарақалпақстандағы бірнеше жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқарып отыр.

Айта кету қажет, ілгеріректе «Bolashaq» академиясындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Сембиев Құрманғазы Зәкірұлы да Қарақалпақстан Республикасының Нөкіс қаласына қызметтік сапармен барып, академиялық ұтқырлық аясында студенттерге дәріс оқыған болатын. Сол сапарда қос тараптағы ЖОО-лар арасында әріптестік келісімшарт жасалды. Келешекте «Bolashaq» академиясы мен Қарақалпақстан мемлекеттік универсиеті арасында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы студенттерін алмастыру жоспарда бар. Демек, бауырлас қос елдің лингвистикалық бағыттағы әріптестік байланысы алдағы күнде де жалғаса бермек.

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,

«Bolashaq» академиясының доценті, ф.ғ.к.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button