Жаңалықтар

Білте шамнан күннің жарығына дейін…

(Бауыржан ЖАҚЫП. «Білте шамның жарығы» Көкшетау: «Надежда 2050» ЖШС, 2021ж.-280 бет)

Бауыржанның азаматтығына, ақындығына тәнті болып жүретін ағасы едім. Талай рет дәмдес, сапарлас болдық. Бір сөзбен айтқанда, Бауыржан бауырымды барлық қырынан танимын. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың нағыз өзі. Таяуда «Білте шамның жарығы» деген жыр кітабы қолыма тиді. Өзімде білте шамның жарығымен сауат ашып, Иманақтың Қызылағаш қыстағында ержеттім. Соғыс біткенде жеті жасар бала едім. Арқаның қысы да, түні де – тым ұзақ. Күн еңкейіп, екінді ауа малды жайғап, үйге кіреміз. Білте шамның жарығы үй-ішін ерекше нұрландырып тұрушы еді. Менімен тұстас замандас қаламгерлер шығармаларында білте шамның өлеусіреген жарығымен өстік деп жазып жатады. Білмеймін мен үшін сонау 30-40 жылдарда әрбір үйде болған білте шамның жарығы ерекше көрінуші еді. Мектептен сауат ашып, қаріп танитын халге жетісімен-ақ небір қисса, дастандарды, батырлар жырын сол білте шамның жарығымен оқып өстік. Әрине, ол кезде күні бойғы күйбең тірліктен қараңғы түсе ғана қол босайтын.

Суреттер автордан

Мен Бауыржан ақынның өлеңдерінен өзім көріп, бастан кешкен өмірдің шынайылығын сезіндім. Тым-тым алыс­тарда қалған бозбала кезіме сапар шектім. Өнердің құдіреті, өлеңнің құдіреті деген сірә осы болар…

«Ай туады, Күн қашады,
Алдымызда түн тосады.
Жанушы еді сонда біздің,
Қараша үйдің білте шамы…

Терезеден ұрланып Ай,
Күлімсіреп тұрған ұдай.
Білте шаммен біз оқыған
Ғашықтардың сырларын-ай,
Батырлардың жырларын-ай!»

«Ақындық ана сүті, әке қанымен, туған топырақпен бітеді» дейді білетіндер. Бауыр­жан Абай ақынның топырағында дүниеге келген. Топырағы киелі жерде дүниеге келген перзенттің текті азамат болуы заңдылық. Бауыржан ақынның жырлары өмірдің өзінен алынған. Боямасыз, байыпты жырлар ақынның көргені мен көңілге түйгенін шұрайлы тілмен өлең жолына айналдырған. Ақынның ішкі сезім толғанысы оқырманның жүрегіне от тастап, санасына сілкініс тудырады.

«… Сөз десе өртке түсемін,
Көсіп-ап өрттен ішемін.
Қыздырып алып көркімді,
Сөндірем сөйтіп дертімді…
Халқыма бердім сертімді,
Өлеңге бердім еркімді».

Кітапта кездесетін осындай шумақтар ақынның өмірлік ұстанымы мен ақындық қуатының қаншалықты биік һәм терең екенін аңғартып тұрғандай. «Әуелі сөз болған» дейді ғұламалар. «Сөз өнері дертпен тең», –  деп бекер айтылмаған. Ақын мен жазушыға сөз өнері қонады. Өз басым ақындық қасиет Тәңірден дарыған деп білемін. Ақын жырлары адамзаттың арман мұңы, аңсар мұраттарын баяндайды. Жәй баяндап қоймайды, содан терең ой түйіп, қараша халыққа тағылым, тәрбие болатындай, ойланатындай, бағыт-бағдар, тағылым алатындай тәпсірлейді. Сондықтан да, Бауыржан ақынның:

«Үнімді тыңда, далам, тыңда ғалам,
Санаңды сан ойменен шырмап алам.
Ұшырдым сезімімнен қанат байлап,
Кішкентай жүрегімді жыр бораған», – деп жырлауы әсте де тегін емес. 

Бірде осы Бауыржан інім Қарағандыға келді. Жақсы бір отырыс болды. Ақын інім буырқанып жыр оқыды. Жыр оқыған сайын бауырын жазған тұлпардай кеңінен көсілді. Маңдайы бусанып, ерекше шабыттың күйін кешті. Әлі күнге есімнен кетпей жүргені «Әжемнің ұршығы» атты топтама өлеңдері еді. Бұл жыр топтамасында баяндалған көріністер, ақын түйген ойлар тек Бауыржанның басында ғана емес  ауылда өскен барша қазақтың басынан өткен, сезінген жағдайлар еді… Өлеңнің өміршең болуы оның шынайылығымен өлшенсе керек. Ұрпақты ұлттық дәстүрге тәрбиелеу үшін ақыл айтудың қажеті жоқ. Оларға ата-баба дәстүрін әсерлі тілмен насихаттау, саналарына сәуле түсіру қажет. «Білте шамның жарығы» жыр кітабын оқыған сайын осыған көзім жетті. Адам бойындағы адалдық, ізгілік, мейірім сияқты қасиеттері  мен отанды сүю, туған жерді қадірлеу ұғымдары Бауыржанның жырларында тұнып тұр. 

«Айдан тамған алтын сәуле аптаған,
Күннен жеткен күміс сәуле баптаған.
Қазақ жері сенің ғажап исіңді,
Ғасырлардан ғасырларға сақтаған.
Найзағайдай отың сенің қарыған,
Ақ нөсердің мөлдірлігі дарыған.
Шалғай жүріп, туған жерді аңсасам,
Алдыменен жусан иісін сағынам…»

Осы бір шумақтардың өзінде қаншама сыр, толағайдай толғаныс жатыр. Бұл ақ қағазға түскен қаріптер емес,  ақын жан-дүниесінің аңсар-мұраты, ақзер әлемі. Елді, жерді сағынасың… Сағынып тұрып туған жердің қасиетіне табынасың. Кітапты оқыған сайын рухыңды дүр сілкіндіретін мұндай жыр жолдары ақынның әрбір өлеңінде атойлап тұрады.

Мен әдебиетші немесе ақын емеспін. Менің мамандығым физика әлеміне қатыс­ты. Сексеннің жетеуіне аяқ бастым. Менің және менен кейінгі алпысқа келіп қалған буынның басты бақыты біз кітап оқып өскен ұрпақтар болып саналамыз. Өлеңге, әңгімеге, тарихқа деген қызығушылығымыз сонау бала жастан қалыптасқан қасиет. Бәрі де сол білте шамның жарығынан басталып жатыр ғой. Білте шамның жарығымен өскен ұрпақтың жаман болғанын көрмедім. Соның бірі менің Бауыржан інім. Қазір Бауыржанның  ақындық қуаты әбден толысқан, кемеліне келген шағы. Естуімше, осы жыр жинағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Қазақ поэзиясына жасындай жарқылдап келген бозбала бүгінде байсал тартқан жігіт ағасына айналды. Кеңдік пен кемеңгерліктің көкжиегіне көтерілген Бауыржан ақын қандай марапатқа, қандай абыройға болсын әбден лайықты азамат. Кітаптағы «Мен жаққан от» атты өлеңі Бауыржан інімнің ақындық болмысының автопортреті іспетті!

«Мен жаққан от сөнбейтін сөз алауы,
Жанған сайын жан-дүнием тазарады,
Мен көрмеген жерлерде лаулап жанып,
Мен бармаған жерлерді кезе алады.

Мен жаққан от Абайдан ұшқын алған,
Әуезов боп әуелі құшты жалған,
Мағжан болып санаға сәуле шашып,
Одан сайын маздаған күшті жанған.

Мен жаққан от Сәкен боп серттей жанған,
Ілияс боп арғымақ ерттейді арман.
Жүсіпбек боп күймесі жалт-жұлт етіп,
Қасым болып қаулаған өртке айналған».

Бір ғажабы Бауыржан ақынның поэзиясында «жарық», «сәуле», «лаулап жанған», «шұғыла», «маздаған от», «нұрын төккен арай», «жарқырау», «шәйдай ашық», «ақ өлең», «әппақ әлем» сияқты сөздер мен тіркестер жиі ұшырасады екен. Бұл дегеніңіз ақынның жүрегінің, жан-дүниесінің тазалығын, мөлдірлігін көрсетсе керек. Білте шамның жарығынан қуат алған балапан үміт алып күннің жарығымен мейірленді. Зеңгір көкте еркін самғап, әппақ әлемнің ақ зер  шуағына бөленген жыр ақсұңқарына айналды. Әманда мәртебең биік болсын ақын інім!

Темірғали КӨКЕТАЙ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button