БілімЖаңалықтар

Білімді жасқа жол ашқан

Қазақстанның тәуелсіздік шежіресінде «Болашақ» бағдарламасының алар орны ерекше. Егемендік алған жылдардың елең-алаңында «Болашақ» бағдарламасы қолға алынды. 29 жыл ішінде қаншама жас мұхит асып, шетелде білім алды. «Болашақтың» әлі де болашағы зор. Бүгінде бағдарлама арқасында 11 мыңнан аса қазақстандық білім алды. Оның ішінде қарағандылықтар да бар.

Тарихтан тамыр тартсақ, еліміздің дарынды жастарына әлемнің ең үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы 5 қарашада қабылданды. 1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы аясында жыл сайын қазақстандық жастар шетелдің ең озық жоғары оқу орындарында білімін шыңдауға жіберіледі.

«Болашақ» бағдарламасы қолға алынғалы бері 11474 маман дайындалып, 8279 түлек еңбек өтілімі бойынша міндеттемесін орындаған. Бүгінде 1019 жас шетелде оқып жатыр. Олардың арасында қарағандылықтар да бар.

Мәселен, былтырғы дерек бойынша, Қарағанды облысында «Болашақтың» 58 түлегі өз саласында жұмыс істеп жатыр. Олардың 25-і мемлекеттік органдар мен оған қарасты мекемелерде, 29-ы жеке компанияларда, 3-еуі шетелдік компанияларда, ал 1-еуі қоғамдық ұйымда қызмет етуде.

Айта кету керек, Олимпиада чемпионы (London, 2012) және Әлем чемпионы (2005 және 2007) атанған қарағандылық боксшы Серік Сәпиев те «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол 2014 жылы Ұлыбританияның Брунель университетінде білім алған.

«Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан қарағандылық Рамиз Зұлхарнай 2018 жылы Англияның Бристоль университетіне оқуға түсіп, докторантурада білім алуда.

Рамиздің өзімен хабарласу мүмкіндігі болмаған соң, Қарқаралы ауданында тұратын анасымен тілдескен едік.

– Алақандай ауылдан шығып, әлемнің беделді университеттеріне оқуға түскендер аз. Рамиз – ауыл мектебінің түлегі. Қарқаралы ауданы Жарлы ауылындағы №9 жалпы білім беретін мектебінде білім алды. Кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бакалавриат және магистратура оқыды. 2018 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Англияның Бристоль университетіне физикалық химия мамандығы бойынша оқуға түсіп, докторантурада білім алып жатыр.

Химия саласы бойынша шетелге оқуға түсетін қазақстандықтар некен-саяқ. Ал, Рамиз сол санаулылардың бірі, – дейді анасы Алмагүл Ақжолтайқызы.

– Рамиз – тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Оқу бітірген соң, «Қазақстанға келіп жұмыс істеймін, еліміздің ғылым саласын дамытуға өз үлесімді қосамын» дейді. «Болашақ» бағдарламасы жастардың шетелде білім алуына, тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндікті пайдалану әр адамның өзінің қарым-қабілетіне байланысты. Мен өзім химиядан сабақ беремін. Балаларымды бұл пәннен өзім оқыттым. Рамиз «сіздің арқаңызда химияны жақсы меңгердім» дейді. Ана ретінде баламның, мұғалім ретінде шәкіртімнің жеткен жетістігі – мен үшін зор мәртебе, – деп ағынан жарылды ана.

«Болашақ» бағдарламасы осылайша қаншама жастың шырағын жақты. Қазақстандық жастарға берілген мүмкіндіктің арқасында «Болашақ» түлектері елге келіп қызмет атқаруда. Қазір Қазақстанға ең қажетті инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға баса көңіл бөлінуде. Бір білеріміз, тәуелсіз елдің болашағы – білімді жастар қолында.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button