Абай

Білім – табыс факторы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады.

Бұл бағдарламалық мақалада алты бағытқа басымдық берілген. Соның бірі – білім беру жүйесін жаңаша жетілдіру. Құндылықтар жүйесінде тек білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана зор табысқа жетеді. Жастар басымдық беретін межелердің қатарында білімнің үнемі бірінші орында тұруы шарт екені даусыз. Бұл – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтқан орамды ойы. Осыған орай Абай ауданында әсіресе, білім саласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалары сәтті жүзеге асырылып келеді. Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарының болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Сол себепті қазіргі таңда бәсекеге қабілетті жас тұлғаларды тәрбиелеу әрбір ұстаздың алға қойған мақсаттарының бірі болып табылады. Міне, аталмыш бағдарламаның аудандық мектептерде жанжақты орындалуы, бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырушылар ең үздік білім ұйымдарын анықтау үшін «Табысты мектеп – жасампаз мемлекет» атты байқау жариялады.

Байқауға аудандағы барлық мектептерден 850 мұғалім қатысты. Әрбір мектепте байқау күні өтті. Оқу орындарының әкімшіліктері қазылар алқасы назарына оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру жетістіктері, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында даму стратегиясын орындау бойынша жұмыстарды ұсынды. Қазылар алқасы ашық сабақтар, әр түрлі іс-шараларға қатысып, сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасайтын өз ісінің үздіктерін анықтады.

Аудандық байқаудың қорытындысы білім қызметкерлерінің тамыз жиналысы кезінде шығарылып, марапатталды. Аудан әкімі Бауыржан Асанов жеңімпаздарға қаржылай сертификаттарды табыстады. Байқаудың бас жүлдесін Абай қаласындағы №5 Абай Құнанбаев атындағы мектепгимназия жеңіп алды. Steam – зертхана сатып алу үшін 5 млн. теңге көлеміндегі сертификатты ұстаздарға салтанатты түрде табыстады. Ал бірінші орын Южный кентінің №9 мектеп-балабақша кешенінің ұстаздар ұжымына бұйырды. Табысты білім берудің жетістігі ретінде технология кабинетін сатып алу үшін 4 млн. теңге соммасында қаражат сертификатын иеленді. Абай қаласындағы №10 мектеп-гимназия және Топар кентіндегі Б.Момышұлы атындағы орта мектеп екінші орынды иеленіп, ІТ сыныбын алу үшін 3 млн. теңге көлемінде сертификатты жеңіп алды. Үшінші орынға тұрақтаған Абай қаласындағы №14 мектеп-лицейі мен №1 қосымша білім беру мектеп-орталығы. Бұл білім ошақтарына робототехника кабинеттерін сатып алу үшін 2 млн. теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді.

Қазақ елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button