Білім көшін жалғаған

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

       Ұғымы ұшар биікпен пара-пар білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтады.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» деп ұлы Абай айтқандай, әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздарының білім-біліктері біз үшін маңызды. Еліміздің ертеңі – болашақ ұрпақ бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды азамат етіп тәрбиелеуде ұстаздардың үлесі орасан зор. Елбасымыз «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ тағдыры ұстаздардың қолында» деген болатын  Білім көшін ілгері жылжытып келе жатқан қала ұстаздарына деген құрмет жыл сайын арта бермек. Мерекелеріңіз құтты болсын құрметті ұстаздар!, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, ол ұстаздарға арнаған лебізінде: «Қазіргі уақытта қарағандылық мектептерде 7 мыңнан астам мұғалімдер және тәрбиешілер жұмыс атқаруда. Жыл сайын қала мектептеріне 100-ден астам жас мамандар жұмысқа орналасады. Олар қоғам өмірінің ортасында жүріп жаңа оқыту бағдарламаларын меңгереді. Балалармен жұмыс жасау әдістерін ойлап тауып, әлемдік байрақты бәсекелерді ел мерейін үстем етеді», – деп атап өтті.
Салтанатты жиынға педагогикалық еңбек ардагерлері, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде зор жетістіктерге жеткен пән мұғалімдері, жас мамандар, сондай-ақ,  Қазыбек би және Октябрь аудандары кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Жиын барысында қала әкімі Нұрлан Ерікбайұлы және қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қала мұғалімдеріне және педагогикалық еңбек ардагерлеріне Алғыс хат, Құрмет грамоталары мен дипломдар табыс етті.
Сондай-ақ, жалпы ұстаздар атынан өз әріптестерін қала мектептерінде қызмет атқаратын жас мамандар құттықтады. №93 гимназияның биыл жұмысқа орналасқан жас мамандары: «Мұғалім еңбегі ең мейірімді, жасампаз және шығармашылықты талап етеді. Жас кезден бастап мұғалімдер бізді ғылым әлеміне жетелейді, адамзат әлеміне қадам басу арқылы жеке тұлға атануға қалыптастырады, шәкірттеріне тәжірибе мен жан жылуын береді. Біз үшін мұғалім – қоғамның қалыптасуына дәнекер тұлға», – деген жүрекжарды лебіздерін арнады.  
Ұстаздар қауымына арнап Қарағандыдағы №2 өнер мектебінің «Сарыарқа әуендері» фольклорлық ансамблі, №93 гимназияның бастауыш сынып оқушылары, №2 балалар музыка мектебінің және балалар мен жеткіншектер сарайының «Бозторғай» вокал студиясының солистері әсем сазды әуеннен шашу шашты.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.