Билеттер – кассада
Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің билеттері облыс орталықтарында сатылымға шығарылды. Бүгінде ел көлеміндегі ірі қалалардағы кассалар қызу жұмысқа кірісті.
Кассалар барлық облыс орталығында ашылды. Қарағандыдағы касса Орталық әмбебап дүкенде (ЦУМ) орналасқан. Сондай-ақ, билеттерді ресми билет сату сайтынан https://tickets.expo2017astana.com/ және «Меломан» дүкендер желісі мен «Қазпошта» бөлімшелерінен сатып алуға болады.
Өздеріңізге белгілі, «ЭКСПО» көрмесі кезінде ұлттық құндылықтарымызды әлемдік қауымдастыққа барынша таныстыру көзделіп отыр. Сәйкесінше, еліміздегі алдыңғы қатарлы өнер ұжымдары өнер көрсетуі жоспарланған. Қазіргі таңда аталмыш көрме шеңберінде «Отырар сазы» және Құрманғазы атындағы оркестр концерт беретіні белгілі болды.
Көрмеге келушілер назарына «Ұлы дала дауысы» фольклор орындаушыларының концерті арқылы Қазақстанның музыкалық дәстүрі ұсынылады.
Құрманғазы атындағы академиялық оркестрінің классикалық музыкаға құрылған концерті үш күнге созылады. 21, 22, 23 маусым күндеріне жоспарлануда.
Н.Тілендиев атындағы фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» ұжымы 6-9 қыркүйек аралығында концерт береді.
«Қазақстан камератасы» да көрме барысында эксклюзивті концерттік бағдарламаларын ұсынады.
Халық әртісі Гаухар Мұрзабекованың әлемге әйгілі классикалық музыка ансамблінің қойылымдары 21-23 маусымда көрме алаңында өтеді.
«Қазақстан камератасы» әнқұмарларды «The Beatles go Baroque» мен «Көшпенділер әуені» атты қос өзіндік бағдарламамен таныстырады.
«The Beatles go Baroque» бағдарламасына барокко композиторлары стилінде көркемделген әйгілі Beatles әндері. «Көшпенділер әуені» репертуарына түркітілдес композиторлардың ең үздік шығармалары кірді.
Биыл «Қазақстан камератасы» өзінің 20 жылдығын атап өтеді.
Жалпы, Халықаралық көрме аясында үш мыңнан аса мәдени-ойын-сауық іс-шаралар өтеді. Мұны бес миллионнан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде.
Тағы бір айтары, 20 наурыздан бастап көрмеге қатысушы бұқаралық ақпарат құралдарына арналған аккредитация ашық деп жарияланды.
Аккредитация іс-шараның өту барысынан ақпарат тарата отырып, кәсіби мақсаттарды жүзеге асыру үшін медиа-орталық пен арнайы аймақтарға кіруге мүмкіндік береді. Тіркелу үлігілері мен мәліметтері компанияның дербес сайтында көрсетілген. Аккредитация беру шаралары көрме аяқталғанша, яғни, 9 қыркүйекке дейін жалғасады.
Нұрқанат ҚАНАФИН