Спорт

Биігі аласармас Байдәулет баба

Өлі разы болмай, тірінің береке таппайтыны қашаннан қазақтың нанымында бар. Жақында XVII-XVIII ға­сырларда өмір сүрген, ұлы­лармен тең түсіп, киелі Түр­кістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген, Қаракесек, Түйте-Майқының Сарымынан тарайтын Тоқсанның шөбересі, Жиен­келдінің немересі Құдайбер­ліұлы Байдәулет бабаға арнап, ұрпақтары Ақтоғай ау­да­нының орталығында ас берді.

Сурет автордан

Екі күнге созылған дүбірлі тойда мәдени-көпшілік шаралар өт­ті. Баба рухына арнап құран ба­ғышталып, ұлттық спорт түрлерінен, оның ішінде қазақша күрестен палуандар сайысы өткізіліп, ат жарыс, көкпар, жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Ал­дымен Байдәулет бабаға, Талпақұлы Ахметжан бабаға және фәни жалғаннан бақилыққа аттанған ата-бабалар рухына арнап, Ақтоғай ауданының наиб имамы Ерлан Орынбайұлы құран оқып, соңынан бата жасады. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов құттықтау сөзін жеткізді.

– Көңілде көмескі тартқан кө­не заманнан көк түрікке дейін, көк түріктен бүгінгі Тәуелсіз көк байрақтың арасында қазақ халқының шарықтап шыңға шыққанын, құлдилап құзға кеткенін де көреміз. Тағдыры тайғақ кешіп, алқалы көл, ақтабан шұбырынды болған қазақ алмағайып замандарды, аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан кешіп, тауқымет шексе де, кең байтақ, ұлан-ғайыр Ұлы даланы ұрпағына аманат етті. Елдік жолында ерекше қызмет жасаған Байдәулет бабаның қазақ елі үшін орны бөлек, – деді Абылай Аманжолов.

Руханият өнегесі боларлықтай маңызды шараны өткізу туралы алғашқы бастаманы баба ұрпақтарының ойына салып, бағыт беріп, жол көрсетіп, жетекшілік жасаған Сәкітай Сыздықов Байдәулет баба туралы тарихи деректерге тоқталып, баяндама жасады.

Одан кейін сөз алған ғалымдар қасиетті Түркістаннан келген рес­публикалық Қаздауысты Қазыбек би қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедқали Әбдуовке Байдәулет баба ұрпақтары ат мінгізіп, шапан жапты.

Салтанатты шарада ақын, қазақтың «Сары тентегі» атанған Қуаныш Мақсұтов жүрекжарды лебізін білдіріп, жырдан шашу шашты. Бұл ақындарға да Байдәулет ұрпақтары құрмет көрсетті. Тойдың негізгі ұйымдастырушысы, Байдәулет бабаның кенжесі, Төле мырза ұрпағы, қарашаңырақ иесі Сәкітай Сыздықовқа арнайы «Асыл аға» әні орындалды. Оны шырқаған жиені, әнші Айгерім Жақыпбекова.

Ашылу салтанатының со­ңы­нан «Тоқырауын толқыны» ансам­блі Байдәулет баба тойына арнаған концерттік бағдарламасын қойды. Сонымен қатар, той қонақтары белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров, дәстүрлі және халық әндерін орындаушы Дінисламбек Жайлаубай ән шырқады.

«Биігі аласармас Байдәулет ба­­ба» тақырыбында ұйымдасты­рыл­ған жазба ақындардың мү­шәй­­расында Бағдат Мүбәрак I орынды, Қайрат Асқар II орынды, Қуаныш Аманқұлов пен Мақсат Күземхан III орынды еншіледі. Арнайы сыйлықты Қайрат Иманбеков, Жандос Түсенов қанжығасына байлады.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button