Білім

Бесобалық шәкірт – олимпиада жеңімпазы

14-18 қаңтар аралығында Астана қаласында ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада болып өтті. Осы республикалық бәйгеде Қарқаралы ауданы Бесоба ауылы №8 тірек мектебінің (ресурстық орталық) 11 сынып оқушысы Айдана Төлеген география пәні бойынша үздік шығып, бірінші орынды иеленді. Айдана бағалы сыйлықпен марапатталып, Семейдегі Шәкәрім университетінің білім грантына ие болды.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қаладағы оқу орындарынан бөлек ұйымдастырған мұндай білім сайысы тұңғыш рет өткізіліп отыр. 9-11 сынып шәкірттерінің білімі сынға түскен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 1088 үздік оқушы қатысты.

Айдана Төлеген – оқу озаты, «Дауыс» дебат клубының үздік спикері, аудандық пән олимпиадаларының, оқушылардың облыстық ғылыми-практикалық конференциясының жүлдегері.

Айдананың осындай жетістікке жетуіне әкесі әрі жетекшісі, Бесоба мектебіндегі география пәнінің мұғалімі Мақсат Рысбаевтың сіңірген еңбегі зор.

Ізденімпаз, зерек шәкірт Айдана келешекте ІТ саласының маманы болғысы келеді екен. Несі бар, қазірдің өзінде грант иегері атанған жеткіншектің айтулы маман, елеулі тұлға боларына күмән жоқ. Сүйінші хабарды ести сала жан-жақтан қуана хабарласып жатқан әлеуметпен бірге Айданаға және әке-ұстазы Мақсат Төлегенұлына құтты болсын айтып, жаңа жетістіктерге жетуіне тілек қосамыз.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button