Білім

Берері мол жоба

Қазіргі таңда білім беру жүйесінің өзекті міндеттерінің бірі – балаларды өмірге ерте бейімдеу, кәсіби бағдар беру, бәсекеге қабілетті, табысты әрі сенімді тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатта биыл Қарағанды қаласының білім бөлімі мектептерде «Өнегелі өмір» жобасын жүзеге асыруды бастады.

Жоба аясында аймағымыздың дамуына зор үлес қосып жүрген жерлестерімізбен кездесулер ұйымдастырылды. Мұнда болашақ ұрпаққа табысты тұлғаларды үлгі ете отырып ерте жастан мамандыққа баулу көзделді. Қарағанды облысында елімізге белгілі тұлғалар баршылық. Олар қоғамның барлық саласында қызмет етуде. Яғни, қазіргі заманның нағыз батырлары арамызда жүр.

Былтыр қыркүйекте басталған жобаға танымал ақындар, жазушылар, ғалымдар, ұстаздар, дәрігерлер мен кәсіпкерлер қатысты. Олар 7-11 сынып оқушыларымен кездесті.

Тағылымы мол, айтары бар жерлестерімізбен осы уақыт аралығында 350-ден астам кездесу өткізілді. Бұл жоба қашықтықтан оқыту жағдайында да өзінің өміршеңдігін көрсетті. Оқушыларымыз бен қонақтар онлайн желіде де сыр-сұхбат өрбітіп, мағыналы да әсерлі шаралар өткізді. Кездесулерден кейін қонақтарымыз өз қолтаңбаларын қалдырады.

Мемлекеттік сыйлық иегері Кеңес Жұмабеков, педагогикалық еңбек ардагері Сәбит Қонтаев, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, талантты суретші Кәріпбек Күйіков, белгілі тарихшы Темірғали Аршабеков, ұлағатты ұстаз Мағрифа Кәрібекова, Тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Жұпар Жақанова сынды басқа да түрлі сала майталмандары аталған кездесулердің қонақтары болды. Қашықтықтан оқыту жағдайында әлеуметтік желілер арқылы Бақытгүл Әбдікерова, Аманжол Әлтаев, Ерлан Төлеутай, Бекзат Алтынбеков, Ерлан Құсайын, Майра Төлеубекқызы, Айтбай Жұмағұлов, Жәлел Шалқар, Қасымхан Ғалым сынды азаматтар оқушыларымызға уақытын арнап, тәрбие мен тәлімге толы әңгімелерімен бөлісті. Балаларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде, мамандық таңдауға көмектесуге атсалысып отырған жерлестерімізге алғысымыз шексіз. Осы кездесулерге қатысып, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімізді қосамыз деген басқа да азаматтар болса, бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ жүк.

 

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button