Әбенов атындағы біріншілік
13-15 тамыз күндері облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында мемлекеттік қызметтің, заң, әділет, прокуратура, сот салаларының көрнекті қайраткері Балапан ӘБЕНОВТІ еске алуға арналған шағын футболдан облыстық ашық біріншілік өтті.
Ел дамуына ерекше үлес қосқан Балапан Әбеновтің есімі облыс тұрғындарына етене таныс болуы тиіс. Талай жауапты қызмет атқарып, адалдығымен, іскерлігімен, азаматтық биік ұстанымымен көзге түскен қайраткер көзі тірі болса биыл 58 жастың биігін бағындырып тұрар ма еді? Кім білсін?! Десе де, марқұмның жүріп өткен жарқын жолы, атқарып кеткен абыройлы ісі, салып кеткен соны сүрлеуі мен талайға үлгі боларлық дара даңғылы бүгінгі ұрпақ есінен өшпек емес. Оған – осы шара дәлел.
«Сен маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтамын» деуші еді дана қазақ. Игі бастамаға ат басын бұрған азаматтарға қарап, еске алып отырған есіл ердің кім екенін көпшілік анық байқағандай болды.
Сөйтіп, спорт кешеніндегі ашылу салтанатына қатысқан Арқаның маңдайалды азаматтарының қатарында ҚР Тұңғыш Президентінің серіктесі Қуаныш Омашев, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Камалтин Мұхаметжанов пен Марат Райымбеков, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, Балапан Зипатоллаұлының достары Зағыппар Шәкентаев, Жақсыгелді Кемалов, Жақсыбек Сәбитов, марқұмның жары Бота Әбенова және бауыры, кәсіпкер Ерлан Әбенов болды.
Доп додасында барлығы 16 топ бақ сынасып, үш күнге созылған бәсекеде үздіктер үкіленді. Шараның жабылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев пен «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова бұл бастаманың маңыздылығын тілге тиек етіп, жас ұрпақты спортқа баулудағы айшықтылығын алға тартты.
- Кейінгі үш күн аралығында біз небір тартысты ойындардың куәсі болдық. Әрине, мұның барлығы Балапан Әбеновтің есімін елге жеткізуге, еткен еңбегін есте сақтауға арналды десек, артық айтқанымыз емес. Балапан Әбеновтің жарқын бейнесі, ілтипатты ісі, әрі аға, әрі ақылшы болған ерекше қасиеті күні бүгінге дейін көз алдымызда.
Қадірлі спортшылар! Табандылықпен тер төгіп, жеңіске деген құлшыныс танытуларыңыз бұл бәсекенің маңыздылығын арттыра түсті деп білемін. Жеңісті күндеріңіз көп болсын, – деді Жандос Әбішев.
Сөйтіп, он алты команда арасынан оқ бойы озық шыққан Қарағанды қаласының спортшылары жүлделі І орынды қанжығаға байласа, Саран қаласының саңлақтары ІІ орынды еншілеп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, қола жүлдеге қол жеткізген Жезқазған қаласының ала доп шеберлері ІІІ орынға тұрақтап, жеңімпаздарға арнайы әзірленген кубок, медаль және ақшалай сый-сияпаттар табысталды.
Сондай-ақ, «Үздік шабуылшы» аталымын Бұқар жырау ауданынан ат шалдырған Әділет Дүйсенбі, «Үздік қорғаушы» аталымын Маңғыстау облысының спортшысы Берекет Басшиев және «Үздік қақпашы» аталымын жаңаарқалық Мағжан Асанов қажығалады. Бұл спортшыларға да кубок, медаль және ақшалай сый-сияпаттар ұсынылды. Ал, жалпы жүлде қоры – 3000000 теңгені құрады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»