Сәтбаев

Белсенділер қатары ұлғайды

Қарға тамырлы қазақтың өткеніне көз жүгіртсек, қашанда бір-біріне қарайласып, жетімі мен жесірін жылатпағанын, жалғызын жалтақтатпай, көрші-қолаңға көмек қолын созғанын көреміз. Осы игі үрдіс биылғы Еріктілер жылымен бірге қоғамға қайта оралды.

Таяуда кеншілер қаласындағы еріктілер қатары тағы да толықты. Осыған орай, қалалық жастар ресурстық орталығында өткен салтанатты жиында қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук еріктілер қатарына жаңадан қабылданған жастарды елдің ыстық ықыласына бөленетіндей берекелі іс атқаруға шақырды.

Алты Алашқа сауын айтып ас берсек те, туған жерді қорғап жауға қарсы шапсақ та абыз ақсақалдың батасын алуды әдетке айналдырған қазақпыз ғой, салтанатты сәтте Сабыр Омаров ақсақал өткен ғасырдың қойнауында қалған отты жылдардағы тылдың тыныс-тіршілігінен есті естелік айтып, жастарға ақ батасын берді. Қаланың бас еріктісі Татьяна Ивановнаның омырауына Еріктілер жылының төсбелгісін тақты. Ал, өз кезегінде қалалық мәслихат хатшысы қайырымдылық ісімен қала жұртшылығының құрметіне бөленіп жүрген бір топ азаматқа шынайы ерікті екенін айғақтап тұратын төсбелгі тапсырды.

Салтанатты жиын соңында қаланың зиялы қауымы, ақсақалдар, жастар мен қоғам белсенділері дөңгелек үстел басында кездесіп, еріктілер қозғалысын жандандырудың жай-жапсарын талқылады. Алда атқарылатын ауқымды істің бағыт-бағдарын айқындап алды.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button