Бас тақырып

Бекітілген бюджеттің бүйірі – тоқ

12 желтоқсан күні облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясы өтті. Депутат Марат МИРГАЯЗОВ төрағалық тізгінін ұстаған сессия жұмысына облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, аудандық және қалалық мәслихаттар хатшылары, облыстық деңгейдегі мекемекәсіпорын басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Сәрсенбіге сәйкес келген бұл күннен сәттілік күткенбіз. Орайлы да, олжалы жиын болды. Өзекті деген он шақты мәселе қаралып, ең бастысы – бүйірі тоқ бюджет бекітілді. Алдағы үш жылға бағдарланған облыс қазынасының негізгі шығыс бөлігі әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға бағытталған екен. Бұл жерде сөз жоқ, атқарушы билік пен өкілетті органның ауызбірлігі айқұлақтанып тұр. Сонымен…

«Келісіп пішкен тон келте болмас»

Иә, қазыналы өлкенің 2019-2021 жылдарға арналған қазынасы жан-жақты талқыланып, салмақты сарапталып жасалғаны көрініп тұр. Мәселен, бір ғана 2019 жылға арналған облыстық бюджет көлемі 220 млрд. 180 млн. теңге мөлшерінде жоспарланған. Осынша қаржының үштен-бір бөлігі әлеуметтік сала шығындарына бағытталып отыр. Ал, әлеуметтік сала дегеніміз – қарапайым халықтың өмір сүру деңгейі. Яғни, сапалы білім алып, денсаулық күтіміне жасалған жағдайды сезіну. Тарқата айтатын болсақ, білім беру саласына – 23 млрд. теңге, денсаулық сақтау саласына – 7,3 млрд. теңге қаржы жұмсалмақ. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңғыртуға қосымша 6,2 млрд. теңге бағытталған.

Бұл туралы облыстың қаржы басқармасы басшысының орынбасары Людмила Башарина мәлімдеді.

– Нақты сектор шығындары 2019 жылы 22,9 млрд. теңгені құрайды деген болжам бар. Оның 9,8 млрд. теңгесі – облыс жолдарын ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарына, 7,2 млрд. теңгесі – агроөнеркәсіп кешендерін дамытуға, 2,1 млрд. теңгесі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, сонымен қатар, 1,9 млрд. теңге – кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға жұмсалатын болады, – деді баяндамашы. Бюджеттің кіріс-шығыс теңгерімін егжей-тегжейлі баяндаған Людмила Башарина ханым Елбасы ұсынған «7-20- 25» тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды бастапқы төлемдерін субсидиялау үшін облыс бюджетінен 1 млрд. теңге қарастырылып отырғанын тілге тиек етті.

Бекітілген бюджеттің «бүйрегі бұрып» тұрған тағы бір сала – жастар саясаты. Бұл бағытқа 0,3 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұл – жылдағы мөлшерге қарағанда едәуір қомақты қаржы. Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты, жастар саясатын өз деңгейінде жүргізуге қосымша 85 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Оның 20 млн. теңгесі – ауыл жастарының халықаралық форумын ұйымдастыруға, 15 млн. теңгесі – Жастар жылы аясындағы шараларға, 5 млн. теңгесі – жас жазушылар форумын өткізуге, 30 млн. теңгесі – «Сандық технология – қоғам назарында» атты ІТ форум ұйымдастыруға, 15 млн. теңгесі – «Сарыарқа – адалдық алаңы» атты жастар арасындағы жемқорлыққа қарсы тәрбие шараларын ұйымдастыруға жұмсалатын болады.

Сондай-ақ, тілдерді дамыту шараларына – 0,1 млрд. теңге, конфессияаралық келісім шараларын қаржыландыруға – 0,2 млрд. теңге бағытталған.

Жалпы, тиянақты жоспарланған жобада облыстық бюджеттің өзіндік кірісін еселеу көзделген екен. Мәселен, 2019 жылғы кіріс көлемі өткен 2018 жылмен салыстырғанда 1,3 %-ға еселеніп, жалпы сомасы 59,2 млрд. теңгені құрайды деген болжам бар. Сәйкесінше, облыстық бюджеттің өз кірісі 2020 жылы – 59,9 млрд. теңгеге, 2021 жылы – 61,9 млрд. теңгеге дейін ұлғая түспек. Мұның барлығы салық түсімдері есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті Людмила Башарина.

Ал, бюджеттің шығыс бөлігінің дені:

 – Елбасы Жолдауларында қамтылған міндеттер мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға;

– жергілікті атқарушы биліктің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша міндеттіліктерін жүзеге асыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға;

– мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын төлеуге;

– аудан, қала бюджеттерінің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

 Баяндамашыдан кейін облыс әкімі Ерлан Жақанұлы сөз алып, талқыланып отырған маңызды мәселеге пікір қосты.

– Бүгін қабылданып отырған құжаттың маңыздылығы сонда, бюджеттің шығыс бөлігінің әр тиынында салмақ бар. Барлық қазына қаржысы елдің еңсесін көтеруге, Елбасы тапсырмаларын сапалы түрде жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мемлекет басшысының бір ғана «7-20-25» бағдарламасының халыққа тиімді әрі қолжетімді болуы үшін біз облыс бюджетінен 1 млрд. теңге қарастырып отырмыз. Бұл қаражат бағдарламаға қатысушыларды ынталандыруға және олардың қатарын арттыруға қызмет ететін болады. Егер, бұл сома аздық ететін болса, бюджетті нақтылау барысында Сіздермен келісе отырып, осы бағытқа бөлінген қаржы көлемін арттыратын боламыз, – деп сөз сабақтаған облыс әкімі Ерлан Қошанов бюджетті жоспарлау кезіндегі белсенділіктері үшін депутаттық корпусқа алғысын білдірді. Сонымен қатар, аймақ басшысы алдағы жылы облыс орталығында балалар мен жасөспірімдер сарайы мен 50 метрлік бассейн құрылысына 3 млрд. теңге қаржы бөлініп отырғандығын атап өтті.

Облыстық бюджеттің жобасы бір сәтте жоспарланып, қас-қағым сәтте қабылдана салатын қатардағы құнсыз құжат емес. Халық қалаулылары бір айдан астам уақыт таразыға тартып, шотқа салып, облыстық мәслихат жанындағы барлық тұрақты комиссиялардың талқысынан өтті. Әрине, кем-кетігі болар… Алайда, «келісіп пішкен тонның келтелігі» болмайтыны тағы бір дәлелденді.

Халің қалай, колледж?

 Сессияның күн тәртібіне шығарылған тағы бір маңызды мәселе – облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бүгінгі ахуалы. Бұл мәселе бойынша облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев баяндама жасады. Құрғақ есеп емес, ертеңгі күннің еңсерер міндеттері мен салаға салмақ болып тұрған өзекті проблемалар қамтылған мазмұнды баяндама.

Облыс аумағында 70 колледж (46 – мемлекеттік, 24 – жекеменшік) жас буынға орта және арнаулы білім беруде. 40 мыңнан астам жастарды қамтып отырған бұл оқу орындарының 56%-ы – техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарының, 15%-ы – сервистік, экономикалық және басқару мамандықтарының, 11%-ы – білім беру саласының, 10%-ы – гуманитарлық, 8%-ы – медицина саласының төменгі звеносын даярлайды. Колледждерді қаржыландыруға 2018 жылы облыстық бюджеттен 10,3 млрд. теңге бөлінген, 552 млн. теңге – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша. Дуальді білім беру формасы осы 70 колледждің 42-сінде енгізілген.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы жанжақты баяндаған басқарма басшысы:

– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап дуальді білім беретін барлық колледждерді жан басына қаржыландыру жүйесіне ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл ретте кәсіпорын базасында тәлімгерге бір студент үшін айына 6-дан 8 мың теңгеге дейін төлемақы беріледі. Қаржыландырудың бұл формасы жұмыс берушілердің ынтасын оятып, дуальді білім беру жүйесінің тиімділігін арттырады деп үміттенеміз. Біз қазір барлық ірі кәсіпорындар «Индустрия 4.0» технологиясын енгізуге бағыт алғанын түсінеміз. Сондықтан, біз заманауи құрылғылар мен озық технология тілін меңгерген мамандарды даярлауымыз қажет. Ол үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі оқыту процесін өндіріспен ұдайы ұштастырудың маңыздылығын ескеруге тиіспіз. Міне, жаңадан енгізілгелі отырған жан басына қаржыландыру үрдісі осы бағыттағы мақсаттарымызға серпін береді, – деді. Сондай-ақ, басқарма басшысы кейбір өндіріс орындарының колледждер үшін тек қана тәжірибе алаңы немесе болашақ жұмыс орны болып қана қоймай, өздеріне қажетті мамандар даярлайтын оқу орындарын қамқорлыққа алып отырғандығын тілге тиек етті. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Теміртау жоғары политехникалық колледжі мен Қаражал тау-кен колледжін қамқорлыққа алған болса, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі «Қазақстан өнеркәсіптік корпорациясы» ЖШС-не сенімді басқаруға берілген.

Сонымен қатар, «WorldSkills» халықаралық стандарттарына сай биылғы жылы колледждер базасында кәсіби машықты дамыту бойынша 8 біліктілік орталықтары құрылған. Қазір тағы 2 аймақаралық біліктілік орталықтарын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Колледж оқушыларын жайлы жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де өзектілігін жоя бастаған. Соңғы үш жылда бос ғимараттарды қалпына келтіру арқылы 585 орынды қамтитын жатақхана пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жатын орынмен қамтылмай отырған оқушылар саны – 400. Оның 300-і жыл соңына дейін жатақханамен қамтылатын болады. Яғни, Балқаш медициналық колледжінің 300 орындық жатақханасы осы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Келер жылы Қарқаралыда 100 орындық жатақхананың құрылысы басталмақ. Жоспарлы нысандардың құрылысы мерзімінде аяқталатын болса, колледж оқушыларының жатақхана мәселесі түбегейлі шешіледі.

Осы сала бойынша жатақханадан басқа қандай өзекті мәселе бар? Бұл сұраққа жауапты депутат, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Серғазы Әдекеновтің мәлімдемесі арқылы алдық. Облыстық мәслихат хатшысының өкімімен 2018 жылғы 10 қазанда «Қарағанды облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жағдайы мен дамуы» барысын сараптау жөнінде уақытша жұмыс тобы құрылып, облыстың 8 өңірін аралап, арнаулы оқу орындарының жай-күйімен танысып қайтқан екен. Комиссия тек мемлекеттік оқу орындарын ғана емес, жекеменшік колледждерді де қамтыған. Жұмыс тобының бақылау нәтижелерін мәлімдеген Серғазы Мыңжасарұлы облыс колледждерінің маман даярлау үрдісінде ілгерілеу бар екендігіне ерекше тоқталды. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы күннен-күнге нығайып келеді. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша заманауи білім беру, озық технология тілін меңгеру талаптары біршама жақсарған. Алайда, өзекті мәселелер де жоқ емес. Демек, билік назар аударатын түйткілдер:

– колледж оқытушыларының, өндірістік оқу шеберлерінің еңбекақысын қайта қарау;

– инженер-оқытушылар құрамын жас мамандармен толықтыру;

– шеберханалар мен зертханаларды озық үлгідегі қондырғылармен жабдықтау;

– мемлекеттік тапсырыс көлемін еңбек нарығындағы сұранысқа орай қайта қарау.

Бұл проблемалар тізбегіне болса-болмаса әлгі туысқаны мен танысының үйін жағалап жүрген 400 оқушының жатын орнын да қосып қойыңыз…

Аманат жүгі – ауыр жүк

 Қай деңгейдегі депутат болсын, олар – аманат арқалағандар. Ал, аманат жүгі қашан жеңіл болып еді? Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешовтің есебінен осыны аңғардық. Облыстық мәслихаттың 2018 жылы атқарған қызметі туралы хатшының есебі газетімізде жарияланған. Сайлаушылар өздері дауыс беріп, қалаулылар қатарына қосқан депутаттарының сенімнен саяқ, аманаттан алшақ кетпегенін сол есепте баяндалған жайттардың нақтылығы арқылы көз жеткізген болар. Біз де оқып шыққанбыз. Сессия барысында тағы тыңдадық.

Депутаттық корпус жергілікті атқарушы билікпен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп, Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың салтанаты артып, жемісі еселенуіне лайықты үлес қосты. Барлығы – көз алдымызда. Сайлаушылардың да қырағы назарынан тыс қалмаған.

Кемелденудің кепілі – атқарушы орган мен өкілетті органның өзара ықпалдастығы.

Биліктің осы екі тармағының қызметінде қарапайым халықтың тағдыры тұр. Еліміздің тұғырлы, Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы – осы екі тараптың іскерлігінде. Серік Балғатайұлының есебінен түйгеніміз – тарих қойнауына енгелі тұрған жылдың жемісті болуына әкімдік пен мәслихат жұмысындағы үндестік негіз болған. Елбасы Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламаларды, реформа мен уақыт талаптарын халыққа түсіндіруден бастап, оларды жүзеге асыру жолдарын нақтылауда әрбір депутаттың іскерлігі мен қайраткерлігі жатыр. Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын түсіндіру мақсатында облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен осы жылдың сәуір-мамыр айларында 100 кездесу өтіп, 2000-нан астам тұрғын қамтылған.

Өткен 11 айда облыстық мәслихаттың 6 сессиясы өтіп, 70 шешім қабылданған. Тұрақты комиссиялардың 34 отырысында 180 өзекті мәселе таразыға тартылды.

Жалпы, 2018 жылы облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен 270 кездесу ұйымдастырылып, 389 қабылдау өткізілді. Осы қабылдау кезінде 1196 сайлаушы өздерінің мұң-мұқтажын депутаттар назарына ұсыну мүмкіндігіне ие болды. Сайлаушылар аманаты негізінде облыстық мәслихат депутаттары әртүрлі мемлекеттік органдар мен мекемелерге 266 сауал жолдап, тұрғындар мен билік арасындағы үн қатысуларға дәнекер бола білді.

– Әрбір депутат өзінің сайлауалды бағдарламасы негізінде жұмыс жүргізіп, сайлаушылар сеніміне селкеу түсірмеуге тырысты. Біз өзіміздің өкілетті мерзім аяқталғанша жауапкершілік жүгін жан-тәнімізбен сезініп, әрбір сайлаушымыздың мүддесінен алшақтамауға тиіспіз. Солай болады деп сендіре аламын. Қызметіміздің бағасын сайлаушылар береді, – деді Серік Өтешов сөз түйінінде.

Иә, мәслихат – атқарушы биліктің атқосшысы емес, ақылдасы, билік пен халық арасындағы алтын көпір.

Қайраткерлерге – лайықты құрмет

Қарағанды облысының Құрметті азаматы. Осы бір мәртебелі марапат, абыройлы атақ биыл кімге бұйырар екен деген сауал көңіл түпкіріне қонақтап алғанын қалай жасырайық?! Ұлық мейрам – Тәуелсіздік күні қарсаңында иесін табатын марапат иелері де анықталды осы сессияда.

Бұл жолы үш ардагер осы абыройға лайық деп танылды. Олар – қажырлы қайраткер, ардақты ардагер Мұзараф Аханов пен Қасымбек Медиев және өндіріс майталманы Григорий Презент. Депутаттар назарына облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ұсынған ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Үшеуі де – лайықты тұлғалар!

Мәслихат сессиясының мерейлі сәті мұнымен түгесілген жоқ. Сессия жұмысына мейман ретінде қатысқан республикалық «Біздің депутат» газетінің бас редакторы Элмира Сегізбаева «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қадиша Оспанованың республика бойынша «Үздік депутат» атанғаны туралы ақжолтай хабарды сүйіншілей жеткізді.

– Біз үздіктерді әр деңгейдегі депутаттардың қоғам алдындағы ашықтығы мен белсенділігі бойынша іріктедік. Жалпы, республика бойынша 600-ге жуық үміткердің жұмыс нәтижесі сарапталды. Осынша әріптестерінен оқ бойы озық шыққан Қадиша Базарбайқызы «Үздік депутат-2018» аталымы бойынша жеңімпаз атанды, – деген Элмира Сегізбаева мерейлі депутатқа «Үздік депутат» медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

***

Сессия барысында қоршаған ортаны қорғаудың мақсатты көрсеткіштері, жербеті және жерасты суларын пайдалану ережелерін бекіту, облыстық әкімият құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралып, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button