Беймәлім соғыстың белгісіз сарбаздары
Кеңес əскері Ауған шекарасына еріксіз еніп, он жылдан кейін ғана шығарылды. «Жұмбақ соғыс» Кеңес Одағына абырой да, даңқ та әкелмеді. Керісінше, он жыл ішінде майдандағы жауынгерлер ғана зардабын көрді. Қаза тапқандардың санында есеп жоқ. Хабар-ошарсыз кеткендердің де қарасы қалың. Деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша 19 адам іс-түссіз жоғалып кеткен. Бірақ, 2013 жылы бұл тізім екі адамға қысқарған. Қалғанынан әлі күнге дейін хабар жоқ.

Іс-түссіз кеткендердің қатарында үш қарағандылық бар. Біреуі теміртаулық Виктор Грязнов болса, екіншісі Абай ауданынан Мунахмат Шаяхметов. Ал, үшіншісі жезқазғандық (Қазіргі Ұлытау облысы) Юсуф Абдрашитов. Оларды іздеп, қаза тапқан болса, сүйегін елге жеткізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстағы «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Талғат Хасенов осы жұмыстың басы-қасында жүр.
– Айдың басында елордаға барып, Ауған соғысы ардагерлерінің бірыңғай республикалық ұйымының мүшелерімен кездестік. Кездесуде Ауған соғысында қайтыс болған, жоғалған азаматтардың мәселесі көтерілді. Былтырдан бері екі мәрте Ауғанстан елшілігіне барып, елшімен кездестім. Барлық қаза тапқан жандардың тізімін беріп, іздестіру жұмыстарына күш салды.
Сонымен қатар, елордаға барғанымызда бизнесмендермен де кездесіп, келіссөз жүргіздік. Олар қыркүйек айына дейін Ауған жеріне барып, әрқайсысы бір келіден топырақ алып келетін болды. Адам аяғы баспаған жерден топырақ алып, қаза тапқандардың және хабарсыз кеткендердің рухына құран бағыштайды. Қыркүйек айында Қарағандыдағы Жеңіс саябағында Ауған соғысында қаза тапқандардың және іс-түссіз кеткендердің құрметіне арнайы «Естелік жер» ашылмақ. Ауған жерінен әкелінген топырақ осы жерге қойылады. Бизнесмендеріміз келісіп, барынша көмектесуге уәде берді. Жоғалған сарбаздарды таба алмай келе жатқанымызға да 30 жылдан асты. Бұл шара жолымызды ашу мақсатында қолға алынып отыр, – деді Талғат Болатұлы.
Сонымен қатар, биыл желтоқсанда ардагерлер қоғамының құрылғанына 10 жыл толмақ. Осы мақсатта да біршама игі бастамалар жоспарланған.
– Қарағандыдағы №81 мектепке Ауған соғысының ардагері Амангелді Қалмағанбетовтің есімін беру мәселесі күн тәртібінде тұр. Амангелді Қалмағанбетов – 1979 жылы 28 желтоқсанда қаза тапқан бірінші қазақ. Әрі бірінші қарағандылық. Тиісті мекемелерге хат жолданды. Сонымен қатар Ауған соғысында аты аңызға айналған «Қара майор» Борис Керімбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесі қаралуда. Ол бойынша да жұмыстар атқарылуда, – деді Талғат Хасенов.
Осылайша, Ауған соғысы ардагерлерінің есімі мен ерлігі ардақталады. Өскелең ұрпақ оларды білуі тиіс.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»