Бейбітшілік пен келісім – болашақтың негізі

Біздің елімізде қоғам дамуының маңызды шарты болып отырған бейбітшілік, келісім және өзара түсіністік ахуалы қалыптасқан. Сондықтан, облыстық дін істері басқармасы деструктивті діни ілімдердің кез келген ықпал ету мен насихаттау әрекеттеріне қарсы тұру жұмысын кеңейтуге және жетілдіруге ұмтылуда. Көпшіліктің санасында радикализм идеяларына қарсы берік иммунитетті калыптастыру, сонымен қатар өңiр тұрғындарының коғамдағы толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайту жөніндегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсініп, қолдауы үшін біз тұрғындармен жүйелі жұмыстар жүргіздік.

Қазіргі уақытта облыста негізгі дәстүрлі діндерден және дәстүрлі емес діндерден тұратын 318 діни ұйым мен бірлестік қызмет етеді. Біз алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін барлық конфессиялармен және әртүрлі азаматтық қоғамдық институттармен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз.

Өткен жылғы әлеуметтік зерттеулерге сәйкес облыс тұрғындарының 97%-ы өңірдегі ахуалды қолайлы деп санады. Тұрғындармен, конфессиялар өкілдерімен, әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдармен «тікелей» жұмыс жүргізу тиімділігін әрі қажеттілігін өткен жылғы жұмыс тәжірибесі дәлелдеді. Тұрғындардың түрлі санаттарының арасында дін саласындағы заңнаманы, деструктивті діни ағымдар идеялары таралуының алдын алу және олардың ықпал етуінің тәсілдерін, ең бастысы, оларға қалай қарсы тұруды түсіндіру жөніндегі ақпараттықтүсіндіру жұмыстарын жетілдіруге көп көңіл бөлінуде.

2020 жылғы карантиндік шектеулерге байланысты іс-шаралар онлайн форматта өткізілді. Өткен жылы топ мүшелері 127 мың адамды камтыған 1 657 ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізді. Оған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мамандары, республикалық дәрежедегі теологтар, дінтанушылар, психолог мамандары мен сарапшылар жұмылдырылды.

Жастар арасындағы жұмысқа да ерекше назар аударылады. Мәселен, студент жастар арасында жыл сайынғы «No extremism! No terrorism!” кең ауқымды акциясы, «Зайырлық – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың іргетасы» дебаттық турнирі өткізілді. Діни сенімдегі студенттер үшін «Жусан» опeрациясының аясында қайтып оралған әйелдермен кездесулер ұйымдастырылды.

Біздің облыс дін саласындағы заңнаманы бұзған сотталғандармен жұмыс жүргізуді республикада алғашқылардың бірі болып бастап, оны жүйелі түрде жалғастыруда. Осы бағыттағы жеке жұмысты іске асыру үшін дін қызметшілері өкілдері мен теологтардан арнайы топтар құрылды. Олардың мақсаты – сотталғандарға дін саласындағы мемлекеттік саясаттын негізгі мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру, олардың деструктивті діни ілімдердің идеяларын таңдағаны заңнаманы бұзуға себеп болғанына көздерін жеткізу. Жүргізілетін жеке жұмыс діни көзқарастарының дұрыс еместігін түсінуге, дәстүрлі діни ілімдердің ұстанымы жолына түсуіне көмектеседі. Түзету мекемелерінде жазасын өтеушілермен жеке жұмыс жүргізілуде.

Біз АТТ мүшелерінің, ҚАЖД кызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмысты да жүзеге асырамыз. Ол үшін республикалық маңызы бар сарапшылардың қатысуымен жыл бойы оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Мұндай семинарлар жалпы діни білімді арттырумен қатар, тұрғындардың әртүрлі санаттары, әсіресе деструктивті діни ілімдерді жақтайтындардың әсеріне түсу қаупі жоғары адамдар арасындағы жұмысты жетілдіруге өз ықпалын тигізуде.

Бүгінгі күнде короновирус инфекциясының таралуына байланысты профилактикалық жұмыстың басым бөлігін онлайн форматта өткізу өзекті болып отыр.

Карантин кезеңінде көптеген адамдар, әсіресе жастар интернет, әлеуметтік желіні, мессенджерлерді негізгі ақпарат көзі мен қарым-қатынас тәсілі ретінде қолдануда. Осы сәтті пайдалана отырып, деструктивті және радикалды діни ағымдардың жақтаушылары интернетте белсенділік танытуда.

Қазіргі уақытта діни ағымдарды жақтайтындар өздерінің қоғамды бұратын идеяларын насихаттау үшін интернетті, әлеуметтік желілерді, WhatsApp мобильді мессенджерін белсенді қолданады. Ондағы материалдар көбінесе жастарға бағытталған. Осыны еске ре отырып, біз әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, талдау жасаймыз, Facebook, «ВКонтакте», Instagram әлеуметтік желілеріндегі карсы насихат жұмысын жетілдіреміз. Онлайн режимінде тұрғындармен кері байланыс орнату үшін арнайы WhatsApp желісі де жұмыс жасайды.

Өткен жылы дін және дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру тақырыбында 2 537 материал БАҚ және интернет кеңістігінде орналастырылды.

Әр тоқсанда «Дін және заман» ақпараттық-ағарту журналы жарыққа шығады. Онда ғалымдардың, белгілі теологтардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен дәстүрлі дін өкілдерінің мемлекеттік-конфессиялық саясат мәселелері бойынша материалдары жарияланады. Журнал барлық оқырмандарға арналған.

Басқарма дін саласында мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жұмыс жүргізеді: миссионерлік қызмет жүргізетін тұлғаларды тіркеу, діни іс-шараларды өткізуге арналған орындарды ғибадат үйлерінен тыс жерде орналастыруға келісімін беру, орналасқан жерін анықтау тағы басқасы.

2020 жылы облыстың діни өмірінің түрлі мәселелері, конфессиялардың жұмысында кездесетін, оның ішінде материалдық және кадрлық проблемалар бойынша конфессиялар басшыларымен ондаған кездесулер өткізілді. Бұл қарым-қатынаста олардың дін саласындағы заңнаманы сақтауы, зайырлы мемлекет жағдайындағы қызметті жүзеге асыруы, тек қана конфессиялар арасындағы ғана емес, сонымен бірге жалпы облыс тұрғындарының арасындағы өзара төзімділік пен сыйластықтың нығаюы басты мәселе.

Өткен жылы облыста діни және этномәдени бірлестік басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – бұл Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауының басты аспектілері талқыланды.

Конфессиялармен өзара тығыз қарымқатынас жасау жолында қайырымдылық акциялары, бірлескен қоғамдық іс-шаралар жиі өтеді. Осыған орай, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында облыс мешіттері әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 1000 баланы қажетті тауарлармен қамтамасыз етті; православие шіркеуі көпбалалы 10 отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті; рим-католиктік епархиясы 200-ден астам баланы оқу жылына дайындап, оларды мектепке кажетті құралдармен қамтамасыз етті.

Жыл сайын қазан айында облыс бойынша «Рухани келісім» күніне арналған іс-шаралар өткізіледі. Бұл облыстық кітапханалар мен аймақтық мұражайда тақырыптық кітап көрмелері, «Дарын» мамандандырылған мектеп оқушылары арасында «Менің елім – бейбітшілік пен келісім елі» атты эссе байқауы, Қарағанды техникалық университетінің студенттері арасында «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойыны өткізіледі. Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханасында конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының департамент басшысы Д.Есеннің қатысуымен этномәдени және діни бірлестіктердің кездесуі өтті.

Сондай-ақ, діни жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер діни бірлестіктердің тарихымен және қызметімен таныса отырып, тарихи кітаптарды көру мүмкіндігін алды. Үкіметтік емес сектормен ынтымақтасу діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және оның алдын алу жұмыстарын жетілдіруге және кеңейтуге, жұмысқа білікті мамандарды тартуға мүмкіндік берді. Діни радикалдардың ықпалына тап болған адамдарды оңалту кезінде мұндай байланыстың қажеттілігі дәлелденіп отыр.

Басқармаға жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда облыс әкімдігі жанындағы консультативтік орган – Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің жұмысы маңызды рөл атқарады.

Биылғы жылы да діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, діни конфессиялардың ынтымақтасуын нығайту, халықтың радикалды діни идеологияға иммунитетін қалыптастыру – басты міндет.

Тұғырлы Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толады. Алдымызда тұрған мақсаттарға жету үшін жаңаша ойлау, жалпыға ортақ ынтымақтастық және өзара қолдау өте қажет. Бірлігіміздің арқасында барлық сын-қатерді еңсеріп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Дулат ХАЛЕЛ,

Қарағанды облысының дін істері басқармасының басшысы.