Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылдық округіне қарасты Бегазы ауылы аумағында орналасқан қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі Бегазы қорымы археологиялық кешенінің қоршаулары ауыстырылып, көрнекіліктері жаңартылды. Атқарылған жұмыстарға Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау білдірді. Көне тарих куәгері ауқымды алаңқайды алып жатқан ескі қорымды, ауданның бай тарихи жерлерін халықаралық туризмнің базасына айналдыру көзделіп отыр. Бұл туралы Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов мәлімдеді.
– Болашақ ұрпақ алдындағы келелі мақсат, арлы міндет болып саналатын тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап, келер толқын ұрпаққа жеткізу – тек қана археолог ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар, елімізде өмір сүретін барлық санаттағы азаматтардың асыл парызы. Бүгінде қоршалып жатқан Бегазы зираты айрықша орынға ие. Әлкей Марғұланның ашқан жаңалықтарының бірі – Бегазы қорымы алғашқыда тек қана тас кесенелерден тұратын ескерткіш ретінде қабылданады. Қазақстанда белсенді түрде атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде күллі Еуразия аумағының көне тарих беттері жаңа жаңалықтармен толықтырылып, әлемге қола дәуірінде Орталық Қазақстан жерінде өркендеп, көршілес аумақтарға ықпал етіп, кеңінен тараған атақты Бегазы-Дәндібай мәдениеті жарыққа шығарылды. Киелі жерімізді сақтауға бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұл аталмыш жұмыс мемлекеттік тарихи, мәдени қорық құрудың алғышарты болып табылады, – деді Абылай Аманжолов.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы
Сурет автордан